«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРЛІКТІ ТУ ЕТКЕН

“Әділет” және “Руханият” партиялары біртұтас қозғалысқа бірігуге ұйғарғаннан кейін Қазақстанның саяси картасында “Бірлік” атты жаңа партия пайда болды. Оның құрамына бірлік ұранын ұстанған 53 мың қазақстандық кіреді.

“Бұл партия өмірге екі оң факторды тиімді енгізеді деп сенемін. Бір жағынан, руханиятты жаңғыртуға, жастарға, әсіресе, ауылдық жерлердегі жастарға қолдау көрсетуді көздейтін “Руханият” партиясынан, екінші жағынан, “Әділет” партиясынан біз мықты заңдық қолдау таптық. Осылайша, біз өз мұраттарымызды ілгері жылжытамыз, әрине, Қазақстан Парламенті Мәжілісіне сайлауға қатысу үшін бізге заңдық қолдау өте қажет”, – деді “Бірлік” партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали.

Бағдарламасы бірнеше нақты принциптер мен құндылықтарға негізделген. “Бірлік”:

– патриоттық борыш және біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасының егемендігі мен тәуелсіздігін нығайту үшін жауапкершілік партиясы;

– демократия, азат нарық, құқық үстемдігі мен әлеуметтік және мүліктік жағдайынан тәуелсіз заң алдындағы теңдік идеяларын ұстанатын Қазақстанның прогрессивтік күштерінің партиясы. Партия демократиялық қоғамның басты тірегіне айналуға, тиімді экономиканы, орнықты саяси және құқықтық жүйені дамытуға аянбай атсалысуға ниетті;

– тұрақтылық және даму, эволюциялық жаңғырту және жаңарту, еліміздің проблемаларын тәжірибе мен дәстүрлерді, келер ұрпақтардың мүдделерін ескеруді негізге ала отырып, сатылап және ойластырып шешу партиясы;

– әлеуметтік топтарды, ұлттарды, мәдениеттер мен діндерді бір-біріне қарсы қоюға жол берілмеу керек деп санайтын қоғамдық келісім партиясы. Қазақстан әрқашан да әртүрлі ұлттар мен діни ұстанымдары бар адамдардың арасындағы бейбітшілік пен достықтың үлгісі болған;

– жекеменшік институтын адамның құқықтары мен бостандықтарының, азат экономика мен азат қоғамның негіздері және қайнар көзі ретінде принципті қолдау және қорғау партиясы;

– бостандықтың барлық маңызды қырларында: ой бостандығы, сөз бостандығы, жиналыстар бостандығы, дін бостандығы мен кәсіпкерлік бостандығында оның табанды жақтастарының партиясы. Партия адамның бостандығын оның басқа адамдардың бостандығын мойындауға, өзінің және қоғамның алдында жауапкершілік қабылдауға қабілетті деп түсінеді;

– әлеуметтік, ұлттық және діни жаратылысынан тәуелсіз барша қазақстандықтар үшін бірдей бастапқы мүмкіндіктер жасауға бағытталған әлеуметтік әділдік партиясы;

– аса маңызды дүниетанымдық қағидасы еңбекті өз қызметі мен кәсібінің шеңберінде борышын жауапты, білікті орындау деп, сондай-ақ, жалқаулықтың, масылдық өмір салтына қарсы партия. Тап осындай еңбек Қазақстанда барған сайын сұранысқа ие экономикалық құрылысқа айналуда;

– дәстүр бойынша өз бойында ізгілік құндылықтарды, халықтың жетістіктерін жиған және өскелең ұрпақты олардың негізінде тәрбиелейтін отбасына аялап қарау партиясы. Отбасы – біздің қоғамымыздың іргетасы және партияның саясаты осы аса маңызды әлеуметтік институтты сақтап қалуға және дамытуға бағытталады.

“Бірлік” партиясы қазақстандықтардың өмір сүру көрсеткішін жақсарту мақсатында өз алдына нақты міндеттер қояды. Партияның бағдарламасында саяси, мемлекеттік, экономикалық, әлеуметтік, білім мен ғылым, денсаулық сақтау мен отбасын қорғау, ана мен бала, мәдениет, этносаралық қатынастар, жастар саясаты, ауылдарды (селоларды) көтеру, тұрғын үй саясаты және экология салаларын қамтитын мақсаттар мен міндеттер қойылды.

Қазақстан Республикасы Президенті Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын мерзімінен бұрын 2016 жылдың 20 наурызында өткізу туралы Жарлығына қол қойғаннан кейін “Бірлік” саяси партиясының орталық сайлау штабының ұйымдастыру бөлімі сайлауға дайындық жөніндегі жоспар құрды.

Саяси ұйымның кезектен тыс екінші съезі өткізілді. Үстіміздегі жылдың 12 ақпанында Астана қаласында партияның Орталық сайлау штабы ресми түрде ашылды. Қазіргі таңда барлық өңірлерде, оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласы, Мир көшесі, 109-2 мекенжайында сайлау штабы ашылып, қажетті компьютер, телефон және электрондық техникалармен, автокөлікпен жабдықталып, штатқа жұмысшылар алынды. Сайлау науқаны кезеңіне арналған сайлауалды бағдарламасы жасалды және қабылданды. Партия туралы толық мәліметті www.pp-birlik.kz сайтынан алуға болады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp