Биылғы жылы жүрек-қан тамырлары және онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім айтарлықтай төмендеген. Бұл жайында облыстық денсаулық сақтау басқармасы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін ұйымдастырған баспасөз конференциясында белгілі болды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Рашида Иванованың айтуынша, үстіміздегі жылдың он айының қорытындысы бойынша туу көрсеткіші мың адамға шаққанда 4,7 пайызға төмендеген. Соған қарамастан, халықтың табиғи өсімі 1,9 пайызға өскен. Ана өлімі тіркелмеген. Сәби өлімі де азайған. Қатерлі ісіктен болған өлім-жітім 6,7 пайызға төмендеп, сырқатқа шалдыққан науқастарды ерте кезде анықтау 3,2 пайызға өскен. Бұл обыр ауруынан емделген науқастар санының артқанын білдіреді. Ал жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдығып, көз жұмғандар 29,2 пайызға азайған. Жыл басынан бері облыстық кардиологиялық орталықта жүрекке 600-ден астам ота жасалған. Оның ішінде 230 ота ашық жүрекке істелді. Сонымен қатар, туберкулез ауруына шалдығып, одан көз жұмғандардың көрсеткіші әлдеқайда төмендеген.
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасының аясында денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жылдан-жылға өсуде. Ол 2014 жылы 21,3 миллиард теңгені құрады. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға облысымыздың барлық аудандық ауруханаларына реанимобильдер сатып алынды. Бұл автокөліктер озық медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Соның арқасында шалғай аудандардан ауыр науқастарды облыс орталығына дер кезінде жеткізу мүмкіндігі молайды.
“100 мектеп, 100 аурухана” мемлекеттік бағдарламасының аясында өңірімізде 2012 жылы төрт емхананың құрылысы басталған болатын. Биылғы жылы олардың бәрі халық игілігіне берілді. Есіл, Мағжан Жұмабаев, Аққайың және Шал ақын аудандарында 250 адамдық жаңа емханалар ашылды. Келер жылы бұл бағдарламаның шеңберінде ауылдық жерлерде 2 фельдшерлік-акушерлік пункт салынады деп күтілуде. Сонымен қатар, Петропавл қаласына бір ауысымда 500 адамға қызмет көрсететін жаңа емхана қажет екендігі де айтылды.
Жыл басынан бері облысымызға 157 дәрігер келіп, қызметке орналасқан. Оның 75-і – жас маман. 32 ақ халатты Петропавл қаласында еңбек етсе, қалғандары ауылды жерлерде халыққа қызмет көрсетіп жүр. Соған қарамастан, кадр тапшылығы мәселесі әлі де өзекті. Қазіргі таңда облысымызға 181 дәрігер қажет екен.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.