«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БІР ЕЛ – БІР КІТАП”

Қазақ әдебиетін насихаттау, тарихи-мәдени және рухани мұрамызды сақтау, жастарды отаншылдыққа, өнегелілікке тәрбиелеу, сондай-ақ, оқырмандарды әдеби-көркем кітаптарды оқуға, кітапханаға тартуға бағытталған “Бір ел – бір кітап” республикалық акциясы биыл тоғызыншы рет ұйымдастырылуда.

Абай, Мұхтар, Мағжан, Жұбан, Жүсіпбек, Оралхан секілді алыптар тізбегінен тұратын оқу акциясының сипаты біртіндеп жалпыұлттық деңгейге көтерілуде. Жыл сайынғы жалпы оқуға қатысушы оқушыларымыз көбейіп, өткізілген іс-шараның саны артып, түрлері жаңашаланып келеді. Биылғы “Бір ел – бір кітап” республикалық акциясы аясында өз оқырмандарына жол тартқан “Көшпенділер” кітабы – қазақтың аса көрнекті классик жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ілияс Есенберлиннің төл туындысы.  

Петропавл қалалық кітапханалары жүйесінде республикалық “Бір ел – бір кітап” акциясы бойынша өткізілген іс-шаралар алуан түрлі. Кітапханашылар оқушылармен жұмыс істеу кезінде өткізген оқу марафондары, оқырмандар конференциясы, кітап көрмелері, әдеби кештер, ауызша журналдар таңдалып алынған әрбір шығарманы кең әрі жан-жақты ашып көрсетуге өз септігін тигізді. Қалалық №2 кітапхана ұжымы Ілияс Есенберлин шығармаларын, соның ішінде “Көшпенділер” трилогиясын насихаттау мақсатында кешенді іс-шаралар өткізді. Кітапханада Қазақ хандығының ХII ғасырдағы картасы және Ілияс Есенберлиннің шығармаларында есімдері кездесетін қазақ хандары мен батырларына арналған кітаптармен безендірілген екі тілді көркемсуретті “Қасиетті қазақ жері – Священная земля казахов” кітап көрмесі безендірілді. Кітап көрмесіне Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қасиетті қазақ жері – ата-бабаларымыздың даңқты тарихын атының тұяғымен жазып кеткен жер” деген дәйексөзі қолданылды.

“Ілияс Есенберлиннің “Көшпенділер” шығармасындағы атақты тарихи тұлғалар” тақырыбында өткен іс-шара “Ұлы Дала өкілдері” атты әдеби викторинамен аяқталды. Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің оқушылары өз білімдерінің тереңдігін көрсетті.

Жыл сайын өткізілетін шара өзінің оқырмандарға қажет екендігін, өміршеңдігін дәлелдеп келеді.

Ләззат ЕРҒОЖИНА,

қалалық №2 кітапхана меңгерушісі.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp