Петропавлда есірткі граффитилері азая бастады. Бұған ең алдымен жазаның қатаңдатылуы, әрі жауапты азаматтардың белсенді ұстанымы мен есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі басқарма қызметкерлерінің терең ойластырылған тетіктері түрткі болды.
Биылғы жылдың 11 қаңтарына дейін қауіпті жазулардың авторлары бұзақылық жасағаны үшін ғана жауапқа тартылатын. Ал Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізілгеннен бері оларды 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
«Заңнамадағы өзгерістер туралы біз халықты кеңінен хабардар еттік, әлеуметтік желілерге бейнеролик дайындадық. Жазулардың саны күрт азайды. Былтырғы жылдың бірінші тоқсанында 157 жазу боялса, биыл 112 граффитиді жойдық», — дейді есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жандос Басыбаев.
Полицейлер еріктілердің және пәтер иелері кооперативтерінің көмегіне жүгініп, күш біріктірді. «СҚО есірткіге қарсы» чаты кеңінен жарнамаланды. 8-707-500-96-65 нөміріне өңір тұрғындары есірткіні жарнамалайтын фотолар мен мекенжайларды жіберуде.
Жыл басынан бері «Telegram» мессенджер арқылы заңсыз есірткі сатқан екі интернет-дүкеннің қызметі тоқтатылды. Олардың иелері ұсталып, тергеу жүргізілуде. 8 сәуір күні Мамлют ауданында 33 жастағы ауыл тұрғыны ұсталып, одан 730 граммнан астам кептірілген марихуана тәркіленді.
Облыс полицейлері жыл басынан бері заңсыз есірткі айналымына қатысты 57 заңбұзушылықты анықтап, 4 кг есірткі тәркіледі. Соның ішінде 18-і – есірткі сату.