Міне, тағы да жаңа оқу жылы басталды. Жазғы демалыстарын жадыраңқы күйде өткізген оқушылар қауымы алтын ұялары – мектебімен қауышуда. Әр адамға алтыннан да бағалы саналатын мектептің қасиетті табалдырығын аттағаным кеше ғана еді.
Өзіне тартып тұрған сиқыры мен жұмбағы мол осы қасиетті қарашаңырақтың есігінен имене кіріп, қуанышым тасып ашқаным әлі күнге есімде. Жүздерінен шуақ шашыраған ұстаз-аналар, қабырғалардағы көз тартар суреттер, әсем безендіріліп, жабдықталған кабинеттер, ең бастысы, ұлағатты ұстаздардың дәрісі менің арманымның орындалуына жол ашты. Бүгінде еңселі елордадағы беделді оқу орындарының бірі – Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті атандым.
“Туған жер, еш нәрсе жоқ сенен артық
Себебі сенде туып, сенен ұштық (Сәбит Мұқанов) демекші, кешегі бал дәуренімнің, балалық шағымның қас қағымда өте шығып, есейіп қалғанымды енді сезіндім. Білімнің негізі бастауышта екені баршамызға аян. Әліппені алғаш үйреткен ұстазым Алма Әбдірашитқызының еңбегі еселеніп, зор құрметке бөленуде. Ол – сан мәрте аудан, облыс басшыларының Құрмет грамоталарымен марапатталған, жоғары санатты ұстаздардың бірі. Халқымыздың төл әдебиетіне баулып, алға жетелеген, қадамымды құптап, талантымды танып, шабытымды жандыра білген ұстазым, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Гүлсім Сәдуақасоваға деген құрметім өте ерекше. Әр сабағын қызықты өткізе білген ұстазымның арқасында ана тілімді ардақ тұтып, білім мен өнер сайыстарында бірнеше мәрте жетістіктерге жеттім. Екі рет Өскемен қаласындағы Қанипа Бітібаева атындағы білім ордасында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен өткен халықаралық олимпиадада екінші, үшінші орындарды иелендім. Әлемнің Қытай, Корея, Моңғолия, Ресей сынды мемлекеттері және еліміздің Астана, Алматы сынды алып қалаларының таңдаулылары қатысқан, мүйізі қарағайдай мықтылармен иін тіресе отыра, орталарынан ойып әкеткен жеңісім, әрине, білікті ұстаздарымның еңбегінің жемісі деп білемін. Биылғы жыл менің бағымды балқытып, шабытымды шалқытқан жыл десем, артық айтқандығым емес. Ана тіліміздегі өткен аудандық, облыстық олимпиадаларда бірінші, тағы да Өскемен қаласында өткен республикалық олимпиадада үшінші орынды еншілеп, білім грантына ие болдым. Бірнеше рет аймақтық, республикалық ақындар айтысына қатысып, биік шыңдардан көріне білдім. Жетістіктерім еленіп, маусым айында Мамлютка қаласында өткен мектеп бітірушілер кешіне Бостандық орта мектебінен Жансая Шахманова (“Алтын белгі” иегері), Перизат Мұрсәлімова, Балдырған Қалиоллаева және мен арнайы шақырту қағазын алдық. Есте қалатын қуанышым – осы кеште аудан әкімі Ерболат Бекшеновтің өз қолынан алғаш рет беріліп тұрған “Жыл оқушысы” атағы маған бұйырды. Шалқыған көңілмен барған біздер кеш соңында әртүрлі бейнеде аспанға атылған түнгі отшашуды тамашаладық.
Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуде Бостандық орта мектебі еншілеген орта ұпай саны 105,75 пайызға жетіп, облыстағы орта білім беретін мектептер арасында – тұңғыш рет, ал аудан көлемінде 12-ші рет алдыңғы орыннан көрінуіміз сол аяулы ұстаздардың тынымсыз еңбектерінің жемісі деп білемін.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2008 жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: “Бәрі де мектептен басталады. Біз мұғалім мамандығының беделі мен абыройын қайтаруға міндеттіміз”, – деген болатын. Елбасы айтқан ой бүгінде орындалып келеді. Білікті ұстаздар, білімді жастар көбеюде. Мұғалімдерден алған білімімді алдымнан айқара ашылған ұлы өмірдің, елімнің игілігінің жолында пайдаланып, алақандай ауылым мен алып Қазақстанның абыройын аспандатуға жұмсауды көздеймін.
Санжар ТАСТАМБЕКОВ,
Лев Гумилев атындағы Еуразия
Ұлттық университетінің I курс студенті.
Астана қаласы.
