«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРЛІК ПЕН МОЛШЫЛЫҚ той ажарын ашып, салтанатқа сән берді

АҚ ТІЛЕКТЕР АҚТАРЫЛҒАН КҮН

Биылғы әз Наурыз мейрамы салтанатының бұрынғы жылдардағыдан анағұрлым жоғары дәрежеде ұйымдастырылғанына қалалықтар куә болды. Аспаны шайдай ашық Ұлыстың ұлы күні көтеріңкі көңіл күймен орталық алаңдарға ағылған қала жұртшылығы қаз-қатар ақ-шаңқан киіз үйлер тігілген көшелерді таңғы сағат тоғыз болмай толтырып тастады. Шығыс халықтарының жыл басы – көктемнің алғашқы күні өткен көше жәрмеңкесі бірден қызып жүре берді. Ал қазандарында бүлкілдеп пісіп жатқан еті мен бауырсақтарының иісі мұрын жарған тойлы ауылдың думанды тыныс-тіршілігі бұл күні, шынында да, таңдай қақтырарлықтай еді. Алты ай қыстан аман шығып, мейірлі күншуаққа кенелген халық Самарқанның көк тасын жібіткен шырайлы Наурызға ерекше шаттанды.

Облыс орталығындағы Наурыз тойы салтанатын өңір басшысы Ерік Сұлтанов жиналғандарды құттықтау сөзімен ашты.

– Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауында: “Бейбітшілік пен тұрақтылық – күнсайынғы еңбекпен қорғап, нығайтуды қажет ететін жалпыхалықтық жетістік”, – деп атап көрсетті. Ел игілігіне қатысты істерді жүзеге асыруда халықтың ауызбірлігі мен ынтымағының маңызы ерекше. Тәуелсіздігімізбен бірге қайта оралған Наурыз мейрамы салт-дәстүріміздің, тіліміз бен дініміздің, бірлігіміз бен татулығымыздың дамуына себепші ұлы мерекеге айналды.

Табиғатпен жақын, салт-дәстүрімізбен сабақтас бұл мерекенің маңызы зор. Осы күні бауырмалдық, татулық насихатталып, ақ тілектер айтылады. Президент 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жариялады. Осы жылдың тағы бір ерекшелігі – Ұлы Жеңістің 70 жылдығы және Қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өтіледі. Бұл – тарихымыз үшін айрықша кезең. Ұлы Наурыз мейрамы осындай құндылықтарға толы жарқын белестердің бастауы болмақ, – деді Ерік Хамзаұлы.

Одан кейін тойдың бас сахнасында облыстық қазақ және орыс театрларының өнерпаздары дайындаған Наурыз мерекесі тақырыбындағы көріністер көрсетілді. Облыс әкімі той қызықтарын тамашалауды қазақша күрес белдесулерін көруден бастап, этнографиялық ауылдың қаз-қатар тігілген киіз үйлерін аралады.

Қазақша күрес сайысына облыстың барлық аудандарынан және қаладан 35 балуан қатысып, күш сынасты. Командалық жарыста Петропавл қаласының балуандары жеңіске жетті. Соның ішінде, әсіресе, түйе балуандар белдесуіне жұртшылықтың ынтызары зор болды. Күрестің бұл түрінде Петропавл Әскери институтының қызметкері, халықаралық спорт шебері Айбек Хырықбайдың мерейі үстем шықты. Үш белдесуінде де жеңіске жеткен айтулы шебер жарыстың бас жүлдесіне тігілген қошқарды еншіледі.

Биылғы жылы тігілген киіз үйлердің көптігіне, олардың сән-салтанаты мен көркіне, ең бастысы этно-ауыл атына лайықты қолөнер жаймаларына тойға келгендердің көңілі толып, өте разы болды. Аудандардың және қала мекемелерінің оған жете мән беріп, биыл тіпті ерекше әзірлікпен келгені байқалды. Үй іргелерінде байлаудағы жылқы мен шарбақтағы қойлардан басқа, бұйдалы түйе мен тайлаққа дейін болды. Осының бәрін аралап көрген облыс әкімі атқарылған ауқымды дайындық жұмыстарына өз ризашылығын білдірді. Мамлют ауданының шебер аспаздары әзірлеген ұзындығы үш метрлік үлкен бәлішті өз қолымен тіліп, одан ауыз тиді. Жалпы мол береке мен ырыс тойы саналатын Наурызға дайындалған тағамдар түрінен олқылық болған жоқ. Осылардың бәрі тойға келгендерге тегін берілді, әрбір киіз үй 30 адамнан қонақ күтті. Иә, қалалықтардың: “Бұрын мұндай ауқымда той өткен емес”, – деуі тегін болмаса керек.

Сол себептен де облыс аудандары мен кәсіпорындарының киіз үйлері байқауы қорытындысын шығару қазылар алқасына оңай соққан жоқ. Десе де, байқаудың осы түрінен жылда олжа салып жүрген айыртаулықтардың бұл жолы да өзгелерден басымдығы байқалып тұрды. Үш бірдей бұйдалы түйе-тайлақтарын жетелеп келген ауданның үй жабдықтары мен тағам мәзірлерінің, көрсеткен қолөнері туындыларының бәрі талғампаз қазылар мүшелерінің көңілдерінен шықты. Әсіресе, Ғалия Сайдалиева дайындаған өзбек асханасының дәмдері мен шығыс тәттілері тіл үйірерліктей дәмді болды. Сөйтіп, киіз үйлер байқауының бас бәйгесін Айыртау ауданы жеңіп алды. Дайындығы жағынан бір-бірінен олқы түспеген Ғ. Мүсірепов атындағы, Тайынша аудандары мен облыстық ішкі істер департаментінің киіз үйлерінің жоғары талғамнан шыққаны атап өтілді. Ішкі істер департаменті 500 адамдық қос әскери палаткада қалалықтарға тегін той дастарқанын жайды.

– Көшедегі жәрмеңкеге облыстың барлық аудандары атсалысып, бәрін бірдей тізіп айтпағанмен, негізгі ауыл шаруашылығы өнімдерінен 15 тонна ет, 6 тонна сүт өнімдері, 3 тонна балық, 1,5 тонна көкөніс және 6 тонна картоп сатылды. Баға қала базарларындағыдан орта есеппен 15-20 пайызға арзан болды. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріміз шамамен 22 миллион теңгенің үстінде өнім өткізді, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Алтынбек Абдуллаев.

Қаланың орталық алаңында аумағы бір мың шаршы метр, 100 мың жарық диодты шамдардан тұратын үлкен шаңырақ астындағы салтанат театрландырылған “Ерлік пен бірліктің мерекесі” концерттік бағдарламасы аясында өрбіді. Онда “Қасиетті домбыра”, “Наурызкөже-шоу” байқаулары өтті. Осындағы ұлттық салт-дәстүрлер фестивалін тамашалаған өңір басшысы өз қолымен Әмірхан Досаев есімді бүлдіршіннің тұсауын кесті.

Келесі бір мезетте әуелеген әсем әуен ырғағында 200-ден аса адамның “Қара жорға” биін билей жөнелгені де есте қаларлықтай көрініс болды. Сондай-ақ, тойдың бірінші күнінде қос алаңды тегіс қамтыған спорт және салт-дәстүрлік жарыстардың өте көп болғанын атап өткен жөн. Айталық, каратэ мен таэквондодан үлгілі көрсетілімдер көрсетілсе, өз бақтарын сынағысы келетіндер үшін “Көңілді мәре”, гір көтеру, армрестлинг, дартс, арқан тарту жарыстары өтті. Сол сияқты, асық ату мен жілік сындырудан шеберліктерін сынағандар болды. Ал қайсыбіреулер атқа мініп, алтыбақан тепті. Ұлттық ойындардың ішінде тоғызқұмалақтың әуесқойлары көбейе түскені байқалды. Одан блиц-турнир өтіп, Шал ақын ауданының тоғызқұмалақшылары жеңіс тұғырынан көрінді. Қыздар арасында осы ауданның намысын қорғаған Алтынгүл Темірболатова жеңімпаз атанды.

Науан Наурыздың бірінші күнгі той-думаны жастардың кешкілік “Төрлет, берекелі, мерекелі жыл басы!” бағдарламасымен жалғасты.

МЕРЕКЕ

ШЫРАЙЫН АШҚАН

ЭТНОАУЫЛ

Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуымен бірге Наурыз мейрамы барлық қазақстандықтар үшін жалпыхалықтық сүйікті мерекеге айналды. Көктемнің осы бір шағында табиғат қана түлеп қоймай, қоғамның ынтымағы мен бірлігін, бейбітшілігі мен түсіністігін нығайтатын адамдардың да жан дүниесі тазара түседі. Наурыз – көктемнің ғана емес, ең әуелі ізгілік пен жақсылықтың мейрамы. Ұлыстың осы бір ұлы күні адамдар бір-біріне деген өкпе-реніштерін ұмытып, татуласып, табыса білген. Халқымыз мол дастарқанын жайып, ақжарқын көңілмен жүздесіп, дәм татысып, баршаға жақсылық пен аманшылық тілеген.

Нақ осы көріністерге облыс орталығындағы Наурыз мерекесінің екінші күні де куәгер болдық. Май тоңғысыз ауа райында алаңға жиналған тұрғындар нөпірі қалың болды. Алаңға орнатылған сахнадан мерекені жүргізушілер “Наурыз думан” ойын және концерттік бағдарламасының басталғанын жария етуі мұң екен – көшеде ән де шырқалды, би де биленді, ұлттық ойындар да қыза түсті. Сахнаның қос қанатын ала орналасқан киіз үйлер иелері тілек білдірушілерге ұлттық тағамдардан дәм татырды.

– Наурыз мерекесінің екі күнінде тегін тарату үшін 250 килограмм палау, 500 литр наурызкөже, 700 килограмға жуық бауырсақ дайындалып, шай қайнатылды. Этноауылда орналасқан киіз үйлерге әртүрлі санаттағы азаматтар бекітіліп, осы күндері 2 мыңға жуық адамдар мерекелік дастарқан мейманы болды, – дейді қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Динара Рақымжанова.

Мерекелік бағдарлама шеңберінде алаңдағы сахнада “Бауырсақ шоу” байқауы өткізілді. Сахнаға шыққан балалар мен ересектер белгілі бір уақытта бауырсақ жеуден жарысқа түсті, жеңімпаздар әртүрлі сыйлықтармен марапатталды. Сол сияқты “Шаш – қыздың ажары” байқауын тамашалаушылар да аз болған жоқ. Сахнаға он жеті бойжеткен көтеріліп, өздерінің бұрымдарын көрермендер назарына ұсынды. Көрермендердің ең көп қолпаштауына ие болған Алтынай есімді бойжеткеннің мерейі үстем болды. Сайысқа қатысушылардың барлығы сыйлықсыз қалған жоқ.

“Клишина” жеке кәсіпкерлігінің ұжымы бір тәулік бойы салмағы – 80 килограмм, аумағы 3 шаршы метр болатын “Жайлау” тортын қалалықтарға тосын сый ретінде дайындапты. Бұл тортқа 25 килограмм ұн, 600 жұмыртқа, 40 килограмм қант пайдаланыпты. Ол мереке күні келушілерге тегін таратылды.

“Гедеон” сауда компаниясы өткізген жүлделер ұтысы да көп көрерменін жинады. Бұл ұтыс ойнына соңғы алты ай ішінде компания дүкендерінен кем дегенде 30 мың теңгенің құрылыс материалдарын сатып алушылар қатысты.

Ең үлкен ұтысқа “Қарасай” стадионының маңында орналасқан бір бөлмелі жайлы пәтер тігілді. Оны ұтып алған қала тұрғыны көрермендердің қолпаштауымен сахнаға көтерілді.

– Мен қызыма ипотекамен пәтер сатып алып, оны жөндеуге “Гедеон” фирмасының құрылыс материалдарын пайдаланып едім. Енді, міне, өзім де пәтерге ие болып отырмын, – дейді ұтыс иесі. Сонымен қатар телевизор, компьютер, тоңазытқыш сияқты ұтыстардың иелері анықталды.

Бұл күні “Достық ән шеруі” музыкалық флеш-мобы, “Халықтық марка” мерекелік бағдарламасы да қатысушылар көңілінен шығып, “Шеберлер ауылы” алаңында сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының сауда-көрмесі өтті. Мерекелік шара өткен ғасырдың 70-90 жылдары жазылған, халық арасында кең тараған әндердің “Көктемнің әсем нақыштары” кешкілік бағдарламасымен тамамдалды.

ПАЙ-ПАЙ,

КЕЛІНДЕР-АЙ!

Петропавл қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі Наурыз мерекесі күндері “Пай-пай, қазақтың келіндері-ай!” атты қалалық байқау өткізді. Сайыстың діттеген мақсатына сай ереже бекітіліп, үміткерлер бес талап бойынша сынға түсті. Онда сайыскерлердің сахналық мәдениетіне, тіл тазалығына, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты меңгеру деңгейіне және киім үлгілеріне назар аударылды. Байқауға 20 мен 35 жас аралығындағы алты келіншек қатысты. Олар – отанасы ретінде отбасының ұйытқысы болумен қатар, еңбектен де қол үзбеген нәзік жандар.

Байқау ережесі бойынша сахна төріне шақырылған үміткерлер “Сәлем – сөздің анасы” атты кезеңдегі бірінші сынақта өздерін ибалы, әдепті келін ретінде көрсетті. Келінді ошақ басында сынаудың да жөні келіп, екінші сынақта үміткерлер қазылар алқасына өз қолдарымен дайындап әкелген ұлттық тағамдардан дәм татырып, әділ бағаларын алды. Ал байқаудың үшінші кезеңінде сайыскерлер салт-дәстүрге байланысты сұрақтарға жауап беріп, өздерінің білімдерін байқатты. Сайыстың “Өмірімді өнеріммен өрнектеймін” атты кезеңінде сайыскерлердің өнері тамашаланды. Байқауды жарасымды кешкі көйлек сынағы қорытындылады.

Қазылар алқасы осы үш кезеңнің тапсырмаларын басқалардан үздік орындаған келінді анықтап, жеңімпазды жария етті. Бірінші орынды иеленген ішкі істер басқармасының қызметкері Баян Байғаскина барлық кезеңдерде ерекше көзге түсіп, үздік танылды. Облыстық балалар ауруханасының медбикесі Раушан Сүттібаеваның талабы да жоғары бағаланып, оған екінші орын берілсе, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің оқытушысы Бақытгүл Әубәкірова үшінші орынға орнықты. Басқа үміткерлер: “Ашық-Аспан” балабақшасының тәрбиешісі Әсел Қожахметова, №2 орта мектептің мұғалімі Наиля Жансарина, облыстық аурухананың медбикесі Гүлнар Мұқашева арнайы аталымдар бойынша марапатталды.

Тоқтар ЗІКІРИН,

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp