«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІМ САЛАСЫ БАСШЫЛАРЫНЫҢ БРИФИНГІ

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің кезекті брифингінде өңіріміздің білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндалды.

Облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринованың айтуынша, мектепке дейінгі, орта және кәсіптік-техникалық білім беру жұмысы тиісті жоспарларға сай жүргізілуде. Бүгінгі таңда өңірімізде балаларды мектепке дейінгі біліммен және тәрбиемен қамтамасыз ету – 93,6 пайызды құрап отыр. Ал жуырда өткен ҰБТ-ның қорытындысына тоқталсақ, облыстың орташа ұпай саны – 77,88. “Алтын белгіге” үміткер 112 түлектің 37-сі білімдерін дәлелдей алса, үздік аттестатқа ие болғандардың саны – 23. Сондай-ақ, 59 түлек “2” деген баға алса, 425 оқушы өту ұпайына қол жеткізе алмаған. Үстіміздегі жылы үздік нәтиже көрсеткен қазақ-түрік лицейі түлектерінің орташа ұпай саны – 101,4. Ал аудандардың ішінде Аққайың, Уәлиханов, Тимирязев, Қызылжар аудандары жақсы нәтиже көрсетсе, Айыртау, Мағжан Жұмабаев, Есіл аудандары бұл жағынан мақтана алмайды.  

“Мәңгілік ел жастары – индустрияға” жобасы аясында өткен жылы өңіріміздегі екі колледжге оңтүстік облыстардан 75 жас келсе, алдағы оқу жылында тағы да 175 түлекті қабылдау жоспарланған. Сондай-ақ, отбасылар тәрбиелеуге алған жетім балалардың саны да жылдан-жылға артуда. Егер де 2011 жылы 30 бала ата-ана жылуын сезінсе, үстіміздегі жылы бұл сан 150-ге жеткен.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлмира Кәрімова 1-6 жас аралығындағы петропавлдық бүлдіршіндердің 51,7 пайызы, 3-6 жас аралығындағы балалардың 85,8 пайызы мектепке дейінгі біліммен қамтылғанын атап көрсетті. Ал мектепке дейінгі мекемелерге кезекте тұрған 2 жастан асқан балалардың саны – 7183. Жыл аяғына дейін әлі 977 бала балабақша табалдырығын аттайтын болады.

Осындай деректерге қаныққан журналистер қауымы өздерін толғандырған сұрақтарын жолдады. Мәселен, жетім балаларды шетелдіктердің асырап алуы, мемлекеттік тілде білім беретін мектептері аз аудандарда қазақ сыныптарын ашу, мүгедек балаларды қашықтықтан оқыту мүмкіндігі, өзге ауылда оқитын оқушыларды тасымалдау мәселесі көтерілді.

Облыстық білім басқармасының басшысы бүгінгі таңда бала асырап алуға 80-нен астам отбасы ниет танытып отыр, деді. Олардың барлығы дені сау жаңа туған сәбилерді асырап алуды қалайды. Ал шетелдіктер баланың жасына, денсаулығына қарамайды. Біздің өңірден бала асырап алатын шетелдіктер Испания мен Италияның азаматтары екен. Қазақ мектептері аз аудандарда орыстілді мектептердің жанынан арнайы сыныптар ашу жергілікті халық ниет танытқан күні-ақ шешілетін мәселе екендігін жеткізген Шолпан Таңатқызы, күн және апта сайын тасымалданатын оқушылардың саны 1800 екенін және өңіріміз бұл мәселе бойынша бірінші орында тұрғанын айтты. Бұған өңіріміздің 200-ден астам елді мекенінде білім ордасының болмауы себеп. Ал мүгедек балаларды қашықтықтан оқыту қолға алынғанымен, барлық баланы бірдей аталмыш оқыту түрімен қамтамасыз ету әзірге мүмкін болмай отыр.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp