
Тамыз айының 15-і күнгі дерек бойынша өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың жалпы саны – 3699 адам. Соның 62 пайызында ауру белгісі анықталды. Екі жарым мыңнан астам науқас емделіп, ауруханадан шықты. Өкінішке қарай, 17 адам қауіпті індеттен көз жұмды. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Баспасөз мәслихатында баяндама жасаған облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Серікбай Қасмақасов соңғы үш аптада өңірде ауру жұқтыру көрсеткіші төмендегенін жеткізді. Сондықтан коронавирус көрсеткішінің оң қарқыны карантин шараларын жұмсартуға мүмкіндік берді. Бұл орайда, тамыздың 17-нен бастап облыста санитарлық-дезинфекциялық шараларды қатаң сақтай отырып, бірқатар нысандардың жұмысы қайта жанданды. Мәселен, ойын-сауық, сауда орталықтары, сауда үйлері, аумағы 500 шаршы метрден астам азық-түлік емес дүкендер дүйсенбі-жұма күндері аралығында таңғы 9-дан кешкі 22.00-ге дейін жұмыс істейді. Алдын ала жазылу бойынша әсемдік салондары, шаштараз, косметикалық қызмет көрсетуші нысандар да жұмысын бастады. Алайда, олар сенбі-жексенбі күндері қызмет көрсетпейді. Ашық аспан астында қоғамдық тамақтану орындары да іске қосылды. Бұл орайда, сақтық шаралары қатаң сақталып, ғимарат ішінде келушілер саны 30 адамнан аспауы тиіс.
Мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдары, балалар мен ересектерге арналған курстар, балабақшалардағы кезекші топтар жұмыс істеуде. Ашық аспан астында азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар жәрмеңкесін өткізуге рұқсат етіліп, жабық киім-кешек базарлары, азық-түлік емес жабық нысандар, құрылыс базарлары дүйсенбі-жұма күндері аралығында тұрғындарға қызмет көросетуде. Ашық алаңдағы аттракциондар, алдын ала жазылу бойынша фитнес, жаттығу залдары (бассейінсіз), келушілер саны 50 пайыздан аспайтын қоғамдық моншалар мен спорттық нысандарда оқу-жаттығу жүргізуге рұқсат етілді.
– Өңір тұрғындарының тәртіп сақтауы мен шектеу шараларының нәтижесінде қауіпті індет жұқтыру көрсеткіші төмендеді. Бірақ шектеу шараларының жұмсаруы арқаны кеңге салуға мүмкіндік бермейді. Қоғамдық орындар мен көлікте, ғимарат ішінде бетперде киюіміз қажет. Мониторингтік топтар жұмысын одан ары жалғастырады. Егер заңбұзушылықтар анықталса, шара қабылданады, – дей келе Серікбай Қасмақасов барлық қызмет көрсету орындарында тазалық пен сақтық шаралары қатаң сақталуы тиіс екенін айтты. Әр нысанда келушілердің дене қызуы өлшеніп, санитайзерлер орнатылуы қажет. Әсіресе, кәсіпкерлік нысандары сақтық шараларына баса назар аударғаны жөн.