Тың технологиялар дәуірінде білім беру саласын да күрделі өзгерістер күтіп тұр. Білім берудегі дәстүрлі ұстанымдар қайта қаралып,мектеп мұғалімдеріне жаңа міндеттер жүктелуде. Алдағы бірнеше жылда мектептерге ЖИ дендеп еніп, білім беру мен тәрбиенің жаңа тәсілдері қолданысқа енгізілмек. Бұл өзгерістердің бәрі – ата-аналар мен сала қызметкерлерінің қызығушылығын тудырып отырған тақырып. Облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова газет оқырмандарының осы тақырыптағы және басқа да сұрақтарына жауап берді.
Арухан ҚИЛЫБАЙ,
Имантау орта мектебінің мұғалімі,
Айыртау ауданы:
– Оқулықтардың сапасын арттыру үшін сараптама мен тексеру жұмыстары қалай жүргізіледі? Бұл үдерісте мұғалімдердің пікірі қаншалықты ескеріледі?
– Оқулықтардың мазмұнын, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары мен үлгілік оқу бағдарламаларына сәйкестігін сараптау мақсатында республикалық «Оқулық» орталығында сараптамалық топтар жұмыс істейді.Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің материалдарын сараптау жөніндегі республикалық пәндік комиссиялардың құрамына біздің облысымыздың да жетекші педагогтары кірген.
Ерасыл БАҚЫТЖАН,
Аққайың ауданының тұрғыны:
– Өңіріміздегі білім беру саласына ЖИ элементтерін енгізу үшін қандай жұмыстар атқарылуда?
– Облыстың білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологиясын енгізу – Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға бағытталған стратегиялық міндет. Алдағы оқу жылынан бастап «Цифрлық сауаттылық»және «Информатика» пәндеріне жасанды интеллект элементтері енгізіледі деп жоспарланған. Орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні қолданудың этикалық стандарттары бекітілді, бұл технологияларды өңірдегі 10-11 сыныптардың 270-ден астам оқушысы меңгерді.
Шағын жинақты мектептерді дамытуға ерекше назар аударылуда. «Қазақстан халқына» қоры мен Білім беруді тұрақты дамыту қоры 13 тірек мектептің жабдықтарын жаңартты. 39 шағын жинақты мектепте ЖИ элементтері бар 80 STEM зертхана орнатылды. 300-ге жуық педагог жаңа жабдықтармен жұмыс істеуді қолға алды.
«Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы аясында ай сайын облыстық оқыту семинарлары өткізіліп тұрады. Жұмыс қорытындысы бойынша 2025-2026 оқу жылына арналған ұсыныстар әзірленді. Аталған ұсыныстарда ЖИ бойынша тереңдетілген оқытуға көшу, тәлімгерлік нүктелерін құру, үздік тәжірибелерді жүйелеу сынды өзге де бастамалар көрсетілген.Бүгінде «Бағдарламалау және цифрлық сауаттылық» бағыттары бойынша қанатқақты жоба әзірленуде.Информатика пәнінің мұғалімдері «Аstana Нub» базасында онлайн курстардан өтті.
Аққу ЖАКИНА,
Қызылжар ауданының тұрғыны:
– Сынып жетекшілерін алаңдатып жүрген бір мәселе – жетекшілікке төленетін ақының төмендігі. Мұғалімдерге сынып жетекшісі болғаны үшін төленетін ақы көбейе ме?
– Сынып жетекшілігі (топ жетекшілігі) үшін қосымша ақы Үкіметтің «Азаматтық қызметшілерге,мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» қаулысымен реттелген. Оған сай 1-4 сыныптар жетекшілігі үшін базалық лауазымдық айлықақыдан 50 пайыз, 5-11 (12) сыныптар жетекшілігі үшін базалық лауазымдық айлықақыдан 60 пайыз ақы төлеу қарастырылған. Қосымша ақының мөлшерін арттыру мәселесі облыстық білім басқармасының құзыретіне кірмейді.
Тілеген ЖАРҚЫНҰЛЫ,
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның тұрғыны:
– Ауылдың тірегі – мектеп. Өңірде жабылудың алдында тұрған неше ауыл мектебі бар? Ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты азайту үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?
– Талапқа сай оқушы саны 5-тен аспайтын бастауыш мектептер жабылуы керек. Облыстағы 3 шағын жинақтыбастауыш мектеп жоғарыда аталғаннормативке сәйкес келмейді.
Қала мен ауыл арасындағы алшақтықты қысқарту үшін бірқатар республикалық және өңірлік жобалар жүзеге асырылуда. 2022 жылы «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы басталды, оның аясында елді мекендердегі мектептердің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Жоба аясында аудан орталықтарындағы 13 мектеп заманауи пән кабинеттерімен жабдықталды. Қаңтар айынан бастап жобаға облыстың барлық шағын жинақты мектептері қатысады. Аталмыш жобаларды әдістемелік сүйемелдеуді Назарбаев зияткерлік мектебі жүзеге асырады. Сондай-ақ «Қала-ауыл» тәлімгерлік жобасы өз жұмысын бастайды, онда қала мектептерінің мұғалімдері ауылдағы әріптестерімен бірлесіп, кәсіби құзыреттерін арттыру бағытында еңбек етпек.
Назым СЕРІКҚЫЗЫ,
Тайынша ауданының тұрғыны:
– Мектепке енді жұмысқа тұрған жас маман «Педагог-модератор» санатына неше жылдан кейін өтініш бере алады? Еңбек өтілінен бөлек, «Педагог-модератор» санатының тағы қандай талаптары бар?
– «Педагог-модератор» санатына үміткерлер үшін кемінде екі жыл педагогикалық жұмыс өтілі болуы қажет. Сонымен қатар маман сабақты жоспарлау, қолайлы білім беру ортасын қолдау, этикалық нормаларды сақтау, оқушылар, ата-аналар-мен жұмыс істеу сияқты құзіреттіліктерге ие болуы керек. Бұдан бөлек, бейінді министрлік, білім басқармасы немесе уәкілетті орган бекіткен тізбедегі олимпиада, жарыстар мен байқауларға қатысуы шарт.
Тәттігүл ДУЛАТҚЫЗЫ,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың магистранты:
– Магистр дәрежесі үшін үстемеақы тек «педагогика ғылымдарының магистрі» дәрежесін алғандарға ғана төлене ме? Тарих, филология сынды басқа ғылымдардың магистрлері үстемеақы алуға құқылы ма? Мектепте жұмыс істейтін магистрлерге қосымша ақы төлеу қандай ережемен реттеледі?
– Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистр дәрежесі үшін (бастауыш,негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне, әдістемелік кабинет (орталық) педагогтарына) қосымша ақы төлеу Үкімет қаулысы негізінде реттеледі.
Көрсетілген қосымша ақы кемінде екі жыл ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистр дәрежесін және ЕСТ8 білім беру бағдарламаларын (120 сағат) игергендігін растайтын дипломы болған жағдайда ғана белгіленеді. Гуманитарлық ғылымдардың ғылыми-педагогикалық бағыты бойынша 2 жыл білім алып, диплом иеленген мұғалімдер қосымша ақы алуға құқылы.
Елдана НҰРСЕЙІТОВА,
Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың қызметкері:
– Егер оқушы сабақта рұқсатсыз телефон қолданса мектеп әкімшілігі заң бойынша қандай да бір шара қолдана ала ма? Сабақ үстінде смартфон ұстаған баланың ата-анасы жауапкершілікке тартыла ма?
– «Білім туралы» Заңға сәйкес орта білім беру ұйымдарында білім алушылармен тәрбиеленушілердің оқу процесі кезінде ұялы телефон пайдалануына жол берілмейді. Бұл туралы Әкімшілік кодекстің 409-бабында тайға таңба басқандай көрсетілген. Заң бұзушылық алғаш рет тіркелсе,ескерту беріледі, қайталанған жағдайда айыппұл салынады.
Даниал БАБИКОВ,
Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғыны:
– Менің мамандығым – сәулетші. Болашақта мұғалім болғым келеді. Басқа мамандық бойынша жоғары білімі бар адам педагог болғысы келсе, қандай курстардан өтуі қажет? Мұның қандай жолдары бар?
– Ол үшін сізге қайта даярлау курсынан өту керек. Бұл туралы министрліктің педагогты қайта даярлау қағидаларында жазылған. Оған сай курстар дуальды оқыту элементтерін пайдалана отырып, күндізгі оқыту нысаны бойынша жүргізіледі. Курсқа қатысу үшін тиісті оқу орнына өтініш жазып, қажетті құжаттарды тапсыру қажет.
Дайындаған
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».