«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРЛІГІМІЗ – БЕРЕКЕМІЗ

Өтіп бара жатқан Қой жылы еліміз үшін той жылы болғандай. Мерейлі тойларымызды бірінен соң бірін атап өтіп, аумалы-төкпелі заманның уысына түссек те, көңіліміз пәс болмады. Керісінше, өтпелі кезеңнің қиындығына мойынсұнбай, келер күннен жақсылық күттік. Бұған ауызбіршілігіміз де себеп болған шығар. Ішкі тұрақтылығымызды сақтай отыра, сыртқа ақ ниетімізді көрсеткенімізді әлем жұрты біледі. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық сессиясында: “Ассамблеяның 20 жылдығы – біздің еліміздің бүгінгі жетістіктерін мақтан тұтып отырған тұрақтылықтың, бірлескен еңбектің, даму мен достықтың 20 жылы”, – деп атап өтті.

Елімізде этномәдени бірлестіктердің оңтайлы жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Бүгінде Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының құрамында 24 этно-мәдени бірлестік бар. Ал аудандарда олардың саны – 217.

Биылғы мерейтойлы күндерге толы жылда үш мыңнан астам шара өтті. Аталмыш шаралардың ішінде тәрбиелік мәні зор Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан Конституциясының 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы сияқты мерейтойларды кең көлемде атап өттік.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығында салтанатты түрде өңіріміздің барлық аудандарында Ассамблея туы көтеріліп, 11 республикалық әлеуметтік жоба бастау алды. Өңірімізде “Татулық пен келісімнің жол картасы” мега-жобасы жүзеге асырылып, оған тұрғындар жақсы баға берді. Барлық этномәдени бірлестіктер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және жастар белсене қатысты. Мерейлі жылда “Менің Қазақстаным пойызының Астана қаласынан кейін бірден біздің өңірге ат басын бұруы ең маңызды оқиғалардың бірі болды. Акция аясында қоғамдық келісім кеңесінің отырысында 500-ден астам тұрғын денсаулық сақтау, әлеуметтік және заңгерлік сала бойынша консультация, медициналық көмек алды.

Сондай-ақ, біз “Қазақстан халқы Ассамблеясы – 20 игі іс” республикалық акциясына белсене қатыстық. Өңірімізде жүзеге асырылған игі істер қайырымдылық шараларына ұласып, соғыс және еңбек ардагерлеріне, мүмкіндігі шектеулі жандарға, Балалар үйі мен интернат тәрбиеленушілеріне қолдау көрсетілді. Ұлы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу аясында “Асар” әлеуметтік тілектестік акциясы, соғыс пен тың еңбеккерлері ардагерлеріне арналған қайырымдылық айлығында 20 мың адамға көмек көрсеттік. Бұл жандар қанша жыл өтсе де, бізге үлгі, ал өскелең ұрпақ үшін рухы мұқалмаған батыр болып қала бермек. Ал біздің міндетіміз – соларға лайық болу және лайықты ұрпақ тәрбиелеу.

Бүгінгі жас буынды өткенге құрметпен, болашаққа жауапкершілікпен қарауға баулу кезінде Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында “Ұлы Дала елі” республикалық тарихи-мәдени экспедициясының ұйымдастырылуы зор маңызға ие. Аталмыш экспедицияның тарихи-рухани жағынан бай өңірімізге келуі – барымызды бағалап, жоғымызды түгендеуге мемлекеттік деңгейде бет бұрылғандығының белгісі. Бүгінгі таңда қазақстандық ғалымдар Қазақ хандығының құрылуын зерттеу бағытында ауқымды жұмысты жүзеге асыруда. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығында Еуразиялық экономикалық одақ бойынша әріптестерімізбен мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты тереңдету бойынша жұмысты жалғастыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Шекарада тұрған біздің облыс аталмыш жұмысты жүзеге асыруда белсенділік танытып отыр. Бүгінгі таңда өңіріміз Ресейдің Түмен, Омбы және Қорған облыстарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Осының арқасында біз Зауралье халқы Ассамблеясымен, сондай-ақ, Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясымен бірқатар келісімдер жасадық.

Қазақ халқы: “Бірліксіз тірлік жоқ”, – дейді. Қарапайым тілмен жеткізілген бұл даналықтың мәні терең. Біздің Ұлы қазақ елі – Мәңгілік Ел. Мешін жылында Мәңгілік Елдің меселі қайтпаса екен деп тілеймін!

Наиль САЛИМОВ,

Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp