Мамлют ауданының Петропавлдағы мәдениет күндері мұрағат қызметкерлері дайындаған көрмемен басталды. Көрмені тамашалауға келген халық назарына “Тарих үшін сақтаймыз, халық үшін жұмыс істейміз”, “Есімдері ұмытылмайды”, “Туған өлке, махаббатым мен адалдығым сен үшін!”, “Нанның ұлылығы” атты экспозициялар ұсынылды.
Қатысушылар көрме барысында 85 жылдық тарихы бар Мамлют ауданы мәдениетінің дамуына үлес қосқан көрнекті тұлғалар, еңбек ардагерлері жайлы біліп, түрлі кезеңде аудан аумағында орын алған тарихи оқиғалармен танысып, болған оқиғаларды растайтын мұрағат құжаттарын көрді. Аудандық мұрағат қорында сақталған “Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданының халық депутаттар кеңесі”, “Интернационалист жауынгерлер”, “Знамя труда” аудандық газетінде жарияланған материалдар, “Олар жеңіспен оралды”, “Социалистік Еңбек Ерлері, Кеңес Одағының Батырлары” өмірбаяндық және жеке жинақтар, аудан туралы жарық көрген кітаптар қойылыпты. Әсіресе, Мамлют ауданының 85 жылдығына арналған бейнеқұжатты көрмеге қатысушылар ерекше қызығушылықпен тамашалады.
Мамлют аудандық мұрағатының директоры Ольга Рогачеваның айтуынша, аудандық мұрағат жергілікті жердің тарихынан, тұрғындардың тағдырынан сыр шертетін жалғыз мекеме болып табылады. Сол себепті ол көптеген мекемелер мен ұйымдардың құжаттамасын дұрыс жүргізуіне көмектесіп, мұрағаттарының жұмысын қадағалайды, кеңес береді. Мұрағаттың жұмысында тұрғындардың өтініштерін назарға алып, орындау басты орында тұр. Мәселен, биылғы жылдың бірінші тоқсанында 182 анықтама мен 1 тақырыптық сұрау жолданған болатын. Олардың барлығы белгіленген уақыттың ішінде орындалған. Тұрғындарды толғандырған мәселелердің дені еңбекақы, соғыс жылдары жұмыс істегенін растау, нотариалдық мәмілелерді растау, тұрғын үйін жекешелендіру мен отбасы құрамына қатысты болған. Сонымен қатар мұрағат қызметкерлері студенттерге тәжірибеден өту барысында да әдістемелік әрі тәжірибелік көмек көрсетеді.
Жастар сарайының фойесінде ұйымдастырылған көрме де небір қызықтарға толы болды. Қонақтарды есіктен “Серпін” домбыра ансамблі мен қазақтың ұлттық киімін киген бұрымды қыздар қарсы алды. Ауданның этномәдени орталықтары дайындаған түрлі тоқыма және ағаштан жасалған бұйымдар көздің жауын аларлықтай. Әр шебердің өз ісіне аса ұқыптылықпен, жауапкершілікпен қарағанын бірден аңғаруға болады. Солардың бірі – Юлия Качешкова ағаштан түрлі бұйымдар жасаумен 10 жылдан астам уақыт айналысып келеді. №1 мектеп-гимназияда технология пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтін ол сәндік-қолданбалы өнерге шәкірттерін де баулып, екінің бірінің қолынан келе бермейтін бұл істің қыр-сырын меңгертумен айналысады. Бұл көрмеде жұрт шебердің бұйымдарын тамашалап қана қоймай, арзан бағаға сатып алу мүмкіндігіне де ие болды. “Мен өз білгенімді оқушыларыма үйретемін. Бұл менің сүйікті ісім әрі осы арқылы басқаларға да пайдамды тигізгім келеді. Менің туындыларымды адамдар күнделікті өмірде қажеттеріне пайдаланып жатса, қуанамын. Осы көрмеге арнап көптеген жаңа заттар әзірледім”, – дейді Юлия Качешкова. Бір байқағанымыз, оның бұйымдарының көбі ағаштан жасалған әрі күнделікті асүйде қолдануға болатын, жууға да оңай ыдыс-аяқтар.
Ауданның этномәдени бірлестік өкілдері көрме қатысушыларына тіл үйірер тәтті тағамдарын да ұсынды. Қазақтың ұлттық тағамдары да дастарқан сәніне айналды. Бауырсақтан бастап, ыстық тағамдарға дейін әзірленген екен. Галаконцерт өтетін залға қарай беттей бергенде, ауданның тарихынан сыр шертетін кітаптар мен бейнежазбалар, суреттер қойылған шағын көрмені көзіміз шалды. “Мамлют ауданының тарихы”, “Под афганским изломом”, “На страницах газеты “Знамя труда”, “Судьбы, ставшие историей” жинақтарының барлығы көрмені тамашалауға келген жұртты аталмыш ауданға шағын саяхат жасауға шақырады. Көрмеден сәл әрі жүрсеңіз, көзіңізге медаль тағынған спортшылардың суреті ілінген стенд пен үстел үстіне қаз-қатар тізілген кубоктар түседі. Суреттегі – Мамлют ауданының беткеұстар спортшылары, ал кубоктар, әрине, олардың жүлделері екені түсінікті. Радик Арсланов, Нұржан Бекетов, Олеся Овсянкина, Александр Лузан бастаған спортшылар бүгінде ауданның мақтанышына айналып отыр. Қазір ауданда 119 спорт нысаны жұмыс iстесе, оның 93-і – ауылдық жерде. Мамлютка қаласында стадион және тир бар. Аудандағы 25 спорт залының 20-сы ауылдарға тиесілі. Сонымен қатар қосымша салынған тоғыз спорт залы және бір бассейн ашылған. Ауданда 24 хоккей қорапшасы жұмыс iстейдi. Өткен жылы “Юность” стадионында жасанды желек төселген шағын футбол, волейбол, баскетбол алаңдары салынып, 700 орындық трибуна орнатылды. Үлкен футбол алаңына газон төселіп, оннан астам көше тренажерлер кешенi және хоккей қорапшасы пайдалануға берілді. Осыған қарап, ауданда спорт саласының дамуына көп көңіл бөлінетінін аңғаруға болады.
Этномәдени бірлестіктер тек көрмеге ғана емес, мәдениет күндерінің басты шарасы – “Мамлют ауданы – Солтүстіктің алтын қақпасы” атты Гала-концертке де мұқият дайындалыпты. “Біз бүгінгі көрмеге арнап түрлі қолөнер сәндік бұйымдарын, қуыршақтарға арналған әдемі киімдерді дайындасақ, Гала-концертке ән мен биімізді әзірледік. Ауданда өтетін түрлі шараларға да белсенді қатысып келеміз. Гала-концертке келген қауым біздің ғана емес, жастардың да өнерін тамашалай алады”, – деген “Дослук” татар этномәдени бірлестігінің төрайымы Хадия Бикина “Радуга” би тобының өнерпаздарымен таныстырды. Талантты жастар жақында Астана қаласы мен Бурабайда өткен республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болыпты. Олардың орындауындағы “Қазақ вальсы”, “Весенняя полянка” билері көрермен көңілінен шықты.
– Осы шаралар қала аумағында жиі өткізілуі қажет деп ойлаймын. Бүгін залдың лық толы екенін көріп отырмыз. Қарттар, студенттер, мүмкіндігі шектеулі жандар мен іскер әйелдер қауымдастығының өкілдері де келіп отыр. Осындай кездесулер арқылы біз өзара тәжірибе алмаса аламыз, – деді Мамлют ауданы әкімінің орынбасары Алмагүл Рамазанова.
Ал республикалық, халықаралық конкурстардың жүлдегері, облыстық “Айгөлек” байқауының Гранпри иегері Дарья Дмитриева өнерсүйер қауымды “Тек алға” әнімен қуантты. Сонымен қатар Серікбай Сәдуақасовтың басшылығымен Бексейіт өнер мектебінің “Балдәурен” домбыра ансамблі “Ерке сылқым” күйін нақышына келтіріп орындады. Мейрамбек және Таңат Атамановтар отбасылық дуэті көрерменге “Пай-пай” әнін тарту етті. Гала-концертте әндермен қоса, жыр да оқылып, “Новое поколение” би тобы жастардың көңілінен шыққан “Flash dance” биін биледі. Кеште басқа да әсем әндер мен билер орындалып, көрермен көңілінен шықты.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.