«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІМНІҢ КІЛТІН ҰСТАТҚАН

Тәуелсіз еліміздің болашағы – өскелең ұрпақты бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуде мұғалімнің орны ерекше. Өйткені адам бойындағы ең асыл қасиеттерді жас ұрпақтың санасына дарытатын ұстаздың еңбегі ерен. Бала тәрбиесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгіге ізетін аямайтын, ұрпағына ұлылық ұялата білген, өзінің саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған, ұлағатты, білімді, еңбекқор ұстаздың бірі – Күлсара Ықласқызы Хамзина.

Күлсара Ықласқызы   1985 жылы  Петропавл педагогикалық институтын математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тамамдап,  алғашқы еңбек жолын жолдамамен туған ауылы – бұрынғы Сергеев ауданындағы Жалтырда математика пәнінің мұғалімі болып бастады. Өзі білімнің бастауын алған мектеп мұғалімдерімен бір жыл жұмыс бірге атқарған соң, 1986 жылы директордың оқу және тәрбие ісі бойынша орынбасары болып тағайындалды. Ұжымдағы жұмысты жақсы атқара білген жас маманды 1990 жылы аталмыш мектептің директоры лауазымына тағайындады. 1991 жылы желтоқсан айынан бастап Тимирязев ауданындағы Жарқын орта мектебіне директордың оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары болып сұраныс арқылы ауыстырылды. 

Аталмыш мектепте 1991 жылдан бастап үздіксіз қызмет атқарып келеді. Ол мектептегі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Ұжым ортасында беделді, адамгершілігі мол, мінезі ашық, жас мамандардан  көмегін аямайды.

Білімді де тәжірибелі ұстаздың  шәкірттері республиканың түпкір-түпкірінде әртүрлі салада қызмет етіп жүргенін  мақтаныш етеді. Оның бұл қажырлы  еңбегі еленіп, аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі марапаттар – Алғыс хат, Құрмет грамоталары, мерейтойлық медальдармен мадақталды. 

«Дүниеде көп адамды бақытқа кеңелткен адам бақытты» деген ұлағатты сөз бар. Шәкірттерінің қолына  білім кілтін ұстатқан  Күлсара Ықласқызы – бақытты жан, ардақты ана, аяулы әже, ұлағатты ұстаз. Жұбайы Оразбай Болатұлы  екеуі 3 бала тәрбиелеп өсіріп, жоғары білім беріп, өмірде өз жолдарын табуына көмектесті. Тәлімді тәрбие алған перзенттерінің алды бүгінде немере сүйгізіп отыр.

Жан-жағы ұрпағымен жайқалып отырған әріптесіміз  қоғамға пайдасын тигізіп, ұрпақтарға үлгі болар игі істі жалғастырып келеді.

Аманкүл ДОСМАНОВА,

Жарқын орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.

Тимирязев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp