Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде “Өнегелі өмір” сериясымен Ғазез Тәшенов туралы кітап жарық көрді. Аталмыш жинақ биология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі, белгілі ғалым Ғазез Тәшеновтің өмірі мен ғылыми еңбектеріне арналған.
Академик Қаныш Сәтбаевтың ізін басқан ғалымдар легінің көрнекті өкілі, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің құрметті профессоры, Қазақстан физиологтары қоғамының президенті, халықаралық физиологиялық ғылымдар одағының мүшесі, физиология ғылыми-зерттеу институтының директоры болған Ғазез Тәшенұлы Шал ақын ауданындағы Ақсу ауылында 1928 жылы 1 тамызда дүниеге келген. Төрт жасынан бастап балғын балалық шағын отбасымен бірге Қызылжар ауданына қарасты Омбы темір жолының бойындағы қосалқы шаруашылықта өткізген. Әкесі 1938 жылы Хасан көліндегі кеңес-жапон соғысында, екі ағасы бірдей екінші дүниежүзілік соғыста оққа ұшып, одан кейін анасы қайтыс болып, 10 жасар інісі Көбен екеуі ғана қалады. Оларды жетім ретінде Петропавл қаласындағы №45 темір жол мектеп-интернатына орналастырады. Жасынан қиыншылықты көп көрген жерлесіміз Петропавл зоотехникалық-ветеринарлық техникумын 1947 жылы үздік дипломмен аяқтайды. Осының өзі институтқа емтихансыз қабылдануға мүмкіндік беретін. Ол сол жылы С.М.Киров атындағы Омбы ауыл шаруашылығы институтына түседі. Студент кезінде болашақ ғалым өндірістік практикасын туған жерінде өткізіп, Уругвайдан әкелінген етті герефорт тұқымды бұқалар мен жергілікті сиырларды будандастыру тәжірибесімен айналысады. Жергілікті тұрғындар соның нәтижесінде алынған будан тұқымды жоғары бағалап, мал өсіру үшін соларды таңдай бастайды. Өйткені, жекелеген шаруашылықтардағы сиырлардың өзіндік салмағы 900, ал бұқалары 1200 килограмға дейін жететін. Сөйтіп, қызылжарлық ғалымдар жүргізген ұлттық селекцияның нәтижесі етті бағыттағы ақбас сиырлардың болашақ тұқымына іс жүзінде негіз болады.
1952 жылы жоғары оқу орнын үздік аяқтаған жас маман еңбек жолын Алматыдағы академик Найла Базанованың зертханасында кіші ғылыми қызметкер болып бастайды. Жас ғалым 24 жасында Орал облысының Тайпақ ауданында мал шаруашылығын жаңғыртуға арналған ғылыми бағдарламамен айналысатын Сталинград экспедициясына жетекшілік етеді. Бұл – елге қажетті, экономикалық маңызы зор жұмыс болатын. Осының өзінен ғана жерлесіміздің ғылыми жұмысына зор үміт артылғанын байқауға болады.
Ғазез Тәшенов 1957 жылы академик Найла Базанованың ғылыми жетекшілігімен кандидаттық, 1967 жылы докторлық диссертация қорғап, биология ғылымына ден қояды. “Қырық жылдай зертханаға жетекшілік еттім, ұзақ уақыт ҰҒА-ның физиология институтын басқардым, профессор, ҚР ҰҒА академигі атандым, 30 жылдан астам уақыттан бері әл-Фараби атындағы ҚҰУ-мен байланыс жасап, лекция оқып келемін, студенттердің дипломдық жұмыстарына басшылық жасадым, біраз уақыт диссертациялық кеңестің мүшесі, мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы болдым, биология факультетінің студенттеріне, оқытушыларына, қызметкерлеріне ақыл-кеңес бердім”, – деп жазыпты өзінің естелігінде ғалым. Бұл – бар саналы ғұмырының 60 жылын биология-физиология саласына арнаған ғалым үшін аз еңбек емес. Осыған орай академик Аманжол Қошановтың жерлесі жайлы айтқан: “…Халқының парасатын биіктетуге аянбай үлес қосып кеткен азамат-ғалымдардың бірегейі”, – деген сөзін келтіре кетсек те артық емес.
Академик Ғазез Тәшеновтің тікелей қатысуымен 6 докторлық, 19 кандидаттық диссертация қорғалғанын да атап айтқан жөн. Олардың ішінде біздің жерлесіміз, биология ғылымдарының кандидаты, Петропавл қаласындағы мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау орталығының директоры Лаура Қайыржанова да бар.
– Мен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін тамамдаған 1994 жылы жоғары оқу орнының ректоры А.Малыгин мемлекеттік емтихан комиссиясына төрағалық етуге және студенттерге лекция оқуға академик Ғазез Тәшенұлын арнайы шақырды. Белгілі ғалымның Қазақстандағы физиология ғылымының жетістіктері туралы дәрістерін, Чехословакия, Польша ғалымдарымен түйеге, қойға, тасбақаға, егеуқұйрыққа бірлесіп жүргізген эксперименттері жайлы айтқандарын қалт жібермей, мұқият тыңдағанбыз. Оның үстіне физиология институтының аспирантурасына түскен кезімде жерлес ағамыз кандидаттық диссертацияма ғылыми жетекші болып, жоғары білікті мамандар әзірлеуге көп көңіл бөлетіндігін танытты, – дейді Лаура Советқызы.
Ғазез Тәшенов ауыл шаруашылығы малдарының ас қорыту және зат алмасу органдары қызметін зерттеуге мүмкіндік беретін хирургиялық отаның 26 бірегей әдісін енгізді, 300-ден астам ғылыми еңбек жазды, оның 5-уі – монография, 20-сы ағылшын, неміс және чех тілдерінде шетелдерде басылды.
Белгілі ғалым Құдай қосқан қосағы, Есіл ауданындағы Сарман ауылының тумасы Гүлзипа Жүсиқызымен екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлы Дәулен медицина ғылымдарының кандидаты, Ләйлә медицина ғылымдарының докторы, марқұм ұлы Ерлан да ғылым кандидаты болатын.
Ғылымға сіңірген еңбегі үшін Қазақстанның Алтын кітабына есімі жазылған академик Ғазез Тәшенов 2015 жылы 87 жасында қайтыс болды. Білікті мамандар даярлауға, мал шаруашылығын дамытуға өзіндік үлес қосқан жерлесіміздің есімін ұлықтау, оны өскелең ұрпаққа таныта түсу келер күндердің еншісінде деп білеміз.
Нұрсайын ШӘРІП, журналист.