
Бұл кәсіпорын осыдан 25 жыл бұрын банкротқа ұшырап, өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Ол қаланың солтүстік ауданында орналасқан темір-бетон зауыты еді. Міне, осы зауытта Марат Мергенов бірнеше жыл қатарынан бас энергетик болып қызмет еткен. Аталған кәсіпорынға іргелес үй құрылысы комбинаты жұмыс істеп келсе, оның өнімі де кезінде жан-жаққа толассыз шығарылып жататын.
Қошан ҚАЛИ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Жұмыстарын тоқыратқан тоқыраудан кейін темір-бетон зауыты тарап, онда жұмыс істеген 200 адам амалсыз өз жөндерімен кеткен. Бар болғаны 20-ақ адам қалған. Не ойлап, не істеріңді білмейтін уақыттың қыспағына шыдау қиын болды, әрине. Бірақ, жай қарап қалуға тағы болмайды, бір амалын тауып, осынау тығырықтан шығатын жол іздеу керек. Мәкеңнің жатса-тұрса алға қойған мақсаты осы болатын. Ол бұл жерде алған білімі былай тұрсын, жұмыс істей жүріп жинаған тәжірибесіне, аға әріптестерінен тәлім ала жүре үйренген іскерлігіне сенді. Сөйтіп, “Тәуекел деп тындырар талай іс бар” демекші, алға қойған мақсатын орындауға табандылық таныта кірісіп кетті.
Алдымен ол зауыттың бір цехын жалға алады. Оның жұмыс істеп тұрған кездегі бар жиған-тергені ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткеніне қарамайды. Бұл 1999 жыл болатын. Алдымен ашық-тесік қалған цехтарды тәртіпке келтіру керек болды. Одан әрі жоқты түгендеп, барға ие болуды ойластыру қажет. Ал, ең бастысы – азды-көпті қалған ұжым мүшелерін сақтап қалу. Олар небары – 20-ақ адам. Қайда барарларын білмей, мәңгіріп қалған осы жандарға ертең жұмыс, соған орай азды-көпті табыс болатынын сенімдеріне кіре тұрып түсіндіру, бастысы – алдамау. Ол үшін өзіңе-өзің сенімді болуың керектігін әсте ұмытпау тағы қажет.
Міне, тап сол 1999 жылы “Бірлік-Единство” серіктестігі өздерінің алғашқы өнімдерін шығара бастаған. Бұл ұжым мүшелері үшін есте қаларлық, тіпті бір белестен өткендей жыл еді. Сол кезде бар болғаны 1 миллион теңгенің өнімі, олардың 10-нан аса түрі ғана шығарылған.
Жұмыс шындап қолға алынған жерде ол дамымай тұрмайды. Содан да оң өзгерістерге, пайдаға асар мүмкіндіктерге жол ашыла береді, бұл дегенің ортақ іске бір кісідей жұмылатын ұжымның нығая түсетіндігін көрсетсе керек. Оның солай екендігіне мына бір мысал дәлел болуға тиіс. Серіктестік құрылған 1999 жыл мен 2006 жылдардың аралығын алайық. Барлық құрал-жабдықтар, ондағы цехтардың аралықтары түгелдей қалпына келтірілген. Құм шығарылатын карьер жалға алынған. Жаңадан қазандық салынып, ол пайдалануға қосылған. Сөйтіп, одан әрі кәсіпорын жұмысы барған сайын жандана, онда қалыптасқан толыққанды ұжымның жұмысы табысты бола түскен.
Бұл орайда өткен 2012 жылда қол жеткізілген көрсеткіштер айтарлықтай. Шығарылатын өнім түрлері кеше 20-дан аспайтын болса, бүгінде 220-ға жетіп отыр. Осының өзінен-ақ кәсіпорында көп жыл қатарынан тиісті жұмыс тындырымдылықпен атқарылғанын көруге болады. Жалпы өнім түрлерінің көптігіне қарамастан, жыл сайын оның жаңа түрлері игерілуде. Жаңа өнімдер мыналар: теміржолдың тұйықталған тұсын салғанда пайдаланылатын шпалды блок, су құбырларының құдықтарына арналған темір-бетон люктер, Ресей және өз еліміздегі арнайы институттардың зерттеу жүргізу негізінде жасалған ұзақ мерзімге шыдамды, пайдаланғанда электр қауіпсіздігін сақтайтын темір-бетон тіреуіш бағаналар және тағы басқалары.
– Жеңіл атқарыла салатын жұмыс болмайды. Бұл, әсіресе, жұмысшылардан шыдамдылықты талап ететін, қиындығы көп саналатын құрылысшы мамандығына тікелей қатысты. Олай болса біздегі жұмыстың оңай еместігін, одан шығарылатын темір-бетоннан жасалатын өнімдер екендігінен түсінуге болады. Бірақ, серіктестікте кадр тұрақтылығы әркез сақталған. Олай болса “Құрмет тындырған еңбегіңе қарап жасалады” дегендей, біз еңбек адамын құрметтеп, бағалай білуге баса назар аударамыз. Өндірісіміздің өрге басып келе жатқандығы солардың арқасы деп санаймыз, – дейді серіктестік директоры Марат Тапашұлы.
Ұжым басшысы айтса айтқандай, ұжымда жұмысшылар үшін тегін медициналық сақтандыру енгізілген. Арнайы киім мен тағамдық өнімдер жүйелі түрде беріліп тұрады. Жұмыс істейтіндерге мүмкіндігінше пайызсыз несие берілетіндігін қалайша қолдап, құптамассыз?! Сырқаттанып қалған адамға науқастық парақшасы бойынша толық көлемді төлем жасау көзделген. Ұжым мүшелерінің мектеп жасындағы балалары да әркез назарда. Жазғы демалыс лагеріне берілетін жолдаманың құнының 80 пайызын кәсіпорын өз күшімен төлейді. Серіктестік тарапынан әртүрлі жағдайларға байланысты қайырымдылық жасалып жататынын қалайша айтпасқа?! Мәселен, мешіттерге, шіркеулерге, мүмкіндіктері шектеулі балаларға, спортшыларға қолдан келер көмек жасалған.
Жақсының жақсылығын айта бергенге не жетсін! Біздің қалада бірнеше шағын аудандар бой көтеруде. Солардың бірі – “Орман” шағын ауданы. Міне, осы жерге “Бірлік-Единство” ЖШС-і 2008 және 2012 жылдар аралығында тұтастай бір квартал болатын жекеменшік тұрғын үйлердің құрылысын жүргізген. Бұл коттедждердің сәнді де сапалы, тұрмысқа жайлы да қолайлы екендігі қуантады.
Әр жұмыстың тетігін таба білетін, Марат Тапашұлының көп жылғы еңбегінің елеулі екендігін де айта кеткен абзал. Ол басқаратын ұжым бәсекелі ортада оза шауып, талай рет бәйге алған. Мәселен, Республикалық “Алтын сапа” байқауына қатысып, 1-ші орыннан көрінген. Мәкеңнің өзі 1970 жылы 23 жасында бұрынғы кеңес одағының “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталыпты. Кейін 2008 жылы оның кеудесіне Тәуелсіз Қазақстанның осындай медалі тағы да тағылыпты. “Қазақстанның Құрметті құрылысшысы “ атағы да бар.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.