«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРЛІК — БАСТЫ БАЙЛЫҒЫМЫЗ

Оқушылар сарайында облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалық етуімен “Халықтың әл-ауқаты – табысты мемлекеттің кепілі” тақырыбына арналған Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының ХХІІІ сессиясы өтті.

Облыстық этномәдени бірлестіктердің, ассамблея құрылымдары, қоғамдық келісім кеңестері, діни конфессиялар мен түрлі қоғамдастық өкілдері бас қосқан жиында жыл қорытындысы шығарылып, алдағы уақытқа арналған жоспарлар қабылданды. Сессия жұмысына көршілес өңірлерден қонақтардың қатысуы игі дәстүрге айналған. Түмен және Қорған облыстары қазақтарының ұлттық-мәдени автономияларының төрағалары Есенғали Ибраев пен Қайрат Оралов Қазақстандағы этносаралық ынтымақтастық институтының табысты жұмысына жоғары баға беріп, өңірімізбен жан-жақты тығыз қарым-қатынас орнатып келе жатқандарына ризашылықтарын білдірді.

Сессия барысында сөз алған Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Күлімкөз Смайылова, ғылыми-сарапшылық топ төрайымы Алма Мырзалинова, “Дуслык” татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы Наиль Абраев өз ұйымдарында соңғы жыл ішінде атқарылған маңызды жұмыстарға тоқталып, нәтижелерімен бөлісті. Облыстық ассамблея этносаралық келісімді нығайту, қазақстандық патриотизм, халқымыздың азаматтық және рухани даму орталығы ретінде мәдени, ағартушылық, ғылыми-сараптамалық істермен айналысып қоймай, өңір тұрғындарының әлеуметтік мәселелеріне де араласып келеді. Соның бір бағыты ретінде қайырымдылық шараларының жолға қойылғанын атап өтуге болады. Бұл іске, әсіресе, жергілікті кәсіпкерлердің қосып отырған үлесі зор. Биыл ассамблея қолдауымен облысымызда жаңа әлеуметтік жобалар бастау алды. Солардың бірі – “Тең жол” автомектебі жобасының бірқатар республикалық байқауларда жоғары бағаға ие болғаны белгілі. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның “Ұлытау” этномәдени бірлестігінің жетекшісі Николай Вербовский өз сөзінде ауылдық жерлердегі мәдени орталықтарды техникалық қамтамасыз етуде біршама қиындықтар кездесетінін жеткізді.

Сессияны қорытындылаған өңір басшысы, облыстық ассамблеяның төрағасы Құмар Ақсақалов жергілікті ассамблеяның барлық жұмысы қоғамдағы ынтымаққа негізделіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдаулары мен өзге де бағдарламаларының тиімді жүзеге асуына бағытталып отырғанын айтты.

– Бүгінде өңірімізде құрамында бес мыңнан артық мүшесі бар 26 облыстық, 175 аудандық этно-мәдени бірлестік жұмыс істейді. Олар қоғам өкілдерімен бірлесіп, тұрғындардың 4 мыңнан астам әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектесті. Ал Ассамблея жанынан құрылған медиация кабинеті тұрғындардың сотқа жүгіну көрсеткішінің төмендеуіне ықпал етіп отыр. Біздің облысымыздың аумағында медиация көмегімен 800 дау шешілген. Енді оның жұмысын отбасы қарым-қатынастарын сақтау мәселесіне көбірек бағыттауымыз қажет деп санаймын, – деді Құмар Іргебайұлы.

Облыс әкімі алдағы жылы этно-мәдени бірлестіктерді қолдауға бөлінетін қаржыны екі есеге дейін арттыру көзделіп отырғанын айтты. Келесі жылдың Қазақстанның Өзбекстандағы жылы деп жариялануына орай облыстық ассамблеяда өзбек мәдени орталығын ашуды тапсырды. Құмар Іргебайұлы алдағы жылы өңіріміздің экономикалық-әлеуметтік салаларында орын алатын маңызды өзгерістерге шолу жасай отырып, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының кезекті сессиясы жаңадан салынып жатқан қазақ театрында өткізілетінін жеткізді.

Жыл сайынғы тәртіп бойынша сессияда Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасары тағайындалды. Құмар Ақсақалов бұл міндетке “Сомониен Север” облыстық тәжік қоғамдастығының төрағасы Анваршох Амиршоевты ұсынды. Ол былтыр Ассамблеяның “Жомарт жан” төсбелгісіне ие болған еді. Ал биыл бұл марапатқа “Семейный” супермаркеттер желісінің басшысы Андрей Исаков лайықты деп танылды. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық “Бірлік” алтын медалі “Солтүстік Қазақстан облысының орыс қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Наталья Римская Корсаковаға табысталды.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp