Біздің облыстың полиция қызметкерлері Ресей Федерациясының көршілес Омбы, Түмен және Қорған облыстарының құқық қорғау органдарымен тығыз қарым- қатынас орнатқан. Тәуелсіздік жылдары бұл әріптестік жаңа деңгейге көтерілді. Екі елдің полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтауда, лаңкестікке қарсы күресте, заңсыз есірткі саудасын алдын алуда және басқа да бағыттарда бірлесіп іс-қимыл жасау арқылы ортақ нәтижеге қол жеткізуде.
Кеше Оқушылар сарайында өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Ресей Федерациясы Омбы, Түмен, Қорған облыстары құқық қорғау органдары өкілдерінің, облыстық полиция департаменті басшыларының, белгілі ғалымдардың қатысуымен шекаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланған үйлестіру тобының отырысы өтті. Ресейлік меймандар кездесуге дейін Петропавл қаласындағы облыстық полиция департаментінің бірнеше нысандарында, мұражайында, мұрағатында, жедел басқару орталығында, фронт-офисте болып, олардың жұмысымен танысты.
– Бүгінгі кездесу өтіп жатқан Оқушылар сарайында осы күзде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің қатысуымен ХV өңіраралық ынтымақтастық форумы өткен болатын. Бұл алқалы жиын екі елдің барлық саладағы, әсіресе, туризмді дамытудағы байланысын одан әрі дамытуға серпін беретіні сөзсіз. Ал бүгінгі кездесу құқық қорғау саласындағы ынтымақтастықты дамытуға өз септігін тигізуі тиіс, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов. – Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара экономикалық, мәдени байланыс ғасырлар сынынан өткен. Соңғы жылдары екі ел арасындағы тауар айналымы айтарлықтай өсіп, Ресейдің еліміздің экспортындағы үлесі 90 пайызға дейін жетіп отыр. Бірлескен кәсіпорындар саны арта түсуде. Көршілес өңірлердің құқық қорғау органдары шекаралық ынтымақтастығының нәтижесінде қылмыс деңгейі 5 пайызға азайған. Бүгіндері Петропавл қаласы аумағының 80 пайызы бейнебақылау желісімен қамтылған, олар жедел басқару орталығына қосылған. Бұл қоғамдық тәртіпті бақылауға, қылмысты болдырмауға көп көмегін тигізуде.
Үйлестіру тобының отырысында екі елдің шекаралық ынтымақтастығын нығайтуға, қылмыспен күресуге қосқан үлестері үшін Омбы, Қорған, Түмен облыстық ішкі істер басқармаларының бастықтары мен бір топ полиция қызметкері облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды.
Кездесуде Қорған облыстық ішкі істер басқармасының бастығы, полиция генерал-майоры Олег Ильиных, Омбы облыстық ішкі істер басқармасының бастығы, полиция генерал-майоры Леонид Коломийц, Түмен облыстық ішкі істер басқармасының бастығы, полиция генерал- майоры Юрий Алтынов сөз сөйлеп, шекаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту бағытында атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер туралы ойларымен бөлісті.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов екі елдің құқық қорғау органдарының шекаралық ынтымақтастығының өзекті мәселелері туралы баяндама жасады.
– ТМД елдері шеңберінде біз тұңғыш рет бейнеконференция режімінде бірлескен отырыстарды өткізуді қолға алдық. Шекаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша онлайн режімде үш жұмыс кездесуі ұйымдастырылды. Сонымен қатар полиция қызметкерлерінің қатысуымен мәдени, спорттық шаралар өткізу игі дәстүрге айналған. Бұл шекаралас облыстардағы туындаған проблемаларды жоғары деңгейде шешуге және жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді, – деді Берік Сұлтанғазыұлы.
Екі ел полицейлері диалогының басты тақырыбы – қылмыскерлерді іздестіру, көлік құралдарына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы іс-қимыл жасау, жедел-криминалистикалық және сараптамалық-криминалистикалық бөліністердің өзара іс-қимылы бойынша шекаралық ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру мен жетілдіру мәселелері болды. Қылмыскерлерді іздестіру полиция жұмысының ең маңызды бағыты және жазадан бұлтартпау қағидатының аспектісі. Осындай бірлескен жұмыстардың нәтижесінде біздің облыстың аумағында Ресей ішкі істер органдары іздеу салған 24 қылмыскер құрықталды. Сондай-ақ, біздің өңірде қылмыс жасап, Ресей Федерациясының аумағында бой тасалаған 13 қылмыскердің қолына кісен салынды.
Көлік құралдарына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы іс-қимыл жасау соңғы жылдары өзекті бола түсуде. Әсіресе, Еуразиялық экономикалық одақ пен бірыңғай кедендік кеңістік жағдайында заңсыз автокөлік тасымалына қарсы іс-қимыл жасауды шекаралас аймақтардың құқық қорғау органдарымен жан-жақты талқылауды және қылмыстың осы түрімен күрес шараларын анықтауды талап етеді.
Үйлестіру тобының отырысында облыстық полиция департаменті мен Қорған, Омбы, Түмен облыстық ішкі істер басқармаларының бастықтары 2019 жылға арналған қылмысқа қарсы іс-қимыл, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойды. Кездесу соңында екі елдің полиция қызметінің бастықтары бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен баспасөз конференциясын өткізіп, журналистердің қойған сұрақтарына жауап берді.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.