Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: “2015 жыл – ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз”, – деп қадап айтты. Президенттің осы сөзі ұстаздар қауымына үлкен міндет артары сөзсіз. Өйткені, қазақстандық патриотизмді, елдік рухты, этносаралық келісім мен сыйластықты жас буынның санасына сіңіру – әр ұстаздың асыл парызы.
Елбасының Ұлытау төріндегі сұхбат-сыры, Тәуелсіздік күніндегі толғауы менің жанымды тебіренте әсер етті. Баршамызды Тәуелсіздіктің ұлы рухы жебеп, біріктіреді, бойымызға қуат беріп, ертеңгі күнімізге сенімімізді нығайтады. Тәуелсіздік – жалпыға ортақ құндылық. Ғылым қуып, білім іздеген оқушылар мен жастар еліміздің ұлттық байлығын арттырып, әл-ауқатын көтерері хақ.
Елбасының Ұлытау өңіріне келіп, өз ойларын толғаныспен ортаға салуы барша қазақ еліне, оның ішінде жас буынға үлкен ой салуы тиіс. Өткеніңді білмей, алға жылжу мүмкін емес. Атам қазақ болғалы небір оқиғалар, тарихи сұрапыл зұлмат кезеңдер бастан өтпеді десеңізші?! Бірақ сол заманның қиын-қыстау оқиғаларына, тарихтың өшпес таңба салған шерлі де мұңды заманына қарамастан, еш мойымаған ата-бабаларымыз елдік пен бірліктің өнегесін көрсетіп, қасық қаны қалғанша күресе білген.
Ұлытау – қазақ жерінің кіндік ортасы. Сонау ел басқарған ғұлама арыстардың, би-болыстардың, хандарымыздың елді бірауыздылыққа, ынтымаққа шақырған қасиетті де киелі жері. Міне, осы тарихи өңірдің маңыздылығын көрсете әңгімелей отыра, Елбасы жастардың алдына да еліміздің ұлан-байтақ жерін көздің қарашығындай сақтап, оны көркейтіп, дамыту міндетін қойып отыр. Президенттің “Нұрлы Жол” жаңа экономикалық саясатының мәні де осында деп білемін. Ендеше, осы ұлы жолда аянбай еңбек ету, жасампаздық күш-жігермен ең дамыған елдер қатарына ену – ортақ жауапкершілігіміз. Өзім еңбек етіп жүрген, 80 жылдық тарихы бар Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат ұжымының басты мақсаты – оқушылардың білімге, ғылыми ізденістерге құштарлығын арттыру, олардың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіру. Білім ордасы республикаға жақсы танымал. Қасиетті қарашаңырығымыздан еліне елеулі, халқына қалаулы талай азаматтар түлеп ұшып, ғылым, білім мұхитынан інжу-маржан теріп жүр. Жалындаған жастар оларға қарап бой түзейді. Ұрпақтар арасындағы сабақтастық өз жалғасын тауып келеді. Оған оқушыларымыздың түрлі білім байқауларында ғылыми жобаларда, олимпиадаларда топ жарып, тегін оқу гранттарын иеленуін, шетелдерде тәжірибе алмасуларын айтар едік. Көздерінде от ойнап, жүрегі жалын атқан жастар еліне, Отанына мысқалдай пайда тигізіп жатса, оқу-тоқудың соңғы жаңалықтарымен қаруланып, әлемдік биіктерге ұмтылып жатса – еңбегіміздің жанғаны, берген тәрбиеміздің өтелгені.
Елбасы айтқандай, болашақ – жастардың қолында. Ал әр баланың мінез-құлқы, қабілет-қарымы ата-ана мен ұстазға жақсы аян. Соған орай іс-әрекет етіп, білім мен тәрбие жайына үлкен жауапкершілікпен қарайтын болсақ, Мәңгілік Елге бет алған ұлы жолда бірлік пен ынтымағымыз нығайып, алдағы асу-белестерден көріне береріміз сөзсіз.
Мәңгілік Ел – әр қазақстандықтың қасиетті де киелі ұраны деп білемін.
Әлия БАҚТЫБАЕВА,
Әбу Досмұхамбетов атындағы
облыстық дарынды балаларға
мамандандырылған гимназия-интернат директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.