«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРЛЕСКЕН ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ

 

 

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов біздің өңірімізге ауыл шаруашылығы саласында әріптестік құру ниетімен келген қытайлық делегация өкілдерімен кездесті.

Қытай Халық Республикасы Шандунь провинциясының өкілдерімен кездесу барысында облыс әкімі Ерік Сұлтанов өңіріміз жағымды инвестициялық климатымен ерекшеленетінін, бизнес жүргізу үшін тиісті көмектер барын атап айтты.

– Солтүстік Қазақстан облысы – аграрлы өңір. Біз еліміздегі барлық астықтың үштен бір бөлігін өндіреміз. Бұл қайта өңдеу саласындағы үлкен әлеует. Бүгінде Тайынша мен Шал ақын аудандарында қытайлық компаниялар май мен қант қызылшасын өңдеу зауыттарының құрылысын жүргізуде. Бұдан басқа біз италиялық, финляндиялық, германиялық және ресейлік компаниялармен бірге жұмыс істейміз. Шетелдік инвесторлар үшін барлық жағдай жасалған. Оның ішінде әртүрлі жеңілдіктер де бар. Алдағы уақытта Шандунь провинциясымен де ортақ жобаларды жүзеге асырамыз деп үміттенемін, – деді Ерік Хамзаұлы.

Өз кезегінде Шандунь провинциясы Ляочэн қаласы мэрінің орынбасары Чен Пинг ауыл шаруашылығы саласында әріптестік орнатып, облыста қайта өңдеу бойынша жаңа нысандарды іске қосуға ниетті екендіктерін жеткізді. Оның айтуынша, облыс орталығында заманауи логистикалық орталық ашуды көздеп отыр екен.

“Енді аталмыш жобаны жүзеге асыруға дайынбыз. Бастапқыда өз қаржымызды құятын болсақ, алдағы уақытта бірлескен жобаларды да қолға аламыз деген ойдамыз”, – деді Чен Пинг.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp