«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРЛЕСКЕН ІС БЕРЕКЕЛІ

Оқушылар сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің республикалық форумы өтті. Онда кеңес мүшелерінің мемлекеттік міндеттерді және халықтың өзекті мәселелерін шешуге белсенді қатысуы, әсіресе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған бес әлеуметтік бастаманың іске асырылуын қоғамдық бақылауға алу барысы қаралды.

Пленарлық отырыс алдында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған “Тең жол” автомектебінің негізін қалаушы Сәлімхан Сәбитовке Ассамблея мен “Алтын қыран” халықаралық қайырымдылық қоры атынан автокөлік кілтін табыс етті.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға көлік жүргізуді үйретіп, кейін жолаушылар тасымалымен айналысуларына мүмкіндік беретін әлеуметтік жоба авторы жуырда өткен “Самұрық – 2018” байқауының нәтижесі бойынша “Жыл жаңалығы” аталымының жеңімпазы атанды. Оның бастамасы бұдан өзге үш бірдей жобалар байқауында да үздік деп танылды.

– Қоғамдық келісім кеңесінің республикалық форумын осындай салтанатпен бастап отырғанымызға қуаныштымын. Бүгінде Петропавлда 8 мыңнан астам тірек-қимыл жүйесінде ақауы бар адам тұрады. Сәлімхан осындай жандар үшін автомектеп ұйымдастыра отырып, өзінің әлеуметтік жауапкершілігін көрсетті. Өзі және өзгелер үшін жаңа мүмкіндіктер есігін ашты. Мен белсенді жігіттің мұндай әрекеттерін отансүйгіштік пен азаматтық ерлікке балаймын, – деді Леонид Прокопенко.

Қалалық, ауылдық деңгейлердегі және кәсіпорындардағы қоғамдық келісім кеңестерінің жұмыс тәжірибелері қаралған басқосуға “Нұр Отан” партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов, облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет, әр өңірдің қоғамдық келісім кеңестерінің, қоғамдық ұйымдардың, “Жаңғыру жолы” республикалық жастар қозғалысының, этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстар мен қалалар, аудандар мен елді мекендер және ірі кәсіпорындар деңгейлеріндегі 3014 қоғамдық келісім кеңесі жұмыс істейді. 2013 жылдан бастап құрыла бастаған бұл кеңестер осы күнге дейін қазақстандықтардың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобаларды іске асыру барысындағы қоғамдық бақылауды ұйымдастыру міндетін жүйелі орындап келеді. Леонид Прокопенко кеңестердің жұмысына, сонымен қатар олар жүргізген әлеуметтік-саяси науқандарға 25 мыңнан астам адам қатысқанын айтты. Жыл басынан бері қоғамдық келісім кеңестері тұрғындар арасында Президент Жолдауын түсіндіру жұмыстарынан бастап, қайырымдылық кештеріне дейін барлығы 16650 іс-шара өткізіп, 1 миллионнан астам адамды қамтыған. Үстіміздегі жылы кеңестердің Президенттің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылу барысын, жергілікті бюджеттің тиімді пайдаланылуын, агроөнеркәсіп секторындағы үдемелі технологияларды енгізу мәселелерін бақылауға алу істеріне көп көңіл бөлгені белгілі. Баяндамашы осы міндеттерді аса белсенділікпен атқарған Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай және тағы басқа облыстардағы қоғамдық келісім кеңестерінің жұмыс нәтижелерін мысалға келтірді. Ол осы өңірлерде қоғаммен кері байланыстың да жолға қойылғанын атап өтті.

Ассамблеяның хатшылық меңгерушісі кейбір өңірлерде кеңес мүшелерінің әкімдік пен мәслихат отырыстарына, әкімдердің есеп беру кездесулеріне қатысумен ғана шектеліп, өз міндеттерін түбегейлі орындамайтындарына өкініш білдірді. Мұндай кемшіліктер жалпы қоғамдық келісім жұмысының нәтижесіне кері әсер етуі мүмкін.

– Еліміздің бас партиясы Президенттің бес әлеуметтік бастамасының әрбір қазақстандыққа өз игілігін әкелуіне үлес қосуда. Президенттің “7-20-25” бағдарламасына қызығушылар көп. Бүгінде әкімдіктердің жас отбасылар мен бюджеттік қызметкерлер үшін алғашқы жарна бөлу мәселесі қарастырылуда. Алматы, Астана қалалары мен Маңғыстау облыстарында аталмыш бағдарлама бойынша үй алушылар қатары қалың, бірақ кей өңірлер мүлдем орындай алмауда. Сол сияқты кәсіпкерлікті қолдауға бөлінетін шағын несиелер көлемі кей облыстарда 30 пайыздан аспаса, Жамбыл, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында, керісінше, жоспар асыра орындалып отыр, – деді “Нұр Отан” партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов.

Президенттің бес әлеуметтік бастамасы мен халықтың тұрмыс сапасын көтеруге бағытталған өзге де жобалардың іске асырылу нәтижелері жөнінде партия мен қоғамдық келісім өкілдері келесі жылдың басында Елбасы алдында есеп бермек. Форумға қатысушылар атқарылған жұмыстың санынан гөрі сапасына көңіл бөлуге шақырды. Ол үшін тұрғындар пікірімен санасып, әрбір өткізілген іс-шарадан қорытынды шығара білу қажет, деді форум спикерлері.

Форум бағдарламасы аясында “Қызылжар су” ЖШС-і қоғамдық келісім кеңесінің мүшелерімен кездесу өткізіліп, медиация және әлеуметтік желілердегі PR технологиялары бойынша тренингтер ұйымдастырылды.

 Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp