«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРЛЕСКЕН ЖҰМЫС ЖЕМІСІ

 

Жас мамандардың ұстаздық өмірге бейімделіп, жоғары оқу орнында алған теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруы ерекше шеберлікті қажет ететін күрделі үдеріс. Тәжірибені жас мамандар еңбек ете жүріп жинақтайды. Олардың ұстаз ретінде қалыптасуын жеделдету мақсатында Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл №2 орта мектебінде тәлімгерлік жақсы жолға қойылған.

Өз ісін жетік білетін, 32 жылдан бері тарих пәнінен сабақ беріп, ел Тәуелсіздігін алғаннан бергі ширек ғасырда басшылық қызметте келе жатқан Тұрлыбек Оспанов жас маман Руслан Хайргелдиновке ұстаздықтың қыр-сырын меңгертуде. Қос тарихшы “Мұражай – оқушының патриоттық және азаматтық сезімін қалыптастырудың маңызды құралы” тақырыбында зерттеу жүргізді. Ұстаздар мұражайдағы өлкетану тарихы, оның жұмыстары мен материалдары – патриоттық тәрбие берудің басты құралы деп біледі.

Оқушылардың белсенділігін мұражай сабақтарында арттыруды көздеген тарихшылар ойын-саяхат, ойын-жұмбақтар, сахналық қойылымдар, экскурсия, конференция, іздену, семинар сабақтарын жиі өткізеді. Оқушылардың бойында қазақстандық елжандылық пен азаматтық ұстаным қалыптастыруға бағытталған шаралар аясында мұражайда екінші дүниежүзілік соғысына арналған мерекелік концерт қойылып, аудан көлеміндегі беделді адамдармен кездесулер, экскурсиялар ұйымдастырылады. Соғыс кезіндегі зұлмат жылдарды негізге ала отырып, бейнетүсірілімдер, тұсаукесерлер жасалған.

– Осы қолға алған жұмыстар біздің зерттеушілік, экспедициялық шараларға қатысуымызға негіз болды. Руслан Ерланұлы Ақмола облысының Қошқарбай елді мекенінде ескерткіштерді қорғау және сақтау мақсатында шыққан экспедицияның құрамында болып, мектеп мұражайына қола дәуірінен жеткен қыш құмыраның бөліктерін әкелді, – дейді Тұрлыбек Темірғалиұлы.

2016 жылдың жазында мектептің “Атамекен” экспедициялық тобы Айыртау ауданының Ботай қорымындағы қазба жұмыстарына қатысқан. Ондағы мақсаттары – бірлесіп жұмыс жүргізу, шығармашылық ізденіс, талдау шараларын жүзеге асыру болған. Соның нәтижесінде оқушылардың қызығушылығы, белсенділіктері артып, патриоттық сезімдері қалыптасқан.

“Тәлімгер мен жас маманның педагогикалық дуэті” конкурсында қос ұстаз өздерінің зерттеп жүрген “Мұражай – оқушының патриоттық және азаматтық сезімін қалыптастырудың маңызды құралы” тақырыбын ұсынып, жеңімпаз атанды.

– Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл” мерекелік медалімен, “Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері” төсбелгісімен марапатталған тәлімгерім – Тұрлыбек Оспановтан үйренерім көп. Ол кісі менің ұстаздық жолдағы ғана емес, өмірдегі де тәлімгерім, – дейді жас маман Руслан Хайргелдинов.

(Өз тілшіміз).

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp