«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІР АУЫЛ – БІР ШАҢЫРАҚ

Біз, қазақ халқы, ежелден-ақ салт-дәстүрімізді ұмытпай есте сақтап, құрметтеп келе жатқан ұлтпыз. Жадымызға алынбай, ұмыт қалған ең ұлық мерекеміз – Наурыз қайта жаңғырып, санамызды оятты. Біз енді осы тойымызды мектептен бастап балдырғандар мен жеткіншектердің санасына сіңіріп келеміз. Осылайша, Айтуар негізгі мектебінде Ұлыстың ұлы күніне орай “Қош келдің, әз Наурыз!” атты ізгі шара өткізілді. Мектеп директоры Гайдар Әбдірешев ұйымдастырушы ұстаздарға ауыл тұрғындарын да түгелдей дерлік мерекеге қатыстыру керек екені туралы ұсыныс жасады. Асаба ұстаздар ізгі шараны жоспарлап, ауыл тұрғындарын үш көшеге бөліп, сайыс түрінде өтетіні туралы хабарлады. “Тойдың болғанынан боладысы қызық” дегендей, Айтуардың тұрғындары мерекеге бар ықыласымен дайындалды. Ауылымызда Наурыз мерекесінің ерекше өтетіні туралы алдын ала естіген сырттағы туған-туысқандар, тіпті, елордамыз – Астанадан да келгендер болды.

Тұрғындар үш көшеге бөлініп, сынып ішіне өз шаңырақтарын құрды. Үш көше тұрғындары “Игібай”, “Мәдениет”, “Достық” ауылдары атынан сайысқа түсті. Дәстүрлі сайысқа ауылдың түтінін түтетіп отырған ақ сақалды аталарымыз, ақ жаулықты әжелеріміз бен аналарымыз, ибалы келіндеріміз, бала-шағамыз түгелдей дерлік қатысты. Ұлыстың ұлы күнінде ауылдың қарт адамынан бастап, тәй-тәй басқан сәбилерге дейін қазақтың ұлттық киімдерін киіп, әйелдер әшекей бұйымдар тағып, мерекенің сәнін келтірді.  

Дастарқанға ұлттық тағамдар жайғастырылды. Таң ата-аналарымыз мерекенің ұлттық тағамы – наурызкөже пісірді. Асабалар сайыс басталмас бұрын қазылар алқасын сайлап алды. Жоспар бойынша әр тұрғын өзін таныстыруды, қолөнер сайысынан, қазақтың ұлттық дәстүрлері туралы сұрақтарға жауап беруден, киіз үйді әшекейлеп безендіруден, ұлттық тағамдарды әзірлеуден, наурызкөже пісіруден, салт-дәстүрден көрініс көрсетуден сайысқа түсті.

Мереке алдында ақ жаулықты қария анамыз Қайыржан Елембаева ақ батасын беріп, Айтуар ауылының тумасы, марқұм, сегіз қырлы сері Игібай Әлібаевтың сөзіне жазылған “Айтуарым” атты әнді шырқап берді. Өнер сайысында аналарымыз халық әнін орындап берсе, қылықты қыздарымыз “Қара жорға” биін билеп, 9-11- сынып ұлдары мен колледж студенттері “Жайдарман” әзілдерін көрсетіп, мәре-сәре болды. Шебер қолды апаларымыз бен қыздарымыз қолөнер сайысында сынға түсті.

Саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Сайран Исенов ұлттық ойындар ұйымдастырды. Ол “Арқан тартыс”, “Білек сынасу”, ауыл тұрғындарының арасында эстафеталық жарыс өткізді.

Мереке өз мәресіне жетіп, мектеп әкімшілігі атынан үш көше тұрғындарына ақшалай сый-сияпат берілді. Дәстүрлі сайыс мәресіне жеткен соң ауыл тұрғындары бала-шағасымен дастарқан басына жайғасып, наурызкөже ішіп, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татты.

Ұлыстың ұлы күні Айтуар ауылының адамдары бір шаңырақтың астында, бір үйдің адамдары сияқты бірлік пен ынтымақтастықта болды. Қазақ елі үшін осынау қасиетті күні біздің шағын ғана ауылымыздың да нұры шалқып, шұғыласы жанды. “Қуанышымыз ұзағынан болсын!” деген ақ тілек әр тұрғынның жүрегінде атойлап тұрды.

Ақмарал ҚАЛИЕВА,

Айтуар негізгі мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.

 Жамбыл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp