Келешегіміздің келбетті, болашағымыздың баянды болуы бүгінгі жастардың, ертеңгі өрендердің біліміне, ұмтылысына тікелей байланысты екендігін аға буын өкілдерінен көп естиміз. Оны жастарға артқан зор сенім мен үміттің көрінісі десек, жастарға үлкен жауапкершіліктің жүктеліп отырғандығын аңғаруға болады.
Ел Президентінің жыл сайынғы Жолдауларының басым бағыттары жастармен тікелей байланысты болуы, маңызы бар стратегиялары мен мақалаларында, ұлағатты сөздерінде әр кез өскелең ұрпақты тілге тиек етуі – соның айқын дәлелі.
Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде жастар саясатын белсенді жүзеге асыру мақсатында жастар ресурстық орталықтары құрылған. Айыртау ауданында да жастар мәселелерімен айналысатын “Жастар бастамалары орталығы” және “Айыртау жастары” ұйымы жұмыс істеп келеді. Аталмыш орталықтардың ашылғанына бір жылдай ғана уақыт болса да, олар ауданымыздағы жастардың түрлі мәселелерін шешуде.
Айыртау аудандық “Жастар бастамалары орталығының” директоры Әсет Қожахметовтің айтуынша, ұйымның өмірге келген күнінен бастап ауылдардың көптеген өрендері түрлі сұрақтар қою арқылы өз қызығушылықтарын білдірген. Аз ғана уақыттың ішінде ұйымның мамандары ауданға қарасты алыс-жақын ауылдарды аралап, ондағы өрендердің ой-пікірлерін тыңдап, “дөңгелек үстел” отырыстарын, түрлі кездесулерді өткізді. Ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуді қамтамасыз етумен қатар, біз аудандық “Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар” бөлімімен бірігіп, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткізіп, екі қолға бір күрек таппай жүрген жастардың жұмысқа орналасуын қамтамасыз етеміз.
“Айыртау жастары” қоғамдық ұйымының жетекшісі Еркін Нұрбахтинов өзінің тың идеяларын ауданымыздағы бастамашыл жастармен бірлесе жүзеге асыруға ниетті. Келісіп пішкен тонның келте болмайтынын ісімен дәлелдеген Еркін кез келген өреннің, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандардың мұң-мұқтаждықтарына баса мән беріп, олардың қоғамдық жұмыстарға белсене араласуын қамтамасыз етуде.
Еліміздің дамуына бағытталған кез келген жастар бастамалары бүгінгі таңда мемлекеттің қолдауына ие. Елбасының Жолдауында жастардың болашағы үшін жасалынып жатқан шаралардың бастылары ғана айтылған. Осы күнге дейін ұйымдастырылған іс-шаралар орталық жұмысының бір парасы ғана, алда әлі талай маңызды істер атқарылады деп нық сеніммен айта аламын.
Әйгерім ОМАРОВА,
“Жастар бастамалары
орталығының” кеңесшісі.
Айыртау ауданы.