«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРЛІК МЕКЕНІ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылы Шығыс Қазақстан облысында болған сапарында “Бейбітшілік пен келісімнің жол картасын” қалыптастыруға және көпэтносты Қазақстан халқының тарихын, қазақстандық этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрлерін насихаттауға бағытталған мега-жобаның тұсауын кескен болатын. Сол бағдарлама негізінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде тату-тәтті тұрып жатқан ұлыстардың ауызбірлігі насихатталған шаралар көптеп ұйымдастырылуда. Әсіресе, биылғы айтулы мемлекеттік мерекелер шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды.

Облыс әкімі аппараты жанындағы “Қоғамдық келісім” мекемесі мен Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы сондай шараның бірін Уәлиханов ауданында өткізуге мұрындық болып, ықылас білдіргендер аудан орталығынан отыз шақырым жатқан Ақбұлақ ауылында тоғысты. Жергілікті әкімдіктің аудандық деңгейдегі іс-шараны өткізу үшін осы ауылды таңдауы кездейсоқ емес. Ақбұлақ ауылдық округі – қазақ ұлты мен орыс, украин, неміс, татар, белорус этностарының бірлік пен татулық туын биікке желбіреткен құтты мекендердің бірі.

Бұл күні ақбұлақтықтар сырттан келген қонақтарды ашық-жарқын жүзбен қарсы алып, өздерінің мерекелік көтеріңкі көңілкүйлерін танытуға тырысты. Аталмыш шараға ауданның басқа 10 округінен келгендер де баршылық. Олар жұртқа мақтанышпен көрсететін ұлттық жәдігерлері мен бұйымдарын, қолөнер туындыларын, ұлттық тағамдарын ала келген. Айналдыра қойылған үстелдердің үстіндегі әртүрлі заттар мен тағамдар елдегі ұлттық салт-дәстүрдің, әдеп-ғұрыптың дәріптелуін айшықтай түскендей. Түрлі ұлыстардың киімдерін киген қыз-келіншектер мен бозбалалар ұлттық құндылықтарды паш ете білді. Мерекелік шараның шымылдығы қазақ жерінде елдің бірлігі мен тыныштығын сақтауға барынша мән берген бұрынғы өткен билердің саяси көзқарасына негізделген сахналанған шағын қойылыммен ашылып, онда бірқатар қонақтар сөз алып, марапаттау рәсімі жасалды.

– Уәлиханов ауданы ұлтына, дініне, тіліне бөлінбей, берекелі, қазақстандық үлгідегі шаңыраққа айналып отыр. Өзге этнос өкілдері өздерінің ұлттық құндылықтарын жоғалтпай, қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүріне ерекше құрметпен қарайды. Ұлыстардың ұрпақтары қазақ мектебінде білім алып, қазақ ұлттық аспаптарында ойнайды. Бүгінгі күні ауданда 13 этномәдени орталық жұмыс істесе, оның 10-ы биыл Ассамблеяның 20 жылдығы аясында ашылып отыр. Олар облыстық және аудандық қоғамдық-мәдени іс-шараларға белсене араласуда. Сондай-ақ, биыл аудан әкімдігінің жанында қоғамдық келісім кеңесі өз жұмысын бастады. Халқы тату, жері гүлденген, дамуы жедел “Мәңгілік Ел” құру – ұлы мақсат. Ал бұл қойылған міндеттер мен мақсаттардың жүзеге асырылуы халық бірлігіне тікелей байланысты екенін ұмытпайық, – деген аудан әкімі Аман Төрегелдин “Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы” медалін аталмыш округтегі “Сударушка” этномәдени орталығының жетекшісі Галина Виниченконың төсіне тақты. Сондай-ақ, бірқатар ақбұлақтықтарға және Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушiсі Наиль Салимовқа аудан әкімінің Құрмет грамотасын табыс етті.

– Бүгінгі таңда әрбір қазақстандық өзінің ұлттық құндылығын сақтап қана қоймай, оны әрі қарай дамытуға зор мүмкіндік алып отыр. Этностардың ана тілінде сөйлеуіне ғана емес, оны ұрпағына дарытуға жағдай жасалған. Биыл – Ассамблея жылы. Бұл – 17 миллион қазақстандықтың ортақ мерекесі. Әрбір қазақстандық қазақ жерінде бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін үлкен жауапкершілікті сезінуі керек. Бүгінгі Қазақстан баршамызға – ортақ жер, ортақ халық, ортақ болашақ, – деді сөз алған Наиль Салимов.

Бұл күнгі бағдарламадан шет қалған ақбұлақтық болған жоқ шығар. Олар үлкен-кішіге бөлінбей, кім неге талапты болса, сонысымен мерекелік көңілкүйді қалыптастыруға тырысты. Тіпті, жастар арасында танымал флеш-мобқа жасы үлкендер де қатысты. Ал қазақ биін орындаған үш жасар Аружан Мамырова өнерімен жұртшылықты тамсандырды. Мерекелік сыйлыққа өз концерттік нөмірлерін ала келген басқа округтердің өнерпаздары мен облыс орталығынан барған “Алуа” бишілер тобының ән-би шашуын ақбұлақтықтар жылы қабылдады.

Осы күні жергілікті мектептің жанынан ашылған жасөспірімдердің “Дәстүр” этномәдени орталығының тұсауы кесілді. Оның мүшелері алғаш рет жұрттың алдына шығып, аз уақыттың ішінде орталықта қандай ұлттық өнерді, дәстүрді, салтты үйренгендерін көрсетіп, ауылдың басқа жас түлектеріне өздерінің шеберлік сыныптарын өткізді.

Облыс орталығынан келген қонақтар аудан тұрғындарының арасында оқыту семинар-тренингтер ұйымдастыруды биылғы жыл жоспарына енгізген. Семинарда тіл үйренудің инновациялық тәсілдері, этномәдени бірлестіктерінің жұмыс әдістері мен түрлері, оларды дамытудағы түйткілді мәселелер және шешу жолдары туралы ақыл-кеңес берілді, тәжірибе ортаға салынды. Мұндай семинар-тренингті ассамблеялықтар облыстың барлық аудандарында өткізбек.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген автор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp