«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІР АДАМДАЙ ҚАТЫСТЫ

Өткен сенбі күні Петропавл қаласында Олимпиада күні өтті. Орталық алаңда бастау алған шараға қызылжарлықтармен қатар, өңіріміздің белгілі спортшылары, әлем және Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысты.

Аталмыш шараның маңыздылығын тілге тиек еткен облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова жұртшылықты құттықтап, сәттілік тіледі.

Ал облысымыздың мақтанышына айналған жеңіл атлетші Маргарита Мұқашева барлық қатысушыларды саламатты өмір салтын ұстануға шақырды.

– Қазақстан – әр уақытта спортқа жоғары басымдық берген мемлекеттердің бірі. Оған бәсі биік додалардағы әр жеңісіміз және бүгінгі спорттық шара дәлел. Бұл мереке барлық елдерде ерекше аталып өтуде, – деді жеңіл атлетикадан Азия ойындарының жеңімпазы.

Халық арасында саламатты өмір салтын насихаттап, барлық қазақстандықтарды спортқа тартуды көздеген дәстүрлі шараға қатысушылардың қатары қалың болды. Бұл күнгі ауа райы да спортпен шұғылдануға қолайлы еді. Сөйтіп, орталық алаңда жиналған бір мыңнан астам қызылжарлық Қазақстан Конституциясы көшесінің бойымен Тәуелсіздік аллеясына дейін жүгіріп өтті.

Шара соңында үздіктер қатарынан көріне білгендерге Анархан Қалиқызы Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Томас Бахтың қолтаңбасы бар сертификаттарды табыстады. Аталмыш марапатқа ие болғандардың қатарында жеңіл атлетші Маргарита Мұқашева, былғары қолғап шебері Жанат Жақиянов, паралимпиадашылар Сергей Харламов пен Руслан Қанафин және тағы басқалар бар.

Айта кетейік, Олимпиада күні облысымызда 2010 жылдан бері аталып келеді.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

 Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp