“Нұр Отан” партиясы Жамбыл аудандық филиалында “Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мамандары Қазақстан халқы Ассамблеясының даму тұжырымдамасын іске асырудың тиісті шарты ретінде этномәдени бірлестіктер қызметінің тиімділігін арттыру тақырыбында облыстық семинар-тренинг өткізді.
– Семинардың мақсаты тыңдаушылардың этномәдени бірлестіктер қызметін ұйымдастыру жөніндегі кәсіби білімдері мен біліктіліктерін арттыру болса, міндетіміз Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы аясында айқындалған міндеттердің маңыздылығын ашу, “Қоғамдық келісім” мекемесінің қызметімен таныстыру, этномәдени бірлестіктер қызметін ұйымдастыруда заманауи технологиялардың рөлі мен маңызын, тәсілдері мен әдістерін көрсету, этносаралық келісім мәселелері бойынша пікір және тәжірибе алмасу болып табылады, – деді жиында сөз алған “Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жетекшісі Дина Әбілмәжінова.
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұса Дадаев 1995 жылдың наурызында Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғандығы туралы Жарлық шыққанда “Вайнах” шешен-ингуш бірлестігі алғашқылардің бірі болып ассамблеяға мүше ретінде тіркелгендігін тілге тиек етті. Ал “Барбанг” күрдтер қауымдастығы” облыстық филиалының төрағасы Рашид Надиров өз ұлысының тарихынан сөз тартып, халқының бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында айта келе, өзінің Қазақстанда тұратынын мақтан ететінін айтты.
Жиын барысында қоғамдық келісім кеңесінің құрылуы, Нұрсұлтан Назарбаевтың толеранттылық және қоғамдық келісімнің этносаралық қазақстандық моделі, этномәдени бірлестіктердің жұмысын ұйымдастырудың заманауи тәсілдері мен әдістері туралы баяндамалар тыңдалды. Одан соң семинарға қатысушылар қоғамдық бірлестіктер жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған “SNED” команда жасау технологиясы бойынша ұйымдастырылған тренингке қатысты.
Түстен кейін олар аудандық Мәдениет үйіндегі этнобірлестіктердің жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ, осы жерде “Бір шаңырақ астында өмір сүреміз” атты облыстық фестивальдың ашылу салтанатын тамашалады.
Ғабит ЕРЕЖЕПҰЛЫ.
Жамбыл ауданы.