«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІМ АЛУҒА ЕШ КЕДЕРГІ ЖОҚ

Жаңа оқу жылының басталуына да санаулы күндер қалды. Осыған дейін хабарланғандай, мектеп оқушылары мен студенттер қашықтан білім алуды жалғастырады. Алайда, ауылдық жерде орналасқан бала саны аз шағын жинақты мектептер штаттық режімде жұмыс істейді. Бұл жайлы “Qyzyljar” телеарнасының тікелей эфирінде өткен жаңа оқу жылына дайындық барысына арналған брифингте облыс әкімі Құмар Ақсақалов мәлімдеді.

Соңғы жылдары өңір оқушыларының сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау үшін білім ордаларын күрделі жөндеуге ерекше назар аударылуда. Өткен жылы осы бағыттағы жұмыстармен 142 мектеп қамтылса, биылғы оқу жылы қарсаңында 107 білім ордасы күрделі жөндеуден өтуде. Осылайша, соңғы екі жылдың өзінде облыс мектептерінің жартысы жаңарып, оқушыларға жылы, жарық, жайлы жағдай жасалды. Заманауи талаптарға сәйкес үш жаңа оқу орны салынып жатқанын тілге тиек еткен өңір басшысы Құмар Ақсақалов биылғы оқу жылында “Жас өркен” шағынауданында 900 орындық және Бескөл ауылында 300 орынға шақталған мектептер жұмыс істей бастайтынын жеткізді.

– Өңір мектептері бейнебақылаумен толық қамтамасыз етілді. Оқу орындарына 43 автобус берілді. Сонымен қатар 231 мектепке жиһаз және 324 білім ордасына спорт құралдары сатып алынды. Компьютерлер де жаңартылып, облыс мектептері соңғы үш жылда 1600 данасын сатып алды. Биыл карантин кезінде үнемделген қаржы есебінен 580 компьютер сатып алынып, оқушыларға таратылған болатын. Оған қоса, тағы 14 мың ноутбук, компьютер және планшет алу жоспарланып отыр, – деген облыс әкімі Құмар Ақсақалов биыл сатып алынатын техниканың өзі соңғы он жыл бойғы алынғандармен саны жағынан тең екеніне назар аударды.

Өйткені, қашықтан оқу үрдісін тиімді ұйымдастыру үшін мұғалімдер мен оқушыларға мүмкіндік жасау маңызды. Табысы төмен отбасынан шыққан, жетім және ерекше қажеттіліктері бар балалар басты назарға алынады. 373 мұғалімге уақытша пайдалану үшін компьютерлер беріледі.

Биылғы оқу жылында облыстағы балабақшаларда әр топта балалар саны 15-тен аспайтын кезекші топтар жұмыс істемек. Онда ата-аналары жұмыс істейтін балалар қабылданады, өңірімізде эпидемиологиялық жағдай жақсарған кезде біртіндеп басқа топтар да ашылатын болады.

Облыста 477 мектепте 75 мыңнан астам оқушы білім алады. Карантин талаптарына сәйкес биыл мектеп оқушылары қашықтан оқуды жалғастырып, оқушылар білім күніне арналған салтанатты шараға да онлайн қатысады. Алайда, ауылдық жерде орналасқан 318 шағын жинақты білім ордасы оқу үрдісін штаттық режімде өткізеді. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бір сыныптағы оқушы саны 15 баладан аспауы және оларды екі ауысымда оқыту талабы қатаң сақталуы тиіс екендігіне назар аударды. Ал қашықтан білім беретін мектептерде ата-аналардың өтініші бойынша 2 мың кезекші сынып ашылады. Балаларды қажетті оқулықтармен қамтамасыз ету үшін тиісті қаржы бөлінді.

Былтырғы оқу жылында қашықтан оқыту барысында туындаған басты мәселе – ауылдық жердегі интернет сапасының төмендігі. Бүгінде облыстағы 635 елді мекеннің 437-сі кеңжолақты интернетке қосылған. Өңір басшысының айтуынша, биыл тағы 133 ауылды сапалы интернетпен қамту жоспарланып отыр. Жалпы, облыс мектептерінің 96 пайызында жоғары жылдамдықты интернетке қосылуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар шалғай ауылдар үшін 1,5 мың роутер мен USB-модем сатып алынып, табысы төмен отбасылардың балаларына беріледі. Балалар “Ел арна” және “Әл-Фараби” арналарында көрсетілетін телесабақтар арқылы қосымша білім ала алады.

Мектеп ұжымы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында білім беру мекемелерінде санитарлық шаралар күшейтілген. Бұл үшін, ең алдымен, тепловизорлар, санитайзерлер мен дезинфекциялық құралдар сатып алынуда.

Қыркүйек айынан бастап облыстағы үш колледж қашықтан жұмыс істесе, 12-сі аралас оқыту жүйесіне көшеді. Ал ауылдық жерде орналасқан он білім ордасы штаттық режімде болашақ мамандарды даярлауды жалғастырады. Қосымша білім беру ұйымдарында бес адамға дейінгі шағын топтарда жеке сабақ өткізуге рұқсат етілген.

Жаңа оқу жылына дайындық барысы жөнінде айта келе облыс әкімі Құмар Ақсақалов білім беру саласындағы кадр тапшылығының толық шешілгенін жеткізді.

– Соңғы үш жылда өңір педагогтарының қатарын 1390 жас маман толықтырды. Биылғы оқу жылында тағы 315 жас мұғалім жұмысқа кіріседі деп күтілуде. Қашықтан оқыту форматы – оқушылар үшін ғана емес, мұғалімдерге де үлкен сын. Сондықтан педагогтарға көмек ретінде “Қашықтан оқимын” онлайн курсы әзірленді. Қазірдің өзінде үш мыңға жуық ұстаз даярлықтан өтіп, жаңа оқу жылына дейін тағы он мыңға жуық педагогты қамту жоспарланып отыр, – деген өңір басшысы осы қиын кезде ата-аналар балаларының оқу үлгерімін қадағалауды ұмытпауы тиіс екенін айтты. Бұл үшін ата-аналарға арналған онлайн курстар да қарастырылған.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp