«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРАУЫЗДАН ҚОЛДАДЫ

Кеше қалалық Мәдениет үйінде “Нұр Отан” партиясының қалалық филиалының кезектен тыс ХХVI конференциясы өтті. Шара барысында “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының алдағы конференциясына делегаттар сайлау және партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасының Президенттігіне ұсыну туралы мәселелер күн тәртібіне шығарылды.

“Нұр Отан” партиясы қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Марат Тасмағанбетов: “Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы бастамасы Парламент депутаттары мен саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, еңбек ұжымдары тарапынан қызу қолдау тапты. Бастаманы петропавлдықтар да қызу қолдап, еліміздің ертеңін, біздің болашағымызды айқындайтын таңдау жасайтынымызға сенімдімін”, – деді.

Шара барысында партияның қалалық филиалының төрағасы және өзге де делегаттар Елбасының Жолдауы ел дамуының бағыт-бағдарын айқындап берген жылдың ең маңызды құжаты екенін, бүгінде экономикалық және саяси тұрғыда қарқынды дамып келе жатқан Қазақстан Орталық Азияның көшбасшысы екенін атап айтты.

Конференцияда: “Елбасының сындарлы саясатының арқасында барлық салаларда толағай табыстарға қол жеткіздік. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жолдаған “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауында болашағымызды, ел дамуының бағытын айқындап берді. Бұл мақсат-міндеттерді жүзеге асыру үшін баршамыз Елбасын қолдауымыз қажет”, – деген ортақ ой білдіріліп, бәрі де Нұрсұлтан Назарбаевты Президенттікке кандидаттыққа ұсынуды бірауыздан қолдады.

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының алдағы конференциясына делегаттар сайланды.

(Өз тілшіміз).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp