Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Литва Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісінің міндетін уақытша атқарушы Адомас Давалга мен “INSOCIUM” интегралдық қоғам институтының қызметкерлері “Жас Отан” жастар қанаты қалалық филиалының белсенділері өткізген “Бүгінгі біріккен жас буын өкілдері – ертеңгі еліміздің жарқын болашағы” тақырыбындағы тренингке қатысты. Петропавлдағы жоғары және арнаулы білім беретін оқу орындарының студенттері тоғысқан шарада жастардың жан-жақты дамуы мәселесі сөз болды.
Кез келген елдің болашағының баянды болуы білімді, жігерлі жастарға тікелей байланысты. Бүгінде өрендердің көбінің ой-мүддесі бір жерден шыққанымен, оны жүзеге асыруда топтасып әрекет етудің артықшылығы кеміп барады. Сонымен қатар, жақсы қарым-қатынас орнату да көп түйінді мәселелердің шешімі болары сөзсіз. Жастардың білімі, кәсіптік, рухани және мәдени даярлығы мемлекетіміздің келешегін айқындайды. Тренингке қатысушылар бес топқа бөлініп, осы мәселелерді талқылады, әр топтың жетекшілері ойларын ортаға салды. Олардың пікірлері интегралды даму жастардың бәсекеге қабілетті болуының бірден-бір жолы дегенге саяды. Осындай бірлескен шаралардың өткізілуі екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсетіндігін жеткізген Адомас Давалга жиын соңында белсенділік танытқан бірқатар өрендерге сертификаттар табыс етті.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.