«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРЛЕСКЕНГЕ БЕРЕКЕ БІТЕДІ

Қазір 1784 зейнеткерді біріктіріп отырған біздің кеңес аудандағы ең ірі қоғамдық ұйым саналады. Өзімізге жүктелген міндетті абыроймен атқаруға күш салып келеміз. Кеңестің құрамындағы 20 бастауыш ұйымдағы зейнеткерлер ішінде екі соғыс ардагері, екі соғыс ардагеріне теңелген жан және 324 тыл еңбеккері бар. Өздерінің жеке ұйымы болмағандықтан, Ауған соғысына қатысқандар, мүгедектер және Чернобыль атом электр станциясы мен Семей полигонының зардабын шеккендер де назарымыздан тыс қалмай, олармен қоян-қолтық жұмыс атқарамыз.

Жиырма ұйым төрағасының екеуі – діни қызметкер, екеуі – бұрынғы кәсіподақ басшылары, ал қалғандары – тәжірибелі, беделді ақсақалдар. Аудандық кеңес қызметінің басты назарындағы мәселе соғыс және еңбек ардагерлері мен мүгедектердің құқықтарын қорғау, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту болып табылады.  

Ардагерлер ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауларын насихаттап, халыққа жеткізуде зор белсенділік танытып жүр. Еліміз үшін саяси маңызы зор Президент сайлауында, Мәжіліс депутаттарын сайлауда да олар үнемі алда жүреді. Жергілікті мәслихаттар сайлауында да осы үрдістен тайған емес.

Саламатты өмір салтын ұстану, спортты дамыту – кеңес мүшелерінің жаңылмас жан серігі. Шахмат, дойбы, дартс, үстел теннисі, волейбол, баскетбол сияқты спорт түрлерінен аудандық, ауылдық жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алу біздің ардагерлеріміз үшін әдеттегі жағдайға айналды. Облыстық жарыстарда да көштен қалған кезіміз жоқ. Бұл жұмыстарды спорт маманы ретінде өзім бастаған спорт ардагерлері Армия Үсенов пен Болат Қорқытов кәсіби біліктілікпен жақсы жүргізіп жүр.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай өткізілген “Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер!” атты көркемөнерпаздар байқауына белсене қатыстық. Аудандық байқау жеңімпаздары Иманхан Қуанған “Қара жорға”, Әлия Ташкина “Баллада о красках” әнімен облыстық галаконцертке қатысып, арнайы марапатқа ие болды. Сол сияқты қолөнер шеберлерінің көрмесіне қатысқан өңірге танымал зергер Амантай Әлиев пен қолөнер шебері Әлия Самерова үздік туындылары үшін сыйлықтар алды.

Аудандық “Нұрлы ел”, “Қызылту” газеттерінің ұжымымен бірлесіп, ардагерлер өмірінен мақалалар жазу жолға қойылған. Редакция жергілікті ақын, зейнеткер Жәней Шәкеннің өлеңдер жинағын шығарып, 50 дана газетті ардагерлерге тегін таратты.

Ардагерлер кеңесінің тікелей ұйытқы болуымен жерлесіміз – Қазақстанның халық жазушысы, белгілі қаламгер Сәкен Жүнісовтің 80 жылдығына орай бірнеше іс-шара өткізіліп, серінің өзі қолымен тұрғызған үйге ескерткіш тақта орнатылды.

Сол сияқты белгілі спорт ұйымдастырушысы, Кеңес Одағының, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Ахметжан Қазымбетов ағамыздың республикалық турнирін өткізіп, жастарға саламатты өмірді насихаттап, спортқа құлшыныс танытуда үлгі- өнеге көрсеттік.

Ойға алған істерді жүзеге асыру, әрине, қаржысыз болмайды. Нәтижелі жұмыс жүргізіп отырғанымыз – демеушілеріміздің арқасы. Олардың қатарында бюджеттік мекемелер, кәсіпкерлер, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер бар. Атап айтар болсақ, “Қызылту-Нан” агрофирмасы, “Қызылту Астық”, “Ар” ЖШС, “Қызылту ұн үктіру комбинаты”, “Қожаби” ЖШС, аудандық аурухана, аудандық білім бөлімі, мәдениет бөлімі, кәсіпкер Мұрат Абдулов сияқты демеушілер әрдайым ардагерлерге қол ұшын беруге әзір.

Өткен қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығында демеушілер 1756 адамға 10 млн. 822 мың теңгенің көмегін жасады. Соның арқасында 21 адамның үйін жөндеуге, 11 адамға жемшөп бөлуге, 166 отбасына тегін көмір әперуге, 1158 адамға азық-түлік қоржынын тапсыруға, 120 адамға ақшалай көмек жасауға мүмкіндік туды. Сол сияқты 16 адамның үй-жайын, жылу жүйесін жөндеуге көмек көрсетілді. Қарттар мен мүгедектер үйіндегі 29 адамға жыл сайын сый-сияпат жасап тұрамыз.

Өткенде еселеп еңбек еткен ардагерлер әлі де еліміздің экономикалық, әлеуметтік және саяси дамуына шама-шарықтарынша үлес қосуда. Ардагерлер кеңесінің бүгінгі талапқа сай толыққанды жұмыс істеуі үшін аудан әкімі аудандық орталық кітапхана ғимаратынан үш бөлме бөлді. Бөлмелер кең, жарық, жылы, оның ішінде жұмыс кабинеттері, шахмат-дойбы клубы, демалыс бөлмесі орналасқан. Олардың барлығы қажетті құрал-жабдықтармен жарақтанған.

Ардагерлер кеңесі өз жұмысын аудан әкімдігімен, аудандық мәслихатпен, “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалымен, әлеуметтік қорғау мекемелерімен және жергілікті редакциямен қоян-қолтық бірлесіп атқарады. Мұндай береке-бірліктің әрдайым жақсы нәтижеге жеткізетіні сөзсіз. Міне, соның айғағындай, аудан бойынша көптеген жұмыс атқарылуда. Әрине, алдағы атқарылар жұмыс әлі де көп. Әсіресе, биылғы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай жоспарланған жұмыс ауқымы кең. Оларды іске асыру – біздің бүгінгі алға қойған негізгі мақсатымыз.

Сансызбай ҚАЛИЕВ,

Уәлиханов аудандық

ардагерлер кеңесінің

төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp