Қазіргі қыздардың көбі тұрмысқа шыққанда ата-енесімен бірге тұрғысы келмейді. Олар қарашаңыраққа келін болып, барлық жауапкершілікті өз мойындарына алуды артық салмақ санайтын сияқты. Осы жерде “Неге?” деген орынды сауал туындайды.
Әсем Қырым, 26 жаста:
– Мен тұрмысқа шықсам, ата-енеммен бірге тұрмаймын. Бұл ойымды осы бастан болашақ жұбайыма айтып та қойдым. Өйткені, екі әйел адамның бір үйде тату-тәтті бірге тұруы мүмкін емес. Үй жинау, тамақ дайындау сияқты кейбір болмашы нәрсенің өзінен титтей бір түсініспеушілік туындаса, ол жинала келе, аяғы үлкен жанжалға ұласып кетуі де мүмкін. Сондай-ақ, кейбір кездерде аналар ұлдарын келіндерінен жөнсіз қызғанып, тырнақ астынан кір іздеп, үйдің берекесін кетіреді. Анасы туралы жағымсыз пікір айтсаң, күйеуіңе де жақпай қаласың. Осылай екі оттың ортасында жүргенше, бөлек тұрып, алыстан сыйласқан дұрыс деп ойлаймын.
Әлия Мағзұмқызы, 39 жаста:
– Мен ата-енеммен 20 жылдан бері бір шаңырақ астында тұрамын. Жұбайым кенже бала болған соң қазақтың салт-дәстүріне сай қарияларды бағып, оларға қамқорлық көрсетуді өз парызымыз санаймыз. Бір қызығы, енем менің кіндік шешемдей. Тағдырдың жазуымен сол үйге келін болып түскен соң ол адамды туған анамдай сыйлап, білмегенімді үйреніп, үнемі көңілін табуға тырыстым. Қазір біз қызы мен анасындай болып кеттік. Барлық балаларынан 16 немере, 5 шөбере көріп отырған енем – менің қамқоршым және ақылшым. Ол үй шаруасында да, бала тәрбиесінде де ақыл-кеңес беріп, көмектесіп отырады. “Қариясы бар үйдің қазынасы бар” дегендей, ортамызда бәйтеректей жайқалған анамыздың бары түсіне білген адамға бір ғанибет. Сондықтан да қолда бар алтынның қадірін білу керек.
Зарина Тоқтамыс, 35 жаста:
– Тұрмысқа шыққан соң ата-енеммен екі жылдай бірге тұрдық. Енеммен ортақ тіл табыса алмаған соң кейін бөлек шығып кеттік. Бұрын келін болмағандықтан, енем үйдегі барлық жұмысты өзі істеп үйреніп қалған. Менің істегенім көңілінен шықпай, көп жағдайда “ісің шала” дегендей, сын айта беретін болды. Мүмкін, онысы дұрыс та шығар? Бірақ “Көш жүре келе түзеледі емес пе?”, “Келіндер мектебінен өту” оңай сын емес. Оған уақыт керек. Сыртыңнан сөз айтқанша, үйретіп, бір мезгіл “қызым” деп еркелетіп, бауырына тартса, менің де көзқарасым өзгерер еді. Дегенмен, ондай нәрселер байқалмады. Мен не істесем де, енеме жақпадым. Ақырында бөлек шығып кеттік. Енемнің тілін таба алмағаныма мен де кінәлімін, әрине.
Дәри Мырзашова, 62 жаста:
– Ата-енемен бірге тұру үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ал жаңа түскен келін мұның бәрін білмеуі мүмкін. Ас дайындау, қонақ күту, әдет-ғұрып, ырымдарды үйрену үшін уақыт керек. Бұл жерде қыздардың кінәсі де жоқ. Барлық олқылық тәрбиеден кетіп отыр. Қазір қыздарда еркіндік көп. Бұрынғы кезде әжелер, аналар қыздарына ерекше көңіл бөліп, “сендер – болашақ келінсіңдер” деп құлақтарына құйып отырған. Бала кезден бастап, бойжеткенше қыздар ине-жіптің қыр-сырын меңгеріп, асүйдің барлық шаруасына икемденіп алатын. Бүгінгі таңда қыздар ондай емес. Олар көбіне дайын нәрсені ұнатады. Киімді, тіпті, тамақты да дайын күйінде дүкеннен сатып алады. Тұрмысқа шыққанша, еркелікті қоймайтын қыздар да аз емес. Осының барлығы отбасылық өмірде өзінің көлеңкесін түсіреді. Аналар “менің жалғыз қызым” деп еркіне қоя бермей, тәрбиенің осындай жағына да көңіл бөлулері керек.
Сауалнаманы жүргізген
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.