«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРЛЕСКЕН ЖҰМЫС НӘТИЖЕЛІ

Мағжан Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінің жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейдің құрылғанына 12 жыл өтті. Білім ошағы аз уақыттың ішінде ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетті. Осының қыр-сырын мектеп-лицей директоры Рәзия Қасымовадан сұраған едік.

– Білім беру жүйесі үздіксіз өзгеріске ұшыраған қазіргі заманда оқыту үдерісінің сапасын арттыру, ең алдымен, білім ошақтарының жүргізіп отырған жұмыс бағыттарына тікелей қатысты. Біздің ұжымда қалыптасқан мұғалім-оқушы-ата-ана арасындағы қауымдастық жұмыс жемісті қызметіміздің басты ұстанымы болып табылады. Осы үштік бірлігінен құрылған мектептің жұмыс жоспары – біздің атқарып жатқан еңбегіміздің айнасы. Мектебімізде ата-аналардан құрылған қорғаншылық кеңес жұмыс істейді. Бұл – лицейде қалыптасқан жаңаша үрдістің бірі және бірегейі. Оның мүшелері ата-аналар жиналысына қатысып қана қоймай, шараларды өздері өткізеді, түрлі коучингтерге, сабақтағы топтық жұмыстарға қатысады. Мектеп өміріне еркін араласып, баласының немен айналысып, шұғылданатынына, сабақ үстіндегі білімін тікелей бақылай алады.  

Білім сапасының көрсеткіші Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесімен де өлшенеді. Оның нәтижесі бойынша мектебіміз бірнеше мәрте республиканың ең үздік 100 мектебінің қатарында. 2014-2015 оқу жылының қорытындысы бойынша да түлектеріміз Петропавл қаласы бойынша ең үздік көрсеткішке ие болды.

– Кез келген білім ошағының басты құндылығы педагог кадрлардың сапалық құрамы мен қызметінің тұрақтылығына байланысты. Бұл ретте мектептің көрсеткіштері қандай?

– Ұжымның негізгі бөлігі мектебімізде лицей ашылғаннан бері немесе бірнеше жыл қатарынан үзбей еңбек етіп келеді. Олар арнайы кесте бойынша біліктілік арттыру курстарынан өтіп, тәжірибе қоржындарын түрлендірулеріне жағдай жасалған. 2012 жылы педагогикалық ұжымның 65 пайызы қазіргі педагогика орталығында (Канада, Монреаль) қашықтық курстан өтті. Соңғы үш жылдың ішінде 6 мұғалім – бірінші, 1 мұғалім – екінші және 6 мұғалім үшінші деңгей бойынша Кембридж университеті мен қазақстандық ғалымдардың бірлесе жасаған арнайы деңгейлік оқыту бағдарламасы аясында біліктілік арттыру курстарынан өтті. Мектепте оқытудағы инновациялық әдіс-тәсілдерді еркін меңгеріп қана қоймай, оны оқу үдерісінде үздіксіз әрі жан-жақты қолдану барысында нақты қадамдар жасау алгоритмі қалыптасқан.

– Жас мамандар жоғары оқу орындарында алған теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруға келгенде қиналады. Бұл білім сапасының төмендеуіне әкелетіні белгілі.

– Біздің ұжымға келген жастар үшін “Жас мұғалім мектебі” жұмыс істейді. Оған тәжірибелі ұстаз Татьяна Ярышева жетекшілік етеді. Тәлімгер ұстаздар жастармен жұмысты арнайы жоспар негізінде жүргізеді. Әр жас маманға бекітілген тәжірибелі ұстаз оларға мұғалімдіктің қыр-сырын игеруіне жағдай жасайды. Мектепте ұстаздар арасында сабақтастық қалыптасқан. Олар онлайн-сабақтар, семинарлар, коучингтер, шеберлік сыныптарын өткізіп, үнемі тәжірибе алмасып отырады. Әдістемелік құралдар жазады. Мұғалімдер арасында өткізілетін “Қалауым – қазақ тілі”, “Дарынды оқушыға – талантты мұғалім”, “Жүзден жүйрік”, “Үздік педагог”, “Үздік әдістемелік құралдар”, Web-олимпиада секілді маңызы зор байқауларға қатысып, өздерінің шеберліктерін шыңдайды.

– “Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады” дегендей, бұл бағыттағы жетістіктеріңізге тоқталсаңыз?

– Ұстаз еңбегі білім нәрімен сусындатып, аялап отырған шәкіртінің сұранысын қаншалықты қанағаттандырып отырғанымен тікелей байланысты. Оқушы бойында ашылмай жатқан мүмкіндіктерді байқау, оны жоспарлап, белгілі бір дәрежеде, нақты сала бойынша жетістіктерге жетуіне жағдай жасау қажет. Біз әр оқушыны жеке тұлға ретінде қарастырамыз. Лицей оқушылары пән олимпиадалары мен түрлі зияткерлік байқауларда ғана емес, сонымен қатар, жыл сайын түрлі деңгейлерде өткізілетін ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздары қатарынан көрінуде. Бұл – әр оқушының қызығушылығы мен мүмкіндігіне қарай нақты бір ғылым саласы бойынша ізденуіне жағдай жасауымыздың жемісі. Оған оқушыларымыздың АҚШ-та, Грецияда, Чехияда, Швейцарияда өткен ғылыми жобалар байқауында, Мәскеу қаласында өткен Вернадский атындағы жалпыресейлік жасөспірімдер оқуында, Ресейдің Протвино қаласында компьютерлік физикадан өткен халықаралық турнирінде, Кипрдің Никосия қаласында математикадан өткен халықаралық ғылыми жобалар байқауында жүлдегер атануы дәлел. Қазіргі таңда бізден түлеп ұшқан шәкірттер Қытайда, Ресей Федерациясында, Түркияда, Жапонияда, Францияда өз білімдерін жалғастыруда, алды оқуларын сәтті аяқтап, еңбек етіп жүр.

– Қазіргі таңда үш тілді қатар дамыту маңызды. Ол бойынша қандай жұмыс жүргізілуде? Алдағы мақсаттарыңыз қандай?

– Лицей – аралас мектеп, сол себепті Елбасының “Тілдің үштұғырлылығы” бағдарламасы аясында өзге этнос өкілдеріне қазақ тілін меңгерту және ағылшын тілін тереңдетіп оқыту алға қойылған. Бірнеше жыл қатарынан мектебімізде еріктілер жұмыс істеді, бұл оқушыларға ағылшын тілін меңгертудің жаңа тәсілін қалыптастырды. 2013 жылы мектеп “Teachers for Global Classrooms” бағдарламасы аясында АҚШ мұғалімдерін қарсы алып, олар лицейдің ағылшын тілі мұғалімдерімен бірлесе сабақ берді. Қазіргі таңда мектеп Вирджиния штаты мектептерімен хат алысып, онлайн-кездесулер ұйымдастырып тұрады.

Болашақта мектептің педагогикалық ұжымы ата-аналармен бірлесе отыра, шәкірт білімін шыңдауда жеткен тұғырымыздан таймай, әлі де талай асуларды бағындыру үшін талмай еңбек ететін боламыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp