Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен күрес стратегиялық маңызды мәселе екенін атап көрсетіп, оның деңгейін төмендету бағытындағы елеулі қадамдардың жасалуына бастама берді. Елімізде аталмыш дерттің орын алу себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысы күшейтілді.
Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін төмендететіні, қоғамның демократиялық жолда дамуын тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Өкінішке қарай, қанша күш жұмылдырылғанмен, “бармақ басты, көз қысты” әдет әлі де қалмай келеді. Сондықтан жемқорлықпен күреске барша елдің күш біріктіріп, белсене қатысуы маңызды. Ол үшін алдымен әрбір отбасы мен әр ортада жемқорлық соңы жақсылыққа апармайтын қылмыс ретінде қабылдануы тиіс деп есептейміз.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимылды ұйымдастыру, алдын алу шараларын күшейту – бұл бүгінде әрбір мемлекеттік органның басты міндеттерінің бірі. Жасыратыны жоқ, сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттік қызметшілер тарапынан көрініс табуы елдің дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, қоғамда билікке деген сенімсіздік тудырады. Осы орайда шекарашылардың парақорлыққа деген теріс көзқарасын қалыптастырып, қоғам үшін күрделі де қауіпті мәселені шешу үшін атсалысамыз.
Бүгінгі күні жемқорлықтың алдын алу және ескерту жұмыстарына Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі де белсенді түрде қатысады. Мәселен, “Возвышенка” шекара бақылау бөлімшесінің өзінде Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл стратегиясы, мемлекеттік қызметшілердің этикалық нормасы, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңнамалардың талаптары бойынша түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. Бұл шекарашылардың қызмет барысында заңнамаға сүйене отырып дереу шешімдер қабылдауына, мемлекеттік қызметшінің құзыретіне кіретін міндеттерді орындау кезінде материалдық игілікті алға қойып, кеңшілік жасамауына, жеке мәселелерін шешу үшін қызметтік жағдайын пайдаланбауына жол ашады.
Жемқорлыққа қарсы күрес жанжақты, үздіксіз ашық әрі әділетті жүргізілуі тиіс. Қоғамды жегідей жеген індетпен көп болып күресуіміз керек. Біздің шекара бақылау бөлімшесінде мұндай келеңсіз оқиға тіркелген жоқ. Ешкім пара бермесе, ешкім пара алмаса, сонда ғана алға қойған мақсаттарымызға қол жеткізіп, жемқорлық атаулыдан айығамыз.
Өмірсерік СЕЙДАЛЫ,
№2032 әскери бөлімі “Возвышенка” шекара бақылау бөлімшесінің бастығы, аға лейтенант.