Петропавл қаласындағы Спорт сарайында ерлер мен әйелдер арасында қазақ күре-сінен ел біріншілігі аяқталды.
Ерлер арасында Дәулет Ниетбай (55 кг., Алматы қ.), Ержан Еренқайыпов (60 кг., Алматы обл.), Қуаныш Ысқақов (66 кг., СҚО), Айдос Ғалымов (74 кг., Алматы қ.), Әбдіқасым Сахан (82 кг., Алматы қ.), Әділжан Ыстыбаев (90 кг., Шымкент қ.), Нұрым Сәлімгереев (100 кг., Қызылорда обл.), Руслан Әбдіразақов (100+ кг., Алматы қ.) топ жарды.
Боз кілемде 50 нәзік жан күрескен болатын. Тартысты өткен белдесулердің нәтижесінде Айдана Өтегенова (48 кг., СҚО), Ботагөз Дүйсенбаева (52 кг., Астана қ.), Арайлым Рақыш (57 кг., Шымкент қ.), Мәриям Ордабаева (63 кг., Алматы қ.), Ғалиябану Аманханова (78 кг., Шымкент қ.) және Жанар Табылова (78+ кг., Ақмола обл.) жеңістің биік тұғырына көтерілді.
Сайдың тасындай іріктелген балуандардың осалы жоқ. Дегенмен, біріншілікте өз салмақ дәрежесінде топ жарады деп күткен кейбір балуандар жеңіліс тапты. Атап айтқанда, қазақ күресіндегі ең танымал балуан Айбек Нұғымаров жартылай финалда Руслан Әбдіразақовқа есе жіберсе, биылдан бастап өңіріміздің намысын қорғап жүрген Мұхит Тұрсынов қызылордалық Мақсат Исағабыловтан ұтылды. Дәурен Нұралинов жүлдесіз қалса, Айбат Сейтен екінші орынды қанағат тұтты. Бұл балуандардың барлығы бәсі биік додаларда үздіктер қатарынан көрініп жүргендер.
Біріншіліктің соңғы күні “Түйе балуан” анықталды. Жанкүйерлер тағатсыздана күткен сайыста барлық қарсыластарының жауырынын жер иіскеткен Маңғыстау облысының өкілі Нұрдәулет Жарылғапов “Түйе балуан” атанды. Екінші орынға қарағандылық Бекзат Ахметбеков ие болды. Ал жерлесіміз Мұхит Тұрсынов пен шығысқазақстандық Айбек Қалибеков үшінші орынды иеленді.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.