Мағжан Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжі халықаралық тәжірибе алмасуды өз қызметінің негізгі құрамдас бөлігі ретінде қарастырады. Оқу орнының педагогикалық ұжымы оқытушылардың әлеуетін, кәсіби дәрежесін жоғарылату мақсатында жұмыс тәжірибелерін тарату және алмасу бойынша іс-шараларды ұйымдастырудың түрлі формаларын қолдана отырып, Ресей Федерациясының оқу орындарымен халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады.
Біздің ұжым бірнеше жылдан бері Омбы облысының №1 педагогикалық колледжімен өзара ынтымақтастық келісім аясында тығыз қарым-қатынас жасайды. Оқу орындарының оқытушылары үнемі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға, семинарларға қатысып тұрады. “Оқытудың инновациялық технологияларын пайдалану ерекшеліктері” тақырыбында Омбы педагогикалық колледжінде өткізілген аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференцияға біздің оқытушыларымыз Надежда Рябова, Ирина Завертяева қатысты. Батыс Сібірдің алғашқы педагогикалық мекемесі Омбы мұғалімдер семинариясының 140 жылдығына арналған “Қазақстан мен Сібірдегі білім және ағартушылықтың тарихы” атты бүкілресейлік ғылыми-тәжірибелік конференцияға да оқытушыларымыз қатысып, тәжірибе бөлісті. Анастасия Хрипункова “Ұлы Мағжан мұрасы – ұрпақ тұтастығының негізі”, Алма Бердіғұлова “Қазақстандағы мұғалім кадрларды даярлаудың ғылыми негізінің қалыптасу тарихы: М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжі тәжірибесінен” тақырыптары бойынша пікір алмасты.
Мағжан Жұмабаев колледжінде өткен “Білім берудегі инновациялық технологиялар” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Омбы, Қорған қалаларының оқу орындарынан бірнеше оқытушы қатысты. Омбы №1 педагогикалық колледжінің студенттері өздерінде атқарылып жатқан жұмыстар жайын баян етсе, колледж оқытушысы Бәткен Тулилинова Мағжан Жұмабаевтың аталмыш оқу орнында (бұрынғы Омбы семинариясы) оқығаны жайлы айтты. Ондағы мұражайда ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы бұрыш жабдықталып, кіреберісте ұлы ақынға арналған мемориалдық тақта орнатылған. “Туған жер – М.Жұмабаев поэзиясындағы ұлттық рухани құндылық” және “М.Жұмабаев поэзиясындағы махаббат философиясы” тақырыптары жайында Малика Махамбетова мен Әсел Байжанованың жасаған баяндамасының оқушыларға берері мол болды.
Қара шаңырағымыз 1993 жылдан бастап қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың атын иеленіп келеді. Колледжде ақынға арналған мұражай жұмыс істейді. Екі жақтың мұражай қызметкерлері ақынның өмірінен сыр шертетін суреттермен, бағалы құжаттармен, жәдігерлермен алмасып тұрады. Мағжан Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінің 95 жылдығы таяп келеді. Осыған орай жыл сайын ұйымдастырылатын республикалық “Дарынды балаларға – талантты ұстаз” атты педагогикалық олимпиада мамыр айында біздің колледжде өткізілмекші. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен оқушылар, студенттер, тәлімгерлер, магистранттар, жас мамандар қатысады. Бірінші рет осы іс-шараны халықаралық деңгейде өткізу мақсатында Омбы, Қорған қалаларының оқу мекемелеріне шақыру жіберіп отырмыз.
Омбы педагогикалық колледжінің оқытушыларына қазақ тілін жүргізуге арналған оқу-әдістемелік кешендер, оқу құралдары, тестік тапсырмалар, қазақ диаспоралары оқушылары үшін Наурыз мерекесін тойлауға арналған тәрбиелік іс-шаралардың әзірлемелерін бердік. Алдағы уақытта да білім жүйесінде ынтымақтаса тындырар игі істеріміз баршылық. Екі-жақты қарым-қатынас өзара әріптестік және тиімді ынтымақтастық рухында одан әрі жалғасатын болады.
Сәуле ҚАЗКЕНОВА,
Мағжан Жұмабаев атындағы
Петропавл гуманитарлық
колледжінің әдіскері.