
Тұрақтылық, бейбітшілік пен тыныштық – басты құндылықтар. Әр мемлекеттік қызметші жерлестерінің әл-ауқатын нығайту және өмір сүру сапасын жақсарту жолында адал қызмет етуге міндетті. Біз де осы міндетті орындау мақсатында жұмыс жүйесін жетілдіріп, қоғамның пікіріне құлағы түрік жүретін орган ретінде қалыптастық.
Екі жыл бұрын жұмысымыз құқықтық ықпал етудің тек жазалау және репрессивтік шараларына негізделген еді. Бүгінде біз сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға ойыстық. Олардың ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг, оның себеп-салдарын жоюға бағытталған сыртқы талдау, сондай-ақ, әкімшілік кедергілер мен бюрократиялық рәсімдерді қысқарту шаралары жүзеге асырылуда.
Ал бүгінгідей пандемия жағдайында белсене жұмыс істеуге міндеттіміз. Себебі, еліміздің жекелеген аймақтарында кейбір шенеуніктердің жеке қорғаныс құралдарын, дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдықтарды сатып алу кезінде халықтың қамы емес, өз қалталарын ойлап, пайдакүнемдікке салынғаны анықталды. Мұндай ашкөздерді тұтқындаумен бұл мәселе шешімін таппасы анық.
Осыған байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті жанынан жұмыс тобы құрылып, оның мүшелері дәрі-дәрмектерге шекті бағаны көтерудің алдын алу мақсатында күнделікті мониторинг жүргізеді. Топ құрамында облыстық мәслихат депутаттары, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, еріктілер, мүдделі мемлекеттік органдардың мамандары бар. Петропавл қаласы бойынша 8 топ құрылды, оның әрбір мүшесі ең тапшы деген дәрілік препараттардың тізбесі туралы хабардар.
Мүдделі ведомстволар мен ұйымдардың күш-жігерін біріктіру үшін прокуратура органдарының бастамасы бойынша жедел әрекет ету орталығы құрылды. Ол облыс әкімінің өкіміне сәйкес күн сайын коронавирустық пандемияға қарсы іс-қимыл бойынша жағдайды қадағалап, талдап отырады. Орталықтың жұмысына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның, “Qyzyljar – adaldyq alańy” жобалық кеңсесінің қызметкерлері, құқық қорғау құрылымдары мен қадағалау ведомствосының өкілдері белсенді қатысуда.
Бүгінгі таңда 7 жеткізушінің бесеуі басқа қалалардағы орталық кеңселері арқылы (“Медсервис плюс” ЖШС-і, “Аманат” ЖШС-і, “СтоФарм” ЖШС-і, “Гелика” ЖШС-і, “Medcine” ЖШС-і) препараттар мен медициналық өнімдерді жеткізу бойынша қызметін жүзеге асыруда. Бұдан бөлек, “GreenLine” ЖШС-і және “Фарм Медика Саудасы” ЖШС-і өздігінен дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарға тапсырыс беріп, дәріханалар желісіне сатады. Олардың әрқайсысымен облыс аумағында сұранысқа ие дәрілік заттарды әкелу мәселесі талқыланды. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың шешіміне сәйкес қажетті дәрі-дәрмек сатып алуға бюджеттен қосымша 200 млн. теңге бөлінді. Осындай бірлескен жұмыстың нәтижесінде өңірге дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар үздіксіз жеткізілуде.
Келіп түскен гуманитарлық көмек облыстың медициналық мекемелері арасында бөлінеді. Өз құзыретімізді пайдаланып, осы жұмысқа біз де араластық. Гуманитарлық көмектің сатылымға шығуына жол бермеу мақсатында әр өнімге “Тегін. Сатуға болмайды” деген мөр бастырамыз.
Қалыптасқан жағдайды бақылау барысында жедел әрекет ету орталығының мүшелері және “Лидер.kz” қозғалысының еріктілері облыстың барлық провизорлық және инфекциялық стационарларын аралап, өкпені жасанды желдету аппараттарының, оттегі концентраттарының, медициналық препараттардың бар-жоғын тексерді. Қандай қондырғы мен дәрі-дәрмектің тапшы екенін анықтап, толық ақпарат бердік.
Қоғам өкілдері мен еріктілердің игі іске араласуы – олардың қоғамда болып жатқан жайттарға бейжай қарай алмайтынын көрсетеді. Еліміз осындай жомарт, батыл адамдардан кенде емес. Осындай ауызбіршілігіміздің арқасында кез келген нәубетке қарсы тұра аламыз. Мәселені асарлатып шешу халықтың қанына сіңген әдет екенін тағы бір мәрте мойындағандай болдық.
Жалпы, азаматтық қоғам мемлекеттің тұрақты іс-қимыл алгоритмі жоқ жаңа, белгісіз міндеттерді тиімді атқарады. Пандемия кезінде кез келген жағдайға бейжай қарамайтын біртұтас қоғамға айналдық. Қиын жағдайға қарамастан, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған ақпараттық жұмыстарды жүргізуге де уақыт таптық. Жастардың құқықтық санасын арттыру және адамгершілігін нығайту үшін дәстүрлі әдістер ғана емес, сонымен қатар кейбір тың тәсілдер де қолданылады. Мысалы, бүкіл әлем мойындаған ұлы ойшыл әл-Фарабидің мерейтойына арналған “Адалдық сағаты” бейнедәрісі өткізілді. Ол өз шығармаларында, оның ішінде “Қайырымды қала тұрғындары” еңбегінде тәрбие, мейірімділік, парасаттылық және әділдік жайлы ой қозғаған. Ұлы ойшылдардың еңбектерін жан-жақты дәріптеу арқылы саналы ұрпақ тәрбиелей аламыз.
Мониторинг жүргізгенде бизнес өкілдеріне көмек көрсетуі тиіс мемлекеттік органдарда кездесетін әкімшілік кедергілерді жоюға баса назар аударамыз. Соның бірі – сәтті жүзеге асырылған “Бизнес пен инвестицияларды қорғау” жобасы. Уақытша қолға алынған жоба алдағы уақытта өз маңыздылығын жояды деген үмітіміз зор. Себебі, қоғамда адалдық пен таза ниет қалыптасатынына сенімдіміз.
Мұнымен қоса, департаменттің негізгі жобалары – “Qyzyljar – adaldyq alańy”, “Адал көмек”, “Адал жол”, “Сапалы жол” және арнайы мониторингтік топтардың жұмыстары да жүйелі жүзеге асырылуда. Аталған жобалар Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындап, “халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы аясында қоғам мен мемлекет арасында сындарлы диалогтың қалыптасуына тың серпін береді.
Біздің негізгі идеяларымыздың бірі – сыбайлас жемқорлықтан ада қоғам құруға бағытталған күш-жігерді біріктіру. Яғни, азаматтарға өздерінің құқықтарын пайдалануда жаңа мүмкіндіктер беріп, адалдық пен парасаттылық идеяларын ілгерілету жөніндегі үндеуіміз бірреттік акция болып қалмай, өмір сүру салтына айналған кезде жоғарыда айтылған мақсатқа жетеміз.
Сонымен қатар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жең ұшынан жалғасқан құқық бұзушылықтарды анықтау және тергеу бойынша міндеттері де бар екені белгілі. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 54 қылмыс тіркелсе, оның 37-сі сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша орын алған. 84 қылмыстық іс аяқталып, 36 іс сотқа жіберілді. Аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген залал 458,2 млн. теңгені құрады. Оның 98,6 пайызы, яғни 451,8 млн. теңгесі өтелді. Мемлекеттік органдардың бес бірдей басшысының қылмысы әшкереленді.
Бұл бағыттағы жұмыстар да күшейтілетін болады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев бюджет қаражатын жымқыруға жол бермей, “Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға барынша кірісу қажеттігін атап өтті. Қазіргі уақытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет цифрлық даму және білім беру министрліктерінің жоғары лауазымды тұлғаларына қатысты екі қылмыстық істі тергеп жатыр.
Сонымен қатар қоғам бюджет қаржысы талан-таражға түспеуі үшін әлеуметтік бағдарламалардың жүзеге асырылуын қатаң бақылауды талап етіп отыр. Бұл жерде тиімді алдын алу шарасы ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы аудитті атап өткім келеді. Өйткені, ол ықтимал ұрлық пен қаржыны теріс жолға пайдаланудың алғышарттарын болдырмауға мүмкіндік береді. Осылайша, біз алдын алу және жедел-тергеу жолымен мемлекеттік бағдарламаларды сүйемелдеуді қамтамасыз етуге ниеттіміз. Мұның бәрі ел Президентінің мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын қамтамасыз етіп және беделін түсіруге жол бермеу туралы тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді.
Ернар БАЯНҒАЗИН,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы.