Адам баласының аяулы да ардақты алтын бесігі – туған жері. Кіндік кескен киелі топырақ – арман мен мақсаттардың алғашқы табалдырығы, болашақтың бірінші баспалдағы. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласында ерекше басымдық берілген “Туған жер” бағдарламасы киелі топырақ алдындағы баршамыздың борышымызды қайта жаңғыртқандай.
Жүйткіген автокөлікпен тасжолдың ой-шұңқырын санап келеміз. Бағытымыз – Айыртау ауданына қарасты Бірлестік ауылы. Үлкен жолдың бойында қыбыр еткен бір қозғалыс жоқ. Тіпті, әдетте жол бойында ерсілі-қарсылы зымырап жататын көліктер байқалмайды. Ертеден бері аспанды ауыр қорғасын бұлттар тұмшалап, түнеріп тұрған күн сапаршеккіш жолаушыларға ауа райының бұзылатынын алдын ала меңзегендей. Табиғаттың бұл қыңыр мінезінен мезі болған өңір диқандарының комбайндары да танап басынан көрінбейді. Бір мезгілде көкжиектен Бірлестік ауылының үйлері көзге шалынған соң нашар жолдан шаршаған көңіліміз аздап жайланайын деді.
Қамысақты бойын жайлаған Бірлестік – Айыртау ауданындағы түтіні түзу ұшқан көп ауылдардың бірі. Бұл елді мекен өнер адамдарынан, белгілі азаматтардан кенде емес. Осы жердің тумасы, әнші, айтыс ақыны Әміре Сұлтанмұратұлы мен Қызылжар-Көкше өңіріне атағы жайылған суырыпсалма ақын Байжұман Ғабдуллинді ерекше атап айтуға болады. Есімдері танымал жерлестерінің өлең-жырларын жаттап өскен ауыл азаматтары ата-бабаларының басына барып, рухына тағзым етеді.
“Орманшының жақсысы,
Ағаш кессең, ұстайды.
Қойнына тықсаң бір жарты,
“Тағы да кес!” деп, қыстайды”, – деп кеңес заманында қоғамдық сананы улаған маскүнемдік дертін әзіл-сықақ арқылы жырлаған Байжұман ақынның бір шумақ өлеңін ауыл тұрғындарының кәрі-жасы жатқа біледі.
1929 жылы негізі қаланған бұл елді мекен тұрғындары қора-қора қой, үйірімен жылқы, ірі қара өсіріп, күндерін көріп отыр. Шөбі шұрайлы, табиғаты әсем жер мал өсіруге қолайлы. Ауыл тұрғындары тоқсаныншы жылдардың қиындығына мойыған жоқ. Бәрін қажырлы еңбекпен еңсерді. Егін егіп, мал өсіріп отырған ауыл тұрғындары мемлекет тарапынан берілген мүмкіндікті мүлт жібермей, қораларындағы мал басын еселей түсуге бар күштерін салды. Сөйтіп, өтпелі кезеңде жастары облыс орталығына үдере көшкен көршілес үлкенді-кішілі елді мекендер сияқты күй кешпеді. Ең бастысы – қазақ ауылының іргесі сөгіліп, қаймағы бұзылмады. Бүгіндері Бірлестік бірлік пен ынтымақтың мекеніне айналып отырған жайы бар. Отын, шөп дайындау кезінде бір-біріне көмек қолын созып, ширақ қимылдау еңбекпен ысылған ауыл тұрғындарының үйреншікті әдеті. Содан да болар, дастарқандарынан май-қаймақ, ірімшік, айран жыл он екі ай үзілмейді.
Ауылдық округтің әкімі Жақсылық Беркiмбай аудан орталығынан 33 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекенде бүгінде 113 шаңырақ түтін түтетіп, үлкенді-кішілі 527 адам тұрып жатқанын айтты.
– Қамысақты ауылдық округiне Светлое, Бiрлестiк, Үкiлi Ыбырай, Құмтөккен, Орлиногорское және Карасевка ауылдары кіреді. Алайда, Бірлестік ауылының жөні бөлек екені сөзсіз. Бірлестік – кезінде “Карасевка” кеңшарының бөлімшесі болған. Жұрты бақуатты өмір сүріп жатқан елді мекенде тұрмысы нашар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар жоқтың қасы. Мұнда сенделіп жүрген жанды көрмейсің. Тап-таза көшелер мен сәулетті үйлер берекелі ауыл тіршілігін аңғартады, – деді Жақсылық Әбдiрұлы.
Тәуелсіздік жылдарында Бірлестікте жаңадан 65 тұрғын үй салынып, шаңырақ саны жүзден асқан. Мұнда жыл сайын кемінде 10-12 сәби дүние есігін ашады екен.
Ауылдың жүрегі – мектеп. Бірлестік орта мектебі – жоқтан бар жасап, нәтижелі жұмыс істеп келе жатқан білім ордасы. Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында бой көтерген екіқабатты орта мектепте ауылдың ғана емес, оған жақын елді мекендердің балалары да білім алған. Ауылдың арқасүйер азаматы, жергілікті орта мектептің директоры Әнуарбек Махметовтің айтуынша, білім ұясы талай жақсыларды түлетіп ұшырған. Бүгіндері олар әртүрлі салада табысты еңбек етуде. Соңғы жылдардағы жетістіктер де ауыз толтырып айтарлықтай.
– Бүгінгі ұстаздарымыздың басым бөлігі – ауылға қайтып оралған өз түлектеріміз. Білікті ұжым мектеп мерейін асыру үшін тынбай еңбектенуде. Шәкірттеріміздің оқудағы жетістіктері де мақтан етуге тұрарлық. Ұжымның еселі еңбегінің нәтижесінде оқушыларымыз аудандық және облыстық сайыстарда үздіктер қатарынан көрініп жүр. Атап айтқанда, “Кенгуру – лингвист”, “Brit ish bulldog” халықаралық ағылшын тілі сайыстарында, облыстық “Зерде” зерттеу жұмыстары және шығармашылық жобалар байқауында, “Абай” және “Мағжан” оқуларының облыстық және республикалық кезеңдерінде жүлделі орындарға ие болды. Ұстаздарымыз кадр тапшылығын сезініп отырған көрші ауылдардың мектептеріне барып-келіп сабақ береді, – дейді оқушыларының жетістіктерін мақтанышпен жеткізген мектеп директоры.
Осындай еңбекқор ауылдың балалары да өз ата-аналарынан қалыспауға тырысатыны айтпаса да белгілі ғой. Бірлестік орта мектебінің Айзада мен Гүлзада Аленовалар, Айнұр Ермекбайқызы, Сұлтан Таласбеков, Дарын Қасымов есімді түлектерінің “Алтын белгіге” ие болғандығы – соның дәлелі. Оған мектепті соңғы жылдары үздік аттестатпен бітірген оқушыларды қосыңыз. Қызылжар өңіріндегі ауылдық мектептердің ішінде мұндай жетістікке ие болғандар саусақпен санарлық.
Ауыл мектебінің түлегі – Гүлзада Әленова бойындағы білімге деген құштарлық пен талпыныстың нәтижесінде мұхит асып, бүгіндері Нью-Йорктегі Колумбия университетінде білім алуда. Мұғалімдер отбасында тәрбиеленген Гүлзада ауыл мектебін “Алтын белгімен” бітіргеннен кейін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін экономика мамандығы бойынша қызыл дипломмен аяқтаған. Ал 2013 жылдан бері дарынды қыз “Болашақ” бағдарламасымен шетелде студенттік дәуреннің бел ортасында жүр.
Десек те, білім ордасының материалдық-техникалық базасы жұтаңдау екені байқалады. Оқушылар 1991 жылы салынған екіқабатты жатақхана үлгісіндегі, спорт залы, асханасы жоқ ғимаратта екі ауысыммен оқуға мәжбүр. Өйткені, мектептегі оқушылар саны жылдан-жылға артып, қазір жүзден асқан. Бұған даярлық тобының, мектеп жанындағы шағын орталықтың балаларын қосыңыз. Ғимараттың тарлығына қарамастан, халқымыздың дәстүрі мен салтының, әні мен жырының ұясындай болған білім ордасында “Халықтық көркемөнерпаздар ұжымы” атағын алған домбыра ансамблі мен әртүрлі үйірмелер жұмыс істеуде.
Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Жанат Мұқашев ауылда 11 жылдық мектептің бой көтеруі маңызды оқиға болғанын айтты. Алайда, ауыл тұрғындары мектептің спорт залының жоқтығына аса мән бермеген екен. Сол кездегі немкеттіліктің кесірін тұрғындар бүгінге дейін көріп келеді. Дене шынықтыру пәнінің бағдарламасына сәйкес әр мектепте бейімделген алаңдарда өтетін сабақтардан бөлек, гимнастика, акробатика, волейбол, баскетбол, жеңіл атлетика сияқты спорт түрлерін қамтитын арнайы жабдықталған спорт залы болуы міндетті. Оқу ордасында олардың бірі де жоқ. Мектеп басшылығы спорт залын салдыртсақ деген үмітпен талай мекемеге өтініш жолдапты. Әзірге еш жауап алмаған.
Бірақ билік басындағыларға алақанды жайып отыра беруді білмейтін ауыл азаматтары бұл мәселені өз күштерімен шешуге кіріскен. Жергілікті кәсіпкер әрі мектеп мұғалімі Мұхтар Қайыржанов бастаған ауыл тұрғындары мектеп жанында болашақ спорт залдың қадасын қағып, іргетасын құйған.
– Осы ауылдан түлеп ұшып, бүгінде еліміздің әр түкпірінде тұрып жатқан жанашыр жандар игі іске қол ұшын беруге дайын. Жобаны жүзеге асыру мақсатында ашылған арнайы есепшотымызға бір миллион теңгеден астам қаражат түсті. Жыл соңына дейін спорт залының қабырғаларын көтеріп, шатырын жауып үлгеруге тырысамыз. Ұзындығы – 21, ені 10 метрді құрайтын спорт залда киім ауыстыратын және жуынып-шайынатын бөлмелер қарастырылған. Сыртта жүрген жерлестеріміз қаржылай және құрылысқа қажетті материалдармен көмектесуде, – дейді Мұхтар Таласпекұлы.
Тағы бір таңғаларлығы – бүгінде алақаны ашық, іскер азаматтар басшылық жасап жүрген ауыл шаруашылығы құрылымдары Қызылжар өңіріндегі бірталай ауылдың тәуелсіздік жылдарында екінші демі ашылып, көшке ілесуіне қомақты үлестерін қосқан болса, Бірлестіктің ондай демеушісі жоқ екен. Ауыл тұрғындары өз еншілеріне тиген егіншілік жерді басқа елді мекенде орналасқан жауапкершілігі шектеулі серіктестікке беріп, одан күзде пай алғандары болмаса, көмек сұрап көрмепті.
Қайта төрт түлік мал өсіріп, оны табыс көзіне айналдырып отыр. Мәселен, елді мекенде қазақтың ертедегі көшпелі өмірінен бастау алатын қымыз дайындау дәстүрі жалғасын табуда. Атап айтар болсақ, Бірлестіктегі отыз шақты отбасысы дертке дауа, сауға қуат беретін қымыз өндірісін бүгінде кәсіп көзіне айналдырған. Бұл шипалы сусынды өндіруді қыстыгүні де үзбейді.
Ауыл шетінде тұратын Махметовтер әулеті де – бие байлап, қымыз сатып, несібесін тауып отырған көп отбасылардың бірі. Бұл шаңыраққа арнайы барғанымызда сауын үстінен түстік. Баян Махметованың айтуынша, 1997 жылы 3-4 бие байлаудан бастаған отбасындағы қамбар ата төлінің саны бүгінде отызға жеткен.
– Отағасы Қайсарбек Махметов екеуміз он бие сауып, күніне 40-45 литр қымыз дайындаймыз. Бейнеті көп кәсіпті қолға алып, табыс табу оңай емес. Күбіні бабымен ыстауды білу керек. Байлаудағы биелерді күніне жеті рет, яғни екі сағат сайын сауып, саумалды ашытып, қымызға айналдыру сияқты тынымсыз жұмыс күн батқанға дейін жалғасады, – дейді Баян Үркімбайқызы.
Қымыз қасиетті сусын болғандықтан, ол аса тазалықты, ашыту технологиясын жіті сақтауды, ыдыстың сапалы болуын және күбіні уақытында ыстап отыруды талап етеді. Міне, бұл жерде осы талаптардың орындалатындығынан да қымызға сұраныс көп. Дәмі тіл үйіретін қымызды алыс-жақын ауылдардың тұрғындары іздеп келеді екен. Телефон арқылы алдын ала тапсырыс беретіндер де бар. Табиғи құнарын сақтап, жақсы ысталған күбіде пісілген қымыздан дәм татқандар бұл отбасының тұрақты тұтынушыларына айналатыны еш таңданыс тудырмайды. Осылайша, табыс тауып отырған Махметовтер әулеті ұлттық сусынды аптасына үш рет Көкшетау қаласының орталық базарында да саудалайды.
– Қазақ тойшыл халық қой. Бізге тапсырыстар қыз ұзату, үйлену тойлары иелерінен көп түседі. Шақыртылған қонақ санына байланысты тапсырыс берген қымызын дайындап береміз. Бағасы да қолжетімді. Егер базардағылар қымыздың бір жарым литрін 1200 теңгеден сатса, біз 800 теңгеден саудалаймыз. Асқазаны ауыратындар тарапынан саумалға деген сұраныс бар. Алайда, оны сұраған адамға тегін береміз. Байлаудағы биелерді қазан айының соңына дейін сауамыз. Ал мамыр айының соңында сауын қайтадан басталады, – дейді Баян Махметова.
Қазір Үкімет жұмыссыздықты жоюға, отбасылық кәсіпкерлікті қолдауға, сондай-ақ, ауыл шаруашылығын дамытуға көңіл бөлуде. Екі қолға бір күрек таба алмай отырғандарды жұмыспен қамтамасыз етуде бұл тиімді бола түсуде. Кімде-кім мал шаруашылығымен айналысамын десе, “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы арқылы өз ісін ашуына әбден болады. Міне, осындай қаржылай қолдау көріп, қорасын малға толтырғандардың бірі – Саят Оспановпен кездесуді жөн көрдік.
Саяттың үйі ауылдың шет жағында екен. Біз келгенде есік алдында жүрген жас жігітпен амандық-саулықтан кейін әңгіме ауанын бұл кәсіпке қалай келгеніне бұрдық. Қашанда ізденіс үстінде жүретін ол отбасы мүшелерімен ақылдаса келе “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ы арқылы “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасына қатысуға бел байлаған. Кәсіпкерлік туралы барлық ақпаратқа қол жеткізіп, “Бизнес-кеңесші” бағдарламасы бойынша оқытудан өтеді. Орталық мамандарымен бірге бизнес-жоспар құрған соң 2016 жылы “Придон” жеке кәсіпкерлігін ашқан. Жобасын сәтті қорғағаннан кейін 2,5 млн. теңгенің несиесіне қол жеткізеді.
– Нарық заманында жұмыс істеймін деген адамға әрқашан тығырықтан шығар жолдың бар екені сөзсіз. Бүгінде мен соған көз жеткізіп отырмын. Несие қаражатына 14 бас сиыр мен бір асылтұқымды бұқа сатып алдым. Қыстың қамына жаз қамданып, жаңа қора салып, бір қысқа қажетті жемшөпті дайындадық. Бүгінде еңбегіміздің жемісін көріп отырмыз. Айналдырған екі жылдың ішінде 14 бас малымыз 30-ға жетті, – деп ағынан жарылды Саят Нұрланұлы.
Жеке кәсіпкерлікте қысқы жем-азық дайындау ісі жолға қойылған. Аулада “ГАЗ-53” жүк машинасы, тырма, тіркеме, екі трактор бар. Қазіргі кезде сауылған сүттен май былғап, дайын өнімді сатудан табыс тауып отыр. Кәсіптерінің кеңеюіне отбасы мүшелері бір адамдай қолдау білдіруде.
Шаруа адамының алдағы уақытта жүзеге асыруды көздеген жоспарлары да жетерлік. Әзірге, қара малдың санын арттырып, алдағы уақытта етті бағыттағы қазақтың ақ бас тұқымды ірі қарасын сатып алуды жоспарлауда.
Туған ауылға деген нағыз жанашырлықты ауыл мектебінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Бауыржан Әленовтің сөзінен байқадық. Ауылының еңсе түзеуіне жан-тәнімен атсалысқан азамат өмірінің басым бөлігін білім беру саласына арнаған. Ол – жоғарыда атап өткен Айзада мен Гүлзада Әленовалардың әкесі. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатумен қатар жеке кәсіппен айналысып, тұрмысын одан сайын көркейтуде. Қорасын елуден астам жылқы мен онға жуық сиырға толтырған ауыл тұрғыны бүгіндері сегіз бие байлап, дертке шипа – сары қымыз сатуды қолға алған.
– Бірлестік ауылы мемлекет қамқорлығының, тұрғындарының еңбекқорлығының арқасында берекелі мекенге айналуда. Ерінбей еңбек еткен, бір-бірін қадір тұтқан тұрғындары бар қай ауылдың болсын болашағы зор. Алдағы уақытта ауылымыздың бұдан да көркейе түсері сөзсіз. Тек мұнда жеке кәсіпкерліктер мен өндіріс орындары ашылса, нұр үстіне нұр болар еді. Жаңа жұмыс орындары ашылып, жастардың ауылда қалып, еңбек етуіне мүмкіндік туар еді, – деді Бауыржан Әленов.
Бірлігі бекем елді мекен тұрғындарын алаңдатып отырған мәселелер де жоқ емес, көп жылдардан бері таза ауызсуға қол жеткізе алмай отыр. Жергілікті тұрғындар суды ауылдағы екі құдықтан алады. Ал аудан орталығына дейінгі жол қырық жамау. Биыл жолдың әр жері жамалған. Алайда, жолға ағымдағы немесе күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмесе, жағдайдың оңалмасы анық.
Ауылды сақтап қалу бір адамның қолымен жасалатын жұмыс емес. Перзент ретінде туған жердің гүлденуіне қол ұшын созуды мерейлі міндет санаған әр адамның ортақ шаруасы. Бізді Бірлестіктегі осындай ахуал қуантты. Еңбекқорлық пен сыйластықтың бесігінде тербелген елді мекеннің болашағына алаңдамауға болады. Қайта, қажырлы еңбектің, ұйымшылдықтың арқасында күнін көріп отырған ауыл тұрғындарына қарап көңілің марқаяды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.