«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІМ САЛАСЫН ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖАЙЛАП БАРАДЫ

Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың төрағалығымен Сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда білім беру мекемелерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасының орындалуы барысы талқыланып, күн тәртібіндегі мәселеге орай Қызылжар және Тайынша аудандық комиссияларының атқарған жұмыстары тыңдалды.

Білім саласында анықталған заң бұзушылықтың дені құжаттарды дұрыс толтырмау, стипендияны және еңбекақыны кешіктіріп төлеу, кіріс салығын дұрыс есептемеу сияқты немкеттілік пен құқықтық сауаттылықтың төмендігінің салдарынан орын алған. Облыстық Білім басқармасының басшысы Шолпан Каринованың мәлімдеуінше, былтыр 22 лауазымды тұлға сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңын өрескел бұзса, тағы да 2 басшы жемқорлық қылмысына жол берген екен. Олардың 12-сі қызметіне толық сәйкес еместігі туралы жазаға лайықты деп танылса, тағы да осыншасы жұмысынан шығарылыпты.

Биыл да білім беру саласында еңбек етіп жүріп, жемқорлыққа жол бергендердің қатары қалың. Басқарма басшысы сыбайлас жемқорлыққа жол берген Тайынша агробизнес колледжінінің директоры Х.Нұрғалиевтің үстінен 10 факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, сондай-ақ, облыс орталығындағы құрылыс колледжінің бұрынғы директоры Ж.Бабжанов жасаған қылмысы үшін қызметінен босатылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, жыл басынан бері қызметкерлерден ақша жинау, жоқ қызметкерін жұмыста бар етіп белгілеу, мемлекеттік сатып алу тәртібін бұзу сияқты заңсыздықтардың 6 фактісі тіркеліпті.

Оқушылар санының азаюына байланысты өңірдегі бірқатар білім беру мекемелері жабылудың аз-ақ алдында тұр. Мәселен, студент санының аздығынан Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның бірсалалы кәсіптік білім беру мекемесі, Чистополье ауылындағы ауыл шаруашылығы колледжі таратылуда. Дәл осы себеппен Айыртау ауданындағы гуманитарлық-техникалық колледждің есігі де құлыпталды.

Облыс әкімі орта және кәсіптік білім беру жүйесіне ерекше көңіл бөлу керектігін қадап айтты. Аталмыш салада жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың өршіп бара жатқанын да сынға алған өңір басшысы сала жұмысын қатаң қадағалауды өзінің орынбасары Фархад Қуанғановқа тапсырды.

Ведомствоаралық комиссияда Қызылжар ауданының әкімі Еркебұлан Каменов пен Тайынша ауданының әкімі Серік Салтықов Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі аудандық комиссиялардың жұмысы және жергілікті атқарушы органдардың қолданып жатқан шаралары туралы есеп берді. Қызылжар ауданында жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын бұзған 1 лауазымды тұлға айыпты деп танылыпты. Ал Тайынша ауданында 4 мемлекеттік қызметшінің жемқорлық фактісіне қатыстылығы анықталған.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp