«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРЛІККЕ БАСТАҒАН БЕРЕКЕЛІ БАСҚОСУ

Қазақстан – ірі әлемдік діндер топтасқан іргелі шаңырақ. Тәуелсіздік жылдары республикамыз этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісін құрды. Бүгінде елімізде 130-дан астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, 18 конфессияға тиесілі 3 мыңнан астам діни бірлестік қызмет етуде. Сол себепті де Мемлекет басшысы Қазақстанның этномәдени және конфессиялық алуан түрлілігі – бұл қазақстандықтарға басқа халықтардың құнды мәдени жетістіктерімен алмасуға мүмкіндік беретін біздің қоғамымыздың ортақ игілігі, зор байлығы екенін әрдайым ерекше атап көрсетуде.

Әлемде орын алып жатқан этносаралық қақтығыстар жағдайында конфессия және дінаралық диалогты нығайтудың бірегей қазақстандық үлгісі жаһандық деңгейде зор сұранысқа ие болып отыр. Сол себепті де жас мемлекетіміздің елордасы – Астана діни көшбасшылардың тұрақты кездесу орнына және қашанда сұранысқа ие пікір алмасу алаңына айналуда.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері адамзаттың жаңа мыңжылдығында конфессияаралық үнқату мен кеңесу, кездесулер жүйесін құруға жол ашты. Елбасының бастамасымен шақырылған алғашқы съезд 2003 жылғы 23-24 қыркүйекте Астана қаласында өтті. Оған ислам, христиандық, иудаизм, буддизм, индуизм, даоцизм, синтоизм және басқа да әлемдік діни конфессиялардан 17 делегация қатысты. Алғашқы дінаралық саммитте съездің жұмыс тәртібі белгіленіп, дінаралық форумды үш жылда бір рет өткізу туралы шешім қабылданды.

Екінші съезд Астанада 2006 жылғы 12-13 қыркүйекте форумды өткізу үшін арнайы салынған ғимаратта – Бейбітшілік және келісім сарайында өтті. Әлемнің 20-дан астам елінен келген 43 делегация мүшелері дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік мәселелерін кеңінен талқылады. Ауқымды шараның алғашқы күні “Дінаралық диалогтың қағидаттары”, кейін саммиттің декларация түріндегі қорытынды құжаттары қабылданды. Декларацияда жаһандық әлемдік тәртіпті құру үдерісіндегі діндер көшбасшыларының миссиялары мен рөлдерін нығайтуға бағытталған бірлескен жұмыс пен үшжылдық пікір алмасуда қол жеткізген келісімдер көрініс тапты.

Араға үш жыл салып, 2009 жылы 1-2 шілде айында ұйымдастырылған үшінші съезде толеранттылыққа, өзара құрмет пен ынтымақтастыққа негізделген бейбітшіліктің іргетасын қалаудағы діндер көшбасшыларының рөлі әңгіме өзегіне айналды. Бұл жолы 77 делегацияның құрамында 35 мемлекеттің 400-ден астам өкілі қатысты. Съезді өткізу форматы біршама өзгертіліп, секциялық отырыстар ұйымдастырылды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің баяндамасында бұл съезді өткізудің маңызына тоқтала келе: “III съездің қорытындылары өркениеттер, мәдениеттер мен діндер арасындағы диалогты ілгері бастыруда маңызды тұжырымдамалық рөлге ие болатынына сенімдімін. Олар адамдарды жақындатып, әлемдегі дінаралық өзара түсіністікті нығайтары сөзсіз. Ашық мәдениетаралық және дінаралық диалог Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатындағы маңызды мәселе болып табылатынын атап өткім келеді”, – деді.

2012 жылдың 30-31 мамырында өткен келелі басқосуда 40 мемлекеттің өкілдері “Адамзаттың таңдауы бейбітшілік пен келісім” тақырыбы аясында өз ойларын ортаға салды.

Ауқымды шара аясында Елбасымыздың діндер көшбасшылары кеңесінің алғашқы отырысы туралы ұсынысы бірауыздан қолдау тапты. Кеңес құрамына 15 әлемдік діндер көшбасшысы енді. Кеңестің құрылуы астаналық дінаралық саммитті халықаралық институт ретінде жаңа белеске көтерді.

Съезд қорытындысы бойынша оның қатысушылары үндеу жариялады. Онда діндер көшбасшылары ғаламшарымыздың болашағы үшін барлық адамзатты келісім мен бейбітшілікке, әділдік пен жасампаздыққа шақырды.

Съезге қатысушылар аштық құрбандарына арналған монументтің ашылу салтанатына қатысып, “АЛЖИР” мұражай-мемориалды кешеніне барды. Бұл жерде діндер өкілдері саяси қуғын-сүргін құрбандарына ғибадат етті. “Рухани келісім” аллеясының ашылу салтанатына да қатысқан делегаттар ағаш көшеттерін отырғызды.

Сол уақыттан бері үш жыл өтті. Астана қаласында өтіп жатқан бесінші съезге “Діндер көшбасшылары мен саяси қайраткерлердің бейбітшілік пен даму жолындағы диалогы” тақырыбы арқау болмақ.

Жыл сайын съезд ауқымы кеңейе түсуде. Егер бірінші съезде 13 делегация болса, төртінші съезге 40 мемлекеттен 87 делегация қатысты. Биыл діни конфессиялардың көшбасшыларымен қоса, бірқатар мемлекеттің басшылары, БҰҰ және басқа да ірі халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады деп жоспарлануда.

Съезден әлемдік қауымдастық үлкен үміт күтеді. Тұрақтылық пен даму, келісім мен берекені арқау еткен келелі жиын өз нәтижесін берері анық.

Мұратбек ЗЕЙНУЛЛИН,

облыстық дін істері жөніндегі басқарманың басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp