Мағжан Жұмабаев ауданының орталығындағы Мәдениет үйінде “Үлкен ел – үлкен отбасы” форумы өтті. Форум барысында қолөнер және “Достық дастарқаны” ұлттық тағамдар көрмесі де ұйымдастырылды.
Бүгінде аталмыш ауданда 30-ға жуық этнос өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Солардың 12-сі өздерінің этнобірлестіктерін құрып, еліміздегі бірлік пен тұрақтылықты сақтауға өз үлестерін қосуда. Мәселен, 2000 жылы құрылған “Wiedergeburt” неміс этнобірлестігі бүгінгі форумда өздерінің ұлттық бәліші – “куханы” таныстырды. Ал “Мақсат” этномәдени бірлестігі киіз үй тігіп, оның ішіне борсық, түлкі сияқты аңдардың терілерін ілген. Сонымен қатар, қамшы, қыл арқандарды да көруге болады.
Көрмеден кейін тілі, ділі бөлек болса да, тілегі бір этностардың басын қосқан форум өтіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын тойлауда елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар марапатталды. Осындай жағымды сәттерге толы салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласты.
Риат ШОНИ,
журналист.