“Құлагер” өз алаңында көкшетаулық “Арлан” командасымен екі кездесу өткізді. Алғашқы кездесудің 25-ші минутында көкшетаулықтар сапынан Алексей Иванов көзге түсіп, есеп ашты. Бұдан соң да қонақтар екінші кезеңнің соңына дейін жерлестеріміздің қақпасына тағы бір шайба соғып, таблодағы есепті 0:2-ге жеткізді. Кейін жерлестеріміздің арасынан Анатолий Васильев матчтың 31-ші минутында есепті қысқартты. Ал ойынның 46-шы минутында тағы бір жерлесіміз Алексей Петушков нысананы дәл көздеп, есепті теңестірді. Кездесудің соңғы минуттарында жерлес спортшы қақпа алдында тәртіп бұзып, солтүстікқазақстандықтарға қарсы айып соққысы белгіленді. Оны орындаған арландық Дмитрий Потайчук командасын алға шығарды. Есеп – 2:3.
Ал қарымта кездесуде құлагерліктер белсенділік танытып, қарсылас команда қақпасына бірнеше қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. Дегенмен, таблодағы нәтиже кездесудің соңғы кезеңінде ғана өзгерді. Шайба авторы – жерлес шабуылшы Илья Ахметов. Көп кешікпей сан басымдығын ұтымды пайдаланған көкшетаулықтар Константин Савенковтың арқасында таразы басын теңестірді. Дегенмен, матчтың аяқталуына 7 минут қалғанда Илья Ахметовтен шайба қабылдаған Иван Иванов қызылжарлықтарға жеңіс әперді. Сөйтіп, қоржынында 8 ұпайы бар жерлес команда турнир кестесінде алтыншы орынға жайғасты.
Енді “Құлагер” қыркүйектің 26-27-сі күндері сырт алаңда “Алматы” командасымен кездеседі.