«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРЛЕСІП ЖҰМЫС ЖҮРГІЗУДЕ

Облыстық ішкі істер департаментінің басшылығы осы саладағы ардагерлер кеңесінің төрағаларымен кездесіп, олармен құқық бұзушылықтың алдын алуға және Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойын атап өтуге байланысты жоспарларын талқылады.

Бүгінде облыстық ішкі істер органдарында мың жарымнан астам ардагер бар.

– Біздегі ардагерлер кеңестерінің мақсаты – зейнеткерлеріміздің тұрмысын жақсартуды ойластыру, полицияның жас қызметкерлері мен ұлттық ұлан жауынгерлеріне патриоттық және интернационалдық тәрбие беру жұмыстарына қатысу. Сондай-ақ, қызметтік іс-шараларға да көмектесіп, қылмыстың алдын алу үшін өзіміздің бай өмірлік тәжірибелерімізбен бөлісу болып табылады, – деді департаменттегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұраған Көпеев.  

Қазір облыстық ішкі істер органдарында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 10 адам және оларға теңестірілген төрт ардагер бар. Сонымен бірге 38 тыл еңбеккері мен 14 жергілікті қақтығыстарға қатысушылар да ерекше құрметтелетіндер қатарында. Полиция қызметкерлері Жеңіс мерекесіне дейін бірнеше қайырымдылық сенбіліктерін өткізуді жоспарлап отыр.

– Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойын лайықты атап өту үшін ішкі істер департаментінде ауқымды жоспар жасалды. Бұл шараға барлық полиция қызметкерлері мен ардагерлері атсалысуы тиісті, – деді облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов.

Сол сияқты ішкі істер департаментінде барлық полиция ардагерлеріне зор көңіл бөлінетіні айтылды. Өткен жылы аудандық ішкі істер бөлімдерінің ардагерлері ҚР ІІМ-нің сауықтыру орындарында демалып қайтты. Бұл биылғы жылы да жалғасын таппақ. Кездесу барысында көтерілген мәселелердің ішінде ішкі істер органдары ардагерлерінің полиция қызметкерлерімен бірігіп жұмыс атқаруы жайы кеңірек сөз болды. Өмірлік тәжірибесі мол ардагерлердің көбісі жас қызметкерлерге тәлімгерлер болып келеді. Солардың бірі – Ғ. Мүсірепов атындағы аудандық ішкі істер бөлімі ардагерлер кеңесінің төрайымы Анна Помыткина полиция өміріне белсенді атсалысып жүр. Оған өмірлік берік ұстанымы мен полицияға көмегі үшін ішкі істер департаментінің грамотасы тапсырылды. Сондай-ақ, спорт және басқа да шараларға белсене қатысып жүрген ардагерлер де марапатталды.

Ерлан МАХМЕТОВ,

облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің инспекторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp