«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІМНІҢ БИІГІНЕ ҚАНАТ ҚАҒЫП…

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақта “Не ексең, соны орасың” деген сөз бар. Біз сіздерді болашақ үшін “ектік”. “Болашақ” түлектері Қазақстанның ең қиын заманында капиталына құйған үлкен инвестициясы болып табылады” деген сөзінен оның жастарға зор сенім артатынын аңғаруға болады. Жастарды жарқын болашаққа жетелеген Мемлекет басшысы “Болашақ” бағдарламасын жүзеге асырды. Бүгінде жыл сайын жүздеген жас адамдар әлемнің алдыңғы қатардағы оқу орындарында білім алып, елімізге оралып, өмірдің сан саласында табысты қызмет етуде. Бойындағы ғылым, білімге деген құштарлық пен талпыныстың нәтижесінде құрлық аттап, құрығы жеткен жерінде білім алып жатқан қаршадай қыз Гүлзада Әленова да бар. Бүгінде Нью-Йорктегі Колумбия университетінде оқитын өренмен әлеуметтік желі арқылы сұхбаттасудың сәті түсті.

– Гүлзада, алдымен өзіңіз жайында айтып өтсеңіз.

– Мен 1991 жылы Айыртау ауданына қарасты Бірлестік ауылында өмірге келдім. Анам – ағылшын тілі, әкем – алғашқы әскери дайындық пәндерінің мұғалімдері. Кішкентайымнан-ақ әжемнің мейіріміне қанығып, өнегесін бойыма сіңіріп өстім. Аталмыш ауылдың орта мектебін “Алтын белгімен” бітіріп, Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің экономика факультетін экономика мамандығы бойынша қызыл дипломмен аяқтадым. “Болашақ” бағдарламасымен шетелде оқу студенттік дәуреннің бел ортасында жүргенде арманыма айналды. 2013 жылы желтоқсан айында “Болашақ” стипендиясының иегері атандым. Өткен жылдың мамыр айынан бастап Колумбия университетінде ағылшын тілі курсын өтіп жүрмін. Аталмыш жоғары оқу орны АҚШ-тың үздік университеттерінің қатарында, әлемнің алдыңғы 50 жоғары оқу орнына кіреді. Тіл курсын аяқтаған соң мамандығым бойынша магистр дәрежесін алуды жоспарлап отырмын.

– Алтын ұяны “Алтын белгімен” тамамдап, ұлағатты ұстаздардың сенімін ақтап жүрген білімді түлектер өңірімізде, әсіресе, ауылды жердегі мектептерде саусақпен санарлық. Бұл жетістігіңізге кімдер сеп болды?

– Әрине, “Балам оқысын, тоқысын” деп бар мүмкіндікті жасап, түймедей қуанышымызға масаттанып, маңдайымыздан сүйген ата-анамның арқасында кезінде қол жетпес арман болып көрінген Америкада білім алудамын. Екіншіден, әріп таныған сәттен бастап, толыққанды адам болып қалыптасқанға дейін оқу-біліммен қатар, тәлім-тәрбиенің біраз бөлігін мектепте алдық. Талмай үйретіп, болашаққа біліммен жол салып берген Әнуарбек, Баршын Сейітова, Еркін, Төлеухандай ұстаздарыма алғысым шексіз.

– Колумбия университетіндегі студенттерге жасалған жағдайды тарқатып айтсаңыз?

– Алғаш Нью-Йоркке табаным тигендегі алған әсерімді тілмен айтып жеткізе алмаймын. Көк тіреген ғимараттар, көркем безендірілген көшелер – бәрі менің қиялыма қанат бітіріп, талабымды шыңдады. Колумбия университетін қаланың ішіндегі қалашық деуге болады. Ондағы студенттік жатақханалар, оқу ғимараттары, ғылыми-зерттеу орталықтары, асүйлер, бәрі бір-бірімен үйлесім тауып, жайлы орналастырылған. Өзім білім алған Еуразия Ұлттық университетінің кітапханасына, оның көлеміне таң-тамаша болатын мен Колумбияның кітапханалар жүйесін аралап, түс көргендей күй кешкенім рас алғашында. Жиырма төрт сағат бойы үзіліссіз жұмыс істейтін кітапхана залы студенттерге толы. Олар арнайы маманның көмегіне жүгінбей-ақ қалаған кітабына электронды экран арқылы тапсырыс беріп, қай сөреде тұрғандығын анықтай алады. Оқудан тыс олар волонтерлік қызметпен айналысқанды ұнатады. Бұл ретте қазақстандық студенттермен ұқсастықты байқауға болады. Себебі, біздің елімізде де студенттер қоғамдық іс-шараларға белсенді араласады.

Америкалық жастардың қазақстандық өрендерден айырмашылығы – олар күнделікті дәрістерден жалтару, емтиханды басқа біреулердің есебінен тапсыру сынды бізде әдетке айналған кесел көріністерді мүлде жат құбылыс деп қабылдайды.

– Өзіңіз білім алып жатқан оқу орнында қазақтың ұл-қыздары да оқитын болар? Байланыстарыңыз қандай?

– Колумбия университетінде 20-дан аса қазақстандық студент оқиды. Көбі – “Болашақ” бағдарламасымен оқуға түскендер. Олардың басын қосып, бір арнаға біріктіретін “Қазақстан студенттер қауымдастығы” ұйымы жұмыс істейді. Өз елімізден жырақтағы мемлекетте бір төбе болып жүрген жиырмамыз апта сайын бас қосып, ой-пікірлерімізді ортаға салып, ең бастысы – ана тілімізде еркін әңгіме-дүкен құрып, мауқымызды басып аламыз.

– Туған жеріңізді сағынғанда қандай сезімде боласыз?

– Ұшса, құстың қанаты талатын ғажап Қазақстанымды сағынғанда сөздерінен маржан саулаған қазақ ақындарының жырларын, әсіресе, Абай Құнанбаевтың өлеңдерін оқимын. Қазақ әндерін тыңдаймын. Қазақстаннан өнерпаздар келіп, концерттер береді. Мұндай жаңалықты естігенде төбеміз көкке жеткендей қуанып, қарбалас жұмысымыз болса да, қалдырмауға тырысамыз. Осыдан бірнеше ай бұрын Алматы симфониялық оркестрінің концертіне қатысып, отандастарымызбен құдды ата-анамызды көргендей шүйіркелескеніміз бар.

Сұхбаттасқан

Нұргүл ОҚАШЕВА,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp