Облыстық полиция департаменті Ресейдің Қорған және Омбы облыстарындағы әріптестерімен бейнебайланыс режимінде кеңес өткізді. Кеңес барысында есірткі құралдарының, психобелсенді заттардың, контрафактілік алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымына қатысты қылмыстарды ашу, көлік құралдарын айдап әкетудің алдын алу бойынша бірлескен шаралар талқыланды. Облыстық полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев халықаралық деңгейде өзара іс-қимыл жасаудың тиімділігін атап өтті. Ал оның омбылық әріптесі полиция генерал-майоры Леонид Коломийц шекаралас мемлекеттердің жедел-қызметтік жұмысында осындай байланысты дамытудың маңыздылығына тоқталды.
Бүгінгі таңда синтетикалық есірткі заттардың кең таралуы екі тараптың да алаңдаушылығын тудырып отыр.
– 2017 жылы Петропавл қаласында синтетикалық психобелсенді заттарды жарнамалау және таратумен айналысатын 9 интернет ресурсы анықталды. 2018 жылы оның саны 108-ге, үстіміздегі жылдың 4 айдың ішінде 79-ға жеткен. Мұндай үрдіс алаңдаушылық тудырады, осыған байланысты қылмыстың аталған түріне қарсы іс-қимыл бойынша жұмыс күшейтілді, – деді облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция полковнигі Жандос Басыбаев.
Бірлескен шараларды күшейтуді ресейлік тәртіп сақшылары да қолдады. Есірткі контрабандасының үштен бірін шетелдіктер, оның ішінде ресейліктер жасайды. Ресейде де осыған ұқсас жағдай. Қорғандықтар есірткіге қатысты құқық бұзушылық жасағаны үшін Қазақстанның үш азаматын ұстапты.
Сондай-ақ, шекаралас өңір полицейлері автокөліктерді айдап әкетуге тосқауыл қою жайын да талқылады. Өңіріміз бойынша былтыр және үстіміздегі жылдың 4 айында криминалға қатысы бар 30 автокөлік анықталды. Оның үшеуі іздеуде болса, 27 машина – бір-бірінен айнымайтын ұқсас көліктер. Барлық автокөліктер арнайы тұраққа қойылып, мән-жайы анықталуда.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің бас маманы.