Өткен жексенбі, 2 мамыр күні Қызылжар ауданындағы Желяково ауылында өрт шығып, 6 үй және бір қора-қопсы жанып кетті.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқыс оқиға күндізгі сағат 13.24 кезінде орын алған. «101» нөміріне қоңырау шалған ауыл тұрғындары қураған шөптің өртеніп, дауылдың салдарынан оттың елді мекенге кіргені туралы хабарлаған. Өртті сөндіруге Петропавл қаласының үш өрт сөндіру бөлімшесінің 50 маманы және 15 техникасы, жергілікті атқарушы орган мен шаруашылық өкілдері жұмылдырылды. Қатты дауылдың салдарынан өрт сөндірушілер жалынмен 7 сағат бойы күресті.
Сөйтіп, өрт кешкі сағат 20.25-те толық сөндірілді. Абырой болғанда қаза тапқандар жоқ. Тілсіз жаудың салдарынан 3 тұрғын және 3 бос тұрған үй жанып кетті. Сондай-ақ, жалпы аумағы 501 шаршы метр болатын шаруашылық нысанына зақым келді. Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына отты абайсыз қолдану болған. Яғни, қураған шөпті өртеу кезінде ауыл тұрғындары өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған. Тілсіз жаудан зардап шеккен азамататр туған-туыстарының үйлерін паналауда.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов «Instagram» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында ауылда шыққан өртке қатысты пікірін білдіріп, баспанасыз қалғандарға көмек көрсетілетінін жазды.
«Кеше Қызылжар ауданындағы Желяково ауылында қураған шөп жанып, 3 тұрғын үй және бос тұрған 3 үй өртеніп кетті. Қатты жел жұмысты қиындатқанымен, өрт сөндірушілер оттың ары қарай таралуына жол бермеді. Ауылда 51 үй бар. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Туыстарында уақытша орналастырылған зардап шегушішілерге қажетті көмек көрсетілетін болады», – деп жазды Құмар Іргебайұлы.
Қазір Қызылжар ауданының еріктілері баспанасыз қалған тұрғындарға жылу жинап жатыр. Негізінен ересек адамдарға арналған киім-кешек, тұрмыстық заттар, төсек-орын, ыдыс-аяқ қажет.