«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІР КЕШТЕ – 18 ЗАҢБҰЗУШЫЛЫҚ

Өңір полицейлері байкерлермен кездесу өткізіп, одан соң екі доңғалақты көлік жүргізушілері тарапынан жасалатын заңбұзушылықтарды анықтау мақсатында рейд жүргізді. «Северный ветер» мотоклубының және басқа да қауымдастықтардың 20-дан астам мүшесі қатысқан кездесуде мотоциклистердің тыныштық режімі мен жол қозғалысы ережелерін сақтау мәселелері көтерілді. Былтыр олар мен полицейлер арасында келісім жасалған болатын. Оған сәйкес шапшаң жүруді жақсы көретіндер Петропавлдың индустриалды аймағындағы адам аяғы аздау жолдарында кездеседі. Автопатрульдер қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етеді. Мотоклуб мүшелері мұндай шаралармен толықтай келісетіндіктерін және полицейлердің көмектеріне риза екендіктерін білдірді.

Полицейлер байкерлерді жолда жүру ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Өкінішке қарай, облыс орталығының көшелерінде мотоцикл клубтары мен ұйымдарының мүшесі болып табылмайтын жастар кездеседі. Олар кейде сән қуып, жүргізе алмаса да мотоцикл тізгіндеуге құмар. Байкерлермен кездесуден кейін өткізген рейд барысында тәртіп сақшылары осыған тағы бір мәрте көз жеткізді. Бір кештің ішінде қала көшелерінде аталған санаттағы көлікті басқаруға құқығы жоқ үш мотоцикл жүргізушісі тоқтатылды. Тағы екеуінің «темір тұлпары» тіркелмеген болып шықты. Сонымен қатар көліктерін заңсыз қайта жабдықтағаны үшін 6 жүргізуші ұсталды. Олардың екеуі бір жыл ішінде екі рет жауапқа тартылған.
Мәселен, былтыр өзінің «Subaru» көлігін мініп, Абай-Алтынсарин көшелерінің қиылысында зулағаны үшін айыппұл төлеген 30 жастағы петропавлдық жауапқа тартылғанын ұмытқан сияқты. Жүргізушіге қатысты «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодексің 590-бабы, яғни «Көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу» бойынша хаттама толтырылды. Ол енді 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуі мүмкін.
Рейд барысында жолда жүру ережелерін бұзудың 18 дерегі анықталды.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp