Қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы аясында және есту қабілеті нашар балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттың 75 жылдығына орай білім ордасында “Мен әлемді естимін” атты “Ашық есік” күні өтті. Шараға Петропавл қаласындағы инклюзивті сыныптары бар тәрбие ошақтарының оқушылары қатысты.
Мектеп директоры Жеңіс Әбілмәжіновтің айтуынша, қазір мұнда 3 және 18 жас аралығындағы 100-ден астам шәкірт білім алуда. Мекеменің басты мақсаты және міндеті – тәрбиеленушілердің есту қабілетін қалпына келтіру, оларды қоғамға бейімдеу және жас буынның бойында отансүйгіштік сезім мен азаматтық рухты қалыптастыру.
– Оқушылардың есту және сөйлеу қабілеттерін қалпына келтіру мақсатында балалар қажетті жаттығуларды жастайынан жасауы қажет. Қазіргі кезде білім ошағында шәкірттерге мектепке дейінгі білім беру үшін барлық жағдай жасалған. Әрбір жаңа оқу жылының басында аудиометрияның көмегімен оқушылардың есту қабілеті тексеріледі. Айта кетерлік жайт, биылғы жылы “Аяла” республикалық қайырымдылық қоры біздің мекемеге бағасы 4 миллион теңгенің жаңа қондырғысын сыйға тартты, – деді Жеңіс Төлешұлы.
Есту қабілетін тексеруге арналған кабинеттің сурдопедагогы Светлана Кондратова бұл қондырғының FM-жүйе деп аталатынын айтты. Аталмыш құрал осыдан үш жыл бұрын Германиядан әкелінген. Оның көмегімен жас ұрпақ өкілдерінің құлақтарындағы мүкістерін анықтауға болады.
Мектеп-интернатта өткен “Ашық есік” күні барысында оқушылар халқымыздың ұлы ақыны, кемеңгер ойшылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған театрландырылған қойылымды тамашалады. Сонымен қатар шеберлік сыныптар және шағын концерт те өткізілді.
http://petropavltv.kz