«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРЕГЕЙ ТҰЛҒА

Герольд Бельгерді білгелі жетпіс төрт жылдың жүзі болыпты. Оның отбасы Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылы Волга жағалауынан біздің елге – Солтүстік Қазақстан облы­сындағы қазіргі Шал ақын ауданының Қабайтұяқ ауылына қоныс аударды.

Сонда Гера мектеп жасы­на жаңа толған қаршадай сары бала еді. Әкесі Карл фельдшер болып жұмыс істеді. Бүкіл бір ауылдағы жалғыз неміс отбасы болды. 7 жасар Гера сол төңіректегі жалғыз қазақ орта мекте­бінде білім алды.

Мың шақы­рымдық ұзақ жол алғашқы қадамнан бас­талады. Герольд Бельгердің бүгінгі ел таныған азаматтық тұлғасы ең алғаш сол қазақ мектебінде шың­далды. Оқуға ынталы болды. Қаймағы бұзыл­маған ауылда таза қазақи тәрбие алды. Ұлтымыздың салт-дәстүрін, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, кең­пейілді болу, достыққа адал­дық, уәдеге беріктік таныту сынды қасиет­терді тал бойына сіңіріп өсті.

“Адам болатын бала бесігінде ұмтылады, ат болатын құлын желіде тұрып жұлқынады” дегендей, сұңғыла Гера сөз парқын білетін көнекөз қарияларға үйір болды, ауыл ақсақалдары айтқан шешендік сөздерді құлағына құйып, жадында сақтады. Неміс ұлтының қанына сіңген тиянақ­тылық пен еңбек­сүйгіштік қайран бабалары­мыздың арды ойлаған игі дәстүрімен біте қайнасып, бірегей тұлғаны сомдап шығарды.

Ол Әбдіжәміл Нұрпейісовтың, Зей­нолла Қабдоловтың, Дүкенбай Досжановтың тілі құнарлы көркем туынды­ларын орыс тіліне аударды, Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серік­қалиев сынды арыс­тармен пікірлес болып, ой бөлісті.

Иә, “жасында байқары бардың, есейгенде айтары бар”. Өзінің қажымай-талмай ізденуінің, мол білімінің арқасында белгілі жазушы, шебер аудармашы, сарабдал сыншы, зерттеуші, қара қылды қақ жарып, турасын айтатын аузы дуалы қоғам қайраткері дәрежесіне көтеріліп, шырқау шыңға шықты, абырой-даңққа бөленді.

Г. Бельгер Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Пре­зиденттің “Бейбіт­шілік және келісім” сыйлы­ғының иегері, Қазақ­станға алғаш табан тіреген қарыс жері қасиетті, сүйем жері сүйкімді Солтүстік Қазақстан облысының құр­метті азаматы атанды.

Хамит БІРЖАНОВ,

еңбек ардагері.

Алматы қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp