Қашанда алысты болжай білетін, көреген Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел экономикасын одан әрі нығайтудың, қоғамды біріктірудің басты мәселелерін көтерген болатын. Қадағалау органдарының қызметкерлері де ұлттық жоспар мен мемлекеттік құрылыстың нақты қадамдарымен жете танысып, оны жүзеге асыру бағытындағы мақсатты жұмыстарын бастап кетті.
Қашанда елдегі тыныштық, қоғамдық тәртіп мәселесіне баса мән беретін Нұрсұлтан Әбішұлы бұл жолғы маңызды құжатта да құқық қорғау саласын нығайту мәселесіне ерекше көңіл бөліп, сыбайлас жемқорлықпен күреске мейлінше пәрмен беріп отыр. Бұл кеселмен күресте прокуратура органдарының қарымы да арта түспек.
Елбасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бүкіл мемлекеттік қызметке кадр іріктеуді жүргізетін бірыңғай рекрутингтік орталық болуы тиістігіне тоқталып, жергілікті қоғамдастық алдында есеп беретін жергілікті полиция қызметін құру қажеттігін де атап өтті. “Ол қоғамдық тәртіпті сақтауға, тұрмыстық қылмысқа қарсы іс-қимыл мен жол-патрульдік қызмет жұмысына жауапты болады. Нақ осы қызмет жергілікті қоғамдастықпен тығыз ынтымақтаса отырып, ұсақ заң бұзушылықтарға қатысты “мүлде төзбеу” режімін қамтамасыз етуі тиіс”, – деді Мемлекет басшысы.
Осы сынды әр сала бойынша көрсетілген нақты тапсырмалардың талапқа сай ел заңдарының аясында жүзеге асырылуы біздердің алдағы жылдарға негізделген ең басты мақсат-міндетіміз болмақ.
Жасұлан СМАҒҰЛОВ,
Петропавл қаласы
прокурорының
орынбасары.