«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бірлігіміз жарасқан. Берекеміз бел асқан …

“Қазақстанның орыс қауымы” қоғамдық бірлестігінің солтүстікқазақстандық филиалы 1994 жылы құрылды. Ол – өңіріміздегі ең ірі бірлестіктердің бірі. Өткен жылы қоғамдық бірлестік өзінің 20 жылдығын атап өтті.

“Қазақстанның орыс қауымы” қоғамдық бірлестігі филиалының жұмысы орыс, православиелік және мемлекеттік мерекелерге негізделе отырып жүргізіледі. Рождество, Масленица, Наурыз, Қазақстан халқының бірлігі күні, Жеңіс күні мерекелерін халықпен бірге тойлау дәстүрге айналған.

24 мамыр славян жазуы мен мәдениеті күні аталып өтілді. Ол шара славян тілі мен әліпбиінің алғашқы негізін қалаушы ағайынды Кирилл мен Мефодийдің құрметіне арналды. “Покровский перезвон” атты славян мәдениетінің фестивалі – қалалықтардың асыға күтетін мейрамы. Дәстүрлі түрде тойланып келген бұл мереке 2014 жылы сегізінші мәрте өткізілді.  

“Қазақстанның орыс қауымы” қоғамдық бірлестігі филиалы еліміздегі этносаралық келісімді сақтауға және одан әрі нығайтуға, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетімізде тұрып жатқан орыс және басқа да этностар мәдениеттерін насихаттауға бағытталған саясатын белсенді жүргізіп, бастамаларына қолдау көрсетеді.

“Дуслык” татар-башқұрт қоғамдық-мәдени орталығы құрылғаннан бері өңірімізде “Сабантой” мерекесі тойланып келеді. 2013 жылы “Сабантой” мейрамының 25 жылдығы аталып өтілді. Мереке барысында ағайындас татар-башқұрт этностарының салт-дәстүрлері паш етіліп, ұлттық ойындарына, ән мен жырларына, билеріне ерекше көңіл бөлінді. Бұл – өскелең ұрпақты өзінің және басқа этностардың мәдениеті мен дәстүрін құрметтеуге баулитын мереке. Шараға Қазан, Астана, Көкшетау қалаларынан қонақтар шақырылып, оларға құрмет көрсетілді. Сабантойдың белсенді қатысушыларына құнды сыйлықтар тарту етіліп, мақтау қағаздары табысталды.

2014 жылы “Дуслык” татар-башқұрт қоғамдық-мәдени орталығы 25 жылдық мерейтойына Қазан қаласынан “Казан егетләре” вокалдық тобын шақырды. Олар да өз өнерлерін ортаға салып, көрермендер қошеметіне ие болды.

2014 жылы тамыз айында Қазақстан Конституциясы күніне арналған шарада татар салт-дәстүрін көрсеткен “Дуслык” татар-башқұрт қоғамдық-мәдени орталығы 3-ші орынды жеңіп алды. Орталық өз жұмысын өңір халқының достығы мен бірлігін нығайтуға негіздеп жүргізеді.

 

Украин ұлттық дәстүрін сақтауда, музыкалық шығармашылығын, қолданбалы қолөнері мен бейнелеу өнерін жастар арасында дамытуда “Мріяның” үлесі зор. Оған Н.Повзун жетекшілік етеді. Бескөл мектеп-гимназиясында зейнеткерлікке шыққанға дейін еңбек еткен ұстаз одан кейінгі өмірін қоғамдық жұмыстарға белсене араласуға арнады. Құрылғанына 14 жыл болған “Мрія” тобы Қазақстан халқы бірлігі мен ынтымағын нығайтуға зор үлес қосып келеді.

“Мрія” орыс мәдениетіне арналған облыстық “Покровский перезвон” фестивалінде өзінің әсем әндерімен жұртшылықты тамсандырып, зор қошеметке ие болды. Музыкалық-сазды топтың өнері дипломмен марапатталды.

Өңіріміздегі достық пен бірлікті, ынтымақ пен татулықты нығайтуға, сақтауға арналған талай шараларда “Мрія” тобының әсем әндері әлі де шырқалатын болады.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp