Бәрі кешегідей көз алдымда. 1955 жылы оқуымды аяқтап, Мәскеуден туған жерге оралған соң зоотехник болып көп жыл еңбек еттім. Жұмыс арасында сәл үзіліс бола қалса қойнымдағы газетті қолыма алатынмын. Себебі, “Ленин туының” (қазіргі “Soltústik Qazaqstan”) бір әрібін қалдырмай оқып шықпасам, көңілім қоңылтақсып тұратын әдетім бар.
Көрші шал да мен жұмыстан келе жатқанда мал-жанның амандығын біліскеннен соң оқып болған газеттерді қалдырып кетуімді өтінеді. Бар-жоғы бір-екі кластық қана білімі бар, әріптерді ежіктеп оқитын ақсақалдың зеректігіне таңғалушы едім. Бастары қосыла қалса оқығандарын өздері оқиғаның ортасында болған адамдай қылып айтатын ауылдың үлкендері қандай еді! Ал пошташы келетін күн – кішігірім той. Ақ жаулықты аналар әскердегі баласынан келген хатты шетке ысыра тұрып, алдымен облыстық газетті қолдарына алатын. Облыстық газет – бала кезден бері менің сенімді серігім. Жан досым, ақылшы ағам десе де келер. Елде болып жатқан жаңалықтарды ғана жеткізіп қоймай, тәлім-тәрбиелік мәні зор мақалалары арқылы жастарды білім кәусарынан сусындауға, еңбек қазанында қайнауға, Отанға қалтқысыз қызмет етуге үндеді.
Қазақстан тәуелсіздік алған тұстан бері басылымның бағыты өзгеріп, көтерер тақырыптарының ауқымы кеңейді, салмағы артты. Журналистер бұрын жазуға болмайтын ұлттық тақырыптарға қалам тербеп, батыл жазуда.
Содан бері туған жердің тарихы, есімдері елеусіз қалған батырлардың ерлігі туралы мен де білгендерімді қағазға түсіріп, “Soltústik Qazaqstan” газетіне ара-тұра беріп тұрамын. Қызылжар өңірінің рухани қарашаңырағы, біртуар қаламгерлердің бірнеше буыны еңбек еткен газет 100 жылдық кезеңге қадам басқалы отыр. Келмеске кеткен балалық шағымның куәсі, ержете келе жол көрсетер ақылшым, ал қартайғанда жастарға ақыл айтар мінберіме айналған газеттің мерейтойы – өңіріміздің қазақпын деген әрбір қарагөзі үшін мейрам деп білемін.
Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Газет – сол өткен күндердің шежіресі. Жақында басылымның 1920 жылы жарық көрген алғашқы сандары архивтен табылғанын оқыдым. Екінші санында шыққан жасы жиырмаға да толмаған Смағұл Сәдуақасовтың ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы мақаласын оқып, Алаш қайраткерінің көрегендігіне таңғалдым. Бұл басылымның іргесін поэзия пайғамдарына баланған Мағжан Жұмабаев қалап, жазғандарын жариялап тұрғанын кейін білдім. Осындай ұлылардың ізі қалған қарт басылымның бір ғасырлық тойына құтты болсын айтқым келеді. Ғұмыры ары қарай да жалғаса берсін!
Осы тұста соңғы жылдары қоғамда белең алып келе жатқан газет-журнал, кітап оқуға деген енжарлық жайлы айта кеткенді жөн көрдім. Білімнің бұлағы – кітап, ал сол кітап оқуға апарар жол күнделікті шығатын газеттер мен журналдар емес пе? Қазіргі ата-аналар мен ұстаздар балаларға кітап оқыта алмай әуре. Ал бала ересектер не істесе соны қайталайтынын ұмыт қалдырдық. Егер үлкендердің өздері күніне бір уақыт қолына жергілікті газетті алып, баласымен бірге отырып оқымаса, бірінші өзі үлгі көрсетпесе, ертең ұрпағы кітап бетін ашпайтын сауатсыз буынға айналып кетпесіне кім кепіл? Соңғы жылы “Soltústik Qazaqstan” газетінің таралымының төмендеп кеткені де осы оқуға салғырт қараудың салдары деп білемін.
Алланың жазуы шығар, арамызда жүз жасағандар өте сирек. Бірақ соған дейінгі әрбір белесті ескерусіз қалдырмай, сый-сияпат көрсетіп жатамыз ғой. Ал санаулы ғана айлардан кейін бір ғасырлық мерейтойын атап өткелі отырған “абыз ақсақал” – “Soltústik Qazaqstan” газетінің мерейтойына қандай тарту-таралғы жасай аламыз? Менің ойымша, 100 жылдық тойға жүрегі қазақ деп соққан Солтүстік Қазақстан облысының әрбір тұрғыны үлесін қоса алады. “Қалай?” – дейсіз ғой. Мен айтайын, әрқайсымыз – ұстаздар қауымы, дәрігерлер, мемлекеттік қызметшілер, диқандар, тәртіп сақшылары және тағы басқалар, әрбір шаңырақ газетке 2020 жылға жазылып, таралымын көбейтетін болсақ, басты тарту-таралғымыз осы болмақ. Газетке ең қымбаты – оқырман. Басылымның мерейтойын бірге қарсы алайық!
Зейнолла ОЛЖАБАЕВ,
ауыл шаруашылығы саласының ардагері,
Мағжан Жұмабаев ауданының құрметті азаматы.